«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗ ТЕАТРҒА НЕГЕ БАРМАЙМЫЗ?

Жазғы демалыс басталысымен Алматы қаласына жол тарттық. “Оң­түстік астана” деген атауға ие бол­ған бұл қаланың әсемдігін сөз­бен айтып жеткізу мүмкін болмас, сірә. Мұндағы мәдени орындардың жөні бөлек. Солардың бірі – Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемле­кеттік академиялық драма театры. Біз Шекспир­дің әйгілі трагедияларының бірі, жазушы Әбіш Кекілбаев аударған “Ромео мен Джульетта” спек­таклін тама­шаладық.

Жауыздық­пен, өшпен­ділікпен қатар махаббат­қа, қайғы-мұңға толы туынды кө­рер­мендерге ой салғаны анық. Ре­жиссерлер мен әртістердің зор ең­бегі олардың сахналық образды сәт­ті сомдаған­дарынан көрінді. Бірақ осы еңбекті, өнерді бағалайтын халықтың азайып бара жатқаны кө­ңілге қаяу түсірмей қоймады. Атал­мыш спек­такльдің жұма күні әрі кеш­кі уа­қытта қойылғанына қарамас­тан, залдың жартысының бос бол­ға­ны өкінішті-ақ. Бұл – бір. Екіншіден, көрерменнің тарапынан көрсетілген мәдениетсіздік. Атап айтқан­да, кешігіп келгендер, театр мәде­ниетіне сай киінбегендер, тіпті, ерсі қылық көрсеткен көрермендер аз болмады.
Ойлап қарасақ, мемлекеттің да­муы сол елдің азаматтарына байланысты. Мәдениет театрмен шек­теліп қалмаса да, бұл бекзат өнерге деген құрмет оның бір бөл­шегі болып табылатынын мойындау қа­жет. Мектеп оқушылары мә­дениет ордаларына көп жағдайда өз қа­лаулары бойынша емес, ұстаз не­месе мектеп әкімшілігі күштеп апар­ғандықтан барады. Үлкендер де жастарға үлгі болудың орнына, түрлі сылтау іздейді. Кейбіреулері, тіпті, қойылым барысында жалы­ғып кетемін, шыдай алмаймын деп те жатады. Көрерменге толмаған залды көрген, шын көңілден соғыл­ған қошеметті ести алмаған әртістердің қалай жабырқайтынын ба­ғамдай беріңіз.
Театр – көрерменді жақсылық­қа, өмірдің мәнін ұғынуға шақы­ра­тын орын. Бұл орайда сахнагер­лер­дің де кәсіби білігіне мін таға ал­маймыз. Адамның жүрегіне мейі­рім, ізгілік сияқты қасиеттерді ұя­ла­татын театрларда біз сияқты жас жет­кіншектер жиі төбе көр­сет­се, нұр үстіне нұр болар еді.

Адия ЕРКІН,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға

мамандандырылған гимназия-интернаттың
8-сынып оқушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp