«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ӘУЛЕТТЕН АТТАНҒАН БЕС БОЗДАҚ

Жеңістің 80 жылдығы – ерен ерлеріміздің ержүректілігін, батырлығын барша әлемге паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Қан майданға атамның шаңырағынан өрімдей бес боздақ аттанған екен: әкемнің үш ағасы– Әмен, Қазез, Мәжен, әкем Серғали және Дүйсен атамыздың жалғыз ұлы Сапар. Әмен мен Қазез аталарымызға топырақ жат жерден бұйырды.

Әкем Серғали Кәкімжанұлы 1943 жылғы қараша айында армия қатарына шақырылып, Алматы қаласындағы 89- шы зенитші-атқыштар полкында алғашқы дайындықтан өткен. 1944 жылы 3-ші Беларусь майданы 250-ші атқыштар дивизиясы құрамында Кенигсберг- Пруссияны азат етуге қатысқан. Жеңісті Каде қаласында қарсы алып, 1951 жылы ғана елге оралған. Петропавл мұғалімдер институтын 1953 жылы бітіріп, 1987 жылға дейін тарих, орыс тілі пәндерінен сабақ берді, мектеп директоры болды. Анам Шәмар Қуандыққызы да 40 жылдан астам мұғалімдіктен қол үзбеді.

Біздің бақытты болашағымыз үшін жаумен аямай шайқасқан Мәжен атамыз Преснов аудандық әскери комиссариатынан шақыру қағаз келгенде әлі 18 жасқа толмаған бозбала-тұғын. Бердск қаласында әскери дайындық курсынан өткеннен кейін бірден соғысқа жіберілген. Оңтүстік-Батыс майданы 180-ші атқыштар полкі құрамында Донецк, Запорожье қалаларын жаудан азат еткен. 1944 жылы ауыр жараланып, әскер қатарынан босатылған. Қорған педагогикалық институтын бітіріп, 40 жылдан астам Пресновка орта мектебінде математика және физика пәндерінен сабақ берген. Ешқашан дауыс көтеріп, қатты сөйлемейтін, мінезі біртоға еді. Тазалықты ұнататын.

Прокуратура органдарының ардагері, облыстың құрметті азаматы Сапар Дүйсенұлы жайлы әңгіме бөлек. Атамыз әскерге 1942 жылы тамыз айында шақырылып, Ленин атындағы №1-ші гвардиялық атқыштар корпусының құрамында соғысқа қатысқан. 1943 жылғы тамызда Запорожье даласында болған қанды қасапта снаряд жарықшағы сол қолының үш саусағын жұлып әкетіп, бұғанасын сындырған. Қалың топырақтың астында ес-түссіз жатқан жерінен санитарлар тауып алып, далалық госпитальға жеткізген.

Тауағаш ауылы мектебінің қабырғасында соғыстан аман-есен оралған Ұлы Отан соғысының ардагерлері Кенжебай Қазбеков, Зейнелғабиден Рахметов және әкем Серғали Сибанбаевқа арнап мрамордан мемориалдық тақтайша орнатылғаны –көңілге үлкен медеу. Кенжебай ағай мен Жамал тәте бастауыш сыныптың мұғалімдері болды. Зейнелғабиден ағайымыз ағылшын тілінен сабақ берді. Ол кісі 1957 жылы Алматы қаласында шет тілдер институтында оқып жүргенде Мәскеу қаласында өткен студенттердің дүниежүзілік VI фестиваліне қатысқан. Кез келген музыкалық аспапта шебер ойнайтын.

Біздің отбасылық альбомда үш солдаттың 1946 жылы бірге түскен жалғыз ғана фотосы сақталған. Ортада – менің әкем.

Гүлмайра КЕНЖЕБОЛАТОВА,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp