Жазғы демалыс басталысымен Алматы қаласына жол тарттық. “Оңтүстік астана” деген атауға ие болған бұл қаланың әсемдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін болмас, сірә. Мұндағы мәдени орындардың жөні бөлек. Солардың бірі – Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Біз Шекспирдің әйгілі трагедияларының бірі, жазушы Әбіш Кекілбаев аударған “Ромео мен Джульетта” спектаклін тамашаладық.
Жауыздықпен, өшпенділікпен қатар махаббатқа, қайғы-мұңға толы туынды көрермендерге ой салғаны анық. Режиссерлер мен әртістердің зор еңбегі олардың сахналық образды сәтті сомдағандарынан көрінді. Бірақ осы еңбекті, өнерді бағалайтын халықтың азайып бара жатқаны көңілге қаяу түсірмей қоймады. Аталмыш спектакльдің жұма күні әрі кешкі уақытта қойылғанына қарамастан, залдың жартысының бос болғаны өкінішті-ақ. Бұл – бір. Екіншіден, көрерменнің тарапынан көрсетілген мәдениетсіздік. Атап айтқанда, кешігіп келгендер, театр мәдениетіне сай киінбегендер, тіпті, ерсі қылық көрсеткен көрермендер аз болмады.
Ойлап қарасақ, мемлекеттің дамуы сол елдің азаматтарына байланысты. Мәдениет театрмен шектеліп қалмаса да, бұл бекзат өнерге деген құрмет оның бір бөлшегі болып табылатынын мойындау қажет. Мектеп оқушылары мәдениет ордаларына көп жағдайда өз қалаулары бойынша емес, ұстаз немесе мектеп әкімшілігі күштеп апарғандықтан барады. Үлкендер де жастарға үлгі болудың орнына, түрлі сылтау іздейді. Кейбіреулері, тіпті, қойылым барысында жалығып кетемін, шыдай алмаймын деп те жатады. Көрерменге толмаған залды көрген, шын көңілден соғылған қошеметті ести алмаған әртістердің қалай жабырқайтынын бағамдай беріңіз.
Театр – көрерменді жақсылыққа, өмірдің мәнін ұғынуға шақыратын орын. Бұл орайда сахнагерлердің де кәсіби білігіне мін таға алмаймыз. Адамның жүрегіне мейірім, ізгілік сияқты қасиеттерді ұялататын театрларда біз сияқты жас жеткіншектер жиі төбе көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Адия ЕРКІН,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға
мамандандырылған гимназия-интернаттың
8-сынып оқушысы.