«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМДІГЕ ДҮНИЕ ЖАРЫҚ…

“Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні қараң” деген сөз бекер айтылмаса керек. Қай заманда да елдің мықты тірегі, алға бастар құдірет күші білікті де білімді жас мамандар болғаны белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміз тәуелсіздік туын тіккен күннен бастап талапты жастардың білім алып, келешекте зор табысқа жетуіне үлкен мүмкіндік жасап жатыр. Соның ішінде “Болашақ” халықаралық стипендиясының маңызы айрықша. Кемел келешекке біліммен ұмтылған жастарға “Болашақ” бағдарламасы бойынша АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Австралия, Австрия, Венгрия, Дания, Испания, тағы басқа бірқатар елдерде оқуға мүмкіндік бар.

Гүлмира Шоқтыбаева бүгінде Ұлыбританияның Кардифф университетінің магистранты. Осыдан бірнеше жыл бұрын “Болашақ” бағдарламасы арқылы шетелде оқимын деп армандамаған да болатын. Алайда, аз ғана уақыттың ішінде еңбектеніп, алға қойған мақсатына жете білуінің арқасында білімін шетелдің үздік оқу орындарының бірінде жалғастыруда. Ол 2003 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. 1-курстан соң муниципалдық телеарна редакторларының назарына ілігіп, жұмысқа қабылданады. Оқу мен қызметті қоса алып жүре білген ол 2007 жылы қорғаған дипломдық жұмысын да телеарна тақырыбымен байланыстыруды жөн санапты. Университетті қызыл дипломмен тамамдаған жас маман 10 жылдан астам уақытын телеарнаға арнап, түрлі қызметтер атқарды.

“Болашақ” бағдарламасы туралы естіген-білгені көп болса да, Гүлмира соңғы уақытта ғана бағын сынап көрмек болған көрінеді.

– Университетті он төрт адам тамамдадық. Рауан есімді топтасымның бағы жанып, “Болашақ” бағдарламасы бойынша Ұлыбритания университетінің магистратурасына оқуға түсті. Университет қабырғасында оқып жүргендегі ұмтылысымды ұмытпаса керек, бағымды сынап көруге ұсыныс жасады. Жақсылап дайындалып, мықтап кіріссем, шетелде оқуға, стипендия алуға мүмкіндігім бар екендігін айтты, – деп есіне алды Гүлмира.

2014 жылы құжаттарын тиісті орындарға тапсырып, бірнеше кезеңнен тұратын сынақтан сүрінбей өтіп, “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде білім алуға стипендияға ие болады. Кейін 1 жыл шетелде тіл үйренетін курстан өткен ол 2016 жылы Ұлыбританияның Кардифф университетінің магистранты атанды.

– Бағдарлама бойынша грант ұтып алу үшін орындаған тапсырмаларымыз маңызды, күрделі болғаны рас. Алайда, түстім екен деп арқаны кеңге салуға болмайтынын, мені алда әлі талай күрделі сынақтар күтіп тұрғанын жақсы түсіндім. Жалпы алғанда, шетел университетінің еліміздің жоғары оқу орындарына көрсетер үлгісі мол. Оқу-білім іздеген кез келген студентке көп көмегін тигізетін кітапхананы мысалға келтірсек болады. Әсіресе, дипломдық жұмыс жазар кезде қолымызға оқулық түспей қиналып жатамыз. Біздің университетте ондай жағдайлар болмас үшін арнайы жүйе қалыптасқан. Яғни, кітап қашан босайтынын білмей, сарылып күтіп жүрмей, жақын арада кітапханаға қайтарылатын кітапқа алдын ала тапсырыс беріп қоясың. Сол арқылы қажетті оқулыққа қолымыз жетіп, мәлімет ала аламыз, – дейді Гүлмира.

Ол ағылшын тілін меңгеріп, даярланса да, алғашқы кездері қиындықтар болғанын айтты. Себебі, біздің елде көбінесе тілді оқулық бойынша оқып, жазылуы мен айтылуына аса мән бермейтін көрінеді. Ұлыбританиялық студенттердің айтуы бойынша, жаттаған идиомалардың көбі қазіргі таңда сөйлеу тілінде қолданылмайды. Ауызекі және жазба тілдерінде де айтарлықтай өзгешеліктер байқалады. Гүлмира өз тәжірибесіне сүйене отырып, келешекте шетелде оқуды армандайтын жастарға тілді жан-жақты меңгеруді ұсынатынын жеткізді.

Гүлмира СҚМУ-да журналистика мамандығын меңгерсе, магистратурада журналистика мектебіндегі менеджмент және халықаралық коммуникация саласы бойынша білім алуда. Ол оқитын топта әлемнің 20-дан астам елінен жиналған 72 студент білім алуда екен. Оның айтуынша, шамамен 60 пайызы – Қытайдан, 30 пайызы – Еуропа елдерінен келген, Филиппин, Сауд Арабиясы, Америка Құрама Штаттарының жастары да бар, Қазақстаннан – 3 қыз. Жалпы Кардиффте Қазақстаннан шамамен 40 студент оқиды. Олардың арасында журналистика мамандығы бойынша республикалық газет, телеарналарда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған мамандар да кездесетін көрінеді. “Нысана” бағдарламасының жүргізушісі ретінде елімізге танылған Бақыт Шойымбек, “Астана ақшамы” газетінің тілшісі Әділбек Жапақты атап өтсек болады. Гүлмира болашақтағы мамандығын пиармен байланыстырған екен. Бұл салада оларға “Nike” спорт брендтерімен, Дэвид Бекхэм секілді танымал тұлғалармен жұмыс жасап, жеке пиар қызметкері болған тәжірибелі педагогтер сабақ береді. Банкте, кәсіпорындарда немесе келген жұмыс орнында қолайсыздық тудырған жағдайлардан шығу жолы мен түрлі тәсілдерін үйретеді. Жас маман оқуын тамамдап, Қазақстанға қайтып оралған соң алған білімін тәжірибеде пайдаланып, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына жаңа серпін, тың идея қосуды көздейді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp