«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕСІК ЖЫРЫНАН НЕГЕ БЕЗЕМІЗ?

“Әлди-әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем!

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін,

Көк ала иттің құйрығын

Жіпке тағып берейін”. Бұл ән халық арасында кең тараған. Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, қоғам, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің осы өлеңін бүгінде алдыңғы толқын – ағалар жақсы біледі десек, қателеспейміз. Өйткені, әжелеріміз бір кезде бөпелерін бесікке бөлеп, осындай тамаша әсем әндерімен аялап өсірген.

Бесік жырын балаға берілетін алғашқы тәрбие деуге болады. Нәресте үшін ана сүті қандай маңызды болса, бесік жыры да сондай құнды екені сөзсіз. Шақалақтың миындағы нейрондар даму үшін бесік жырынан артық дәрумен жоқ. Мұны әлем ғалымдары әлдеқашан дәлелдеген. Жүрекке жылылық ұялатар нәзік үнімен ән айтқанда жас келіншек сәбиіне ізгі тілегін арнайды.

Діни аңыздарға сүйенер болсақ, бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана екен. Бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп: “Алла, Алла, Алла”, – деп әдемі әуезге салып әндетеді. Сол кезде әуенге елтіген Хауаның бөбектері тынышталып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына да ұнап қалады. Ол періштелерден өзіне осы әнді үйретуді өтінеді. Періштелер Хауаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті. Кейін Хауа ана өзінің барлық балаларын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады. Осы әуез дами келе бесік жырына айналған екен. Бұл, әрине, аңыз ғана. Бірақ қалай болғанда да бесік жыры тәрбиенің іргетасы екенін жоққа шығаруға болмайды.

Бүгінгі тынымсыз тірлікте талай ұрпақ тәрбиеленіп өскен киелі бесікті былай қойғанда, әжелеріміздің әдемі әніне айналған бесік жырының өзін де ұмыттық. Өкінішті-ақ. Қазір қазақ келіндері бөпелерін көбіне “баю, баюшки, баю, не ложися на краю…” деген басқалардың бесік жырымен тербетеді. Оның орнына:

“Әй-әй бөпем, әй бөпем,

Ән айтайын, бал бөпем.

Ән тыңдағың келсе егер

Және айтайын, жан көкем…” немесе:

“Бөпем менің қалғыды,

Тербетті оны ән-жыры.

Бота, қозы, құлыншақ –

Ұйықтап қалды барлығы” дегендей, тамаша әндермен тербетсек, жарасып тұрмай ма?!

Біз осы қазақтың бесік жырын қайда, қашан жоғалтып алдық? Әрине, бесіктің өзі болмаған соң бесік жыры да жоғалады. Өйткені, бұл екеуі – егіз ұғым.

– Біздің ата-бабаларымыз әлемге мәдениет пен руханилықтың қуаттандырушы үлгі­лерін көр­сетті. Біздер олардың істерін жалғастыруымыз керек! Қазіргі заманғы қазақтар, ата-баба дәстүрін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалт­қысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс, – деген болатын Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясында. Олай болса, салт-дәстүріміздің бір бөлігіндей жалғасын тауып келе жатқан бесіктен, бесік жырынан неге сонша бойымызды алшақ ұстағымыз келеді?

Өзгенің қаңсығына қызығып жүріп, өз асылымыздың қадірін түсінбейтін кейбір азаматтар медицина мамандарының “бесікке бөлегенде сәбидің денесі демалмайды, қан айналысы дұрыс болмайды” деген тұжырымдарына ден қойып, одан сайын отқа май құйып жүр. Осындай алып-қашпа сөздерге сенген жас келіндер бесіктен безіп, бесік жырын ұмытып, “баю, баюшкиге” біржола көшіп алуға жақынбыз. Осындай қарқынмен жүре берсек, ғасырлар бойы әр қазақтың төрінен табылған бесік пен бесік жырлары өткеннің сарқыншағындай ұмытылып, күндердің бір күнінде оларды да мұражай сөрелерінен көрсеңіз, таңғалмаңыз, ағайын!

“Оттан да, оқтан да қорықпаған Бауыржан едім. Кейінгі кезде қорқынышым көбейіп барады. Балаларға бесік жырын айтатын келіндерімнің азайып бара жатқанынан қорқам, екінші, немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азайып бара жатқанынан қорқам. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспегеннің көкірегі көр бола ма деп қорқам. Ал көрдің қолына балта берсең, шаба салады, бақыр берсең, ала салады, найза берсең, сұға салады, намыстанбай бұға салады. Мен табиғатынан, тағдырынан болған соқырлықты айтып отырғам жоқ, тауып алған соқырлықты айтам. Егер ондай соқырлықтан жазылмасақ, халық болудан қаламыз ба деп қорқамын!”– депті кезінде Халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлы.

Жетік стратег, асқан тактик, сұңғыла психолог болған Бауыржан Момышұлының бар қазаққа ой салар маңызды сөздеріне, сірә, біздің алып-қосарымыз жоқ шығар.

Құттықыз ҚҰСЕНОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp