«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТЫН ТАПҚАН ЕҢБЕКТЕН

Жақында металл өңдейтін жабдықтарды жөндеумен айналысатын “Сафокл-север WM” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Гүлшат Шәкіровамен танысып, әңгімелескен едік. Ерлерше еңбек етіп жүрген әйел басшының өндірісті ұйымдастыруы, жаңашылдығы кімге де болсын үлгі етерліктей.

Алғаш кездескенімде бұл кәсіпті таңдауының себебін сұраған едім. Біздің қоғамда түрлі салаларды меңгерген кәсіпкер әйелдер баршылық. Бірақ ер-азаматтардың қолынан ғана келетін металл өңдеу жұмысын нәзік жанды Гүлшаттың таңдағаны әркімді-ақ қызықтырады. Жаны нәзік болса да, қайсар мінезді Гүлшат Шәкірованың ісі, әрине, көпке үлгі боларлықтай.  

Бір кездері Гүлшат Ғалымқызының отбасы да қиын күндерді бастан кешіріпті. Отағасы жұмыс таба алмай, біраз әуресарсаңға түскен. Осы уақытта жарына сүйеу болып, демеу көрсеткен Гүлшат 2007 жылы “Шакиров” жеке кәсіпкерлігін ашқан. Кейін бұл кәсіпорын 2009 жылы “Сафокл-север WM” серіктестігі болып құрылған. Бүгінде отағасын ғана емес, өзге де отбасылардың асыраушыларын жұмыспен қамтып отырған серіктестік басшысы келер күннің табысты боларына сенеді.

Кәсіпорында атқарылатын негізгі жұмыс – металл өңдейтін жабдықтарды жөндеуден өткізу. Бүгінде серіктестік “Орталық Волга станок жасау зауытымен” келісімшартқа отырған. Енді өңірде станок жасау қолға алынуы тиіс. Бүгінде өздеріне тиесілі цехтары бар. Қазір онда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Серіктестік бұдан басқа да бірнеше жаңа жобаны қолға алған. Яғни, жаңа жылдан бастап металл құрылғыларына арналған майлау-салқындату сұйығы шығарылады деп күтілуде. Сондай-ақ, 2016 жылдың қаңтар айының басында дезинфектант сұйықтығы шығарылмақ. Бұл зат ғимараттарды дезинфекциялап, түрлі аурулардан қорғауға мүмкіндік бермек. Ол ауру таратқыш бактерияларды жойып, туберкулез, бруцеллез, сібір жарасы сияқты аурулардың таяқшаларын өлтіреді. Тағы бір ғажабы, бұл сұйықтықтың ешқандай қауіптілігі жоқ. Тіпті, адам абайсызда ішіп қойған жағдайда да ештеңе болмайды. Бұл жоба біздің облыста бірнеше рет сәтті тәжірибеден өткен. Алдын ала оның бірнеше түрі шығарылған. Бұл сұйықтықты кез келген мекеме қажетіне жаратуы мүмкін. Балабақшалар мен ауруханалар, сүт өнімдерін өндірушілер аталмыш сұйықтықтың көмегімен ауру таратқыш бактериялардан сақтана алады. Хлор иісі бар бұл сұйықтық судың түсіне ұқсас. Оның құрамында белсендірілген су бар.

– Бұл жобаның авторы Ресей ғалымы – Николай Болотов. Қазіргі таңда біз онымен тығыз қарым-қатынастамыз. Жобаны іске асыру үшін көп күш жұмсаудамыз. Бүгінде алғашқы өнімдеріміз шықты. Тәжірибеде де сәтті қолданылуда. Жаңа жылдан бастап толыққанды іске кірісуді жоспарлап отырмыз. Кейін Николай Алексеевич Қазақстанға келіп, жұмыс істейтін болады, – дейді Гүлшат Ғалымқызы.

Бұл сұйықтықты жасау үшін олар шетелден арнайы құрылғыға тапсырыс берген. Қазіргі таңда кәсіпорында жеті адам жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ, Ресейден арнайы мамандар жұмысқа шақыртылмақ. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда техникалық жуғыш құралдар, унисол, дискалин, активод майлау-салқындату сұйығы сияқты заттар шығарылады.

Гүлшат Шәкірованың айтуынша, қазіргі таңда көптеген мекемелермен, кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатылуда. Мұнай-газ ұқсату жабдықтарын өндіру жөніндегі “Қазнефтегазмаш” АҚ сияқты ірі кәсіпорындар өндіріс ошағының тұрақты серіктестері болып саналады. Қазақстан Кеден одағына мүше елдердің қатарына кіргендіктен, серіктестік 2016 жылдан бастап халықаралық сертификаттаудан өтпек. Барлық құжаттар дайын болған соң өнімдерді Ресей еліне шығару жоспарлануда. Сондай-ақ, бүгінде Қытайдан да сұраныс көптеп түсуде.

Бұл сұйықтықтардың сапасы жоғары. Өнімдерді одан әрі сапалы етіп шығаруға болатынын Гүлшат Ғалымқызы баса айтып өтті. Оның сөзіне сенсек, біздің елімізде мамандар тапшы. Сондықтан Ресей ғалымдарына жүгінуге тура келеді. Серіктестік директоры оқу бітірген жас мамандардың көбісі зертханашы болып жұмысқа орналасқылары келмейтінін айтады.

Кез келген фрезерлік, токарьлық станоктарды жөндеумен айналысатын кәсіпорында кран құрылғыларын жөндейтін арнайы бригада да бар. Негізінен станоктарды жөндетуге зауыттар мен ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдері келеді. Қаныш Сәтбаев атындағы Ертiс-Қарағанды арнасынан да бірнеше рет шақырту түскен. Өйткені, Гүлшат Ғалымқызының айтуынша, Қазақстанда заң бойынша жұмыс істейтін металл өңдейтін жабдықтар жөндеу кәсіпорындары жоқтың қасы. Сондықтан олар – солтүстіктің ғана емес, еліміздің мақтанышы. Олар станоктарды жөндеумен қатар, кейбір бөлшек саймандарды да шығарумен айналысады. Жөндеуден өткізілетін құрылғыларға бір жыл көлемінде ғана кепілдік берілсе де, олар кемінде 5 жыл жұмыс істеуі тиіс екен. Өйткені, кәсіпорын үшін саннан гөрі, сапа маңызды. Серіктестікте слесарь болып жұмыс істейтін Андрей Зуев қазіргі таңда Бескөлдегі “Молсервис” ЖШС-де металл өңдеу жабдықтары жөндеуден өткізіліп жатқанын жеткізді. Осы орайда серіктестік мамандары екі-үш күннің ішінде станокты жинауды аяқтайтындарын айтып сендірді. Ал “Молсервистің” жөндеу-механика цехының басшысы Константин Рощупкин бұдан бұрын да “Сафокл-север WM” серіктестігінің көмегіне жүгінгендерін айтып, цехтағы станоктар қайта қалпына келтірілгенін тілге тиек етті.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp