Жыл сайын, он екі ай тарих еншісіне айналар тұста Елбасымыз халқымызға жаңа Жолдауын жариялайтынына көзіміз үйренді. Биыл да келер жылдың басты құжаты жарияланатын күн алдын ала белгілі болып, 30-шы қарашада барша халқымыз көгілдір экранға көз салғаны түсінікті. Осы қатарда мен де болып, Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тұрғындарымен кеңесіп айтқан салмақты да сындарлы сөздеріне ұйып отырдым.
Елбасымыз айтқандай, әлемде бүгінде қалыптасқан ахуал күрделі. Осы орайда Елбасымыздың: “Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар”, – деп болашаққа сенімін көкейімізге қондырғаны мені де қанаттандырады.
Осы айтылғандай, 2007-2009 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысынан өткенімізді еске салу артық болмас еді. Өйткені, дағдарыс қаншалықты қыспаққа алса да, қамданғанның қапы қалмайтынын білеміз. Биылғы Жолдауда да Президент жаһандық қиындықтарды айта отырып, оларға қарсы тұрудың амалдарын бас-басына тоқталып жіктеді. Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын саралап, санамызға сіңірді. Мен, мәдениет саласының қызметкері болғандықтан, Елбасымыз ұсынған осы бағдарлардың ішінде соңғысына – жаңа әлеуметтік саясат бағытына айрықша зер салдым.
Елбасымыз 2016 жылдың басынан денсаулық сақтау және білім беру салалары қызметкерлерінің еңбекақысының орташа алғанда, тиісінше, 28 және 29 пайызға артатынын жариялады, сонымен бірге барлық әлеуметтік әлсіз қорғалған жіктерге сөз арнап, мұқтаждарға, мүгедектерге көмек қолы созылатынын тиянақты жеткізді.
Менің осы Жолдауды оқи отырып түйген ойым – әр адам, елдің азаматы өзінің Отанының қандай да бір қиындықтарға төтеп бере алатындай күш-қуат пен пәрмен иеленуіне жеке басының қолынан келетін жігері мен қайратын жұмсауы керек. “Мен мемлекеттен не аламын?” емес, “Мен мемлекетке не беремін?” – деген қағиданы басшылыққа алуды басты міндет санауға үйренуге тиіспіз.
Бұл орайда біз, мәдениет қызметкерлері, тұрғындарға рухани тәрбие беру арқылы азаматтардың Отанға сүйіспеншілігін, Елбасымызға құрметін қалыптастыра аламыз. Өнер, жалпы мәдениет адамның өне бойына дарып, оның рухани ұмтылысын күшейтіп, сана-сезімін нығайтады. Осы ретте біздің облыстық бейнелеу өнері мұражайымызда Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік күндеріне арнап ұйымдастырған фотокөрмеміздің әсерлі болғанын айтар едім.
Өңірімізде, республикамызда болып жатқан игілікті істер суреттер арқылы нақты өмірді бейнелейді. Мысалы, “Елбасы” аталған көрмеде 40-қа жуық фотосуреттер ұсынылды. Оларда Елбасымыздың Қазақстанды қайткен күнде де әлемнің беделді де тұрмысы берекелі мемлекеттерінің қатарына қосу мұраты баяндалған. Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жылдарда облысымызға жасаған іссапарларының сәттері көрініс тапты. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы Елбасымыз қатысқан әлемдік саяси-экономикалық саммиттердің, кездесулердің суретпен бейнеленген сәттері қамтылды.
Бұл фотосуреттердің көрмесін мектеп оқушылары, колледждер мен университет студенттері, қала тұрғындары және қонақтар тамашалады. Олардың алған әсерлері бізге жаңа серпін беріп, шабыттандыра түсті.
Сөз соңында айтарым – Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске баршамыздың жұмылуымыз азаматтық парызымыз. Білек бірлессе, жолда жүк қалмайды.
Аян САДАЕВ,
облыстық бейнелеу өнері
мұражайының директоры.