Петропавл қаласындағы “Даму” қоры филиалының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында жастар кәсіпкерлігін қолдауға арналған бағдарлама аясында старт-ап жобаларының бизнес-идеялар марафоны өтті. Оған өз ісін жаңа бастаған және ықтимал 23 кәсіпкер қатысты.
Әр кәсіпкер оқыту бағдарламасына өз бизнес-идеясымен келді. Марафон аясында өткен тренингте болашақ кәсіпкерлер бизнес-үлгі әзірлеуге үйренді, нарықты зерттеу дағдысымен және бизнес-жоспар жасау негіздерімен танысты. Оқудың бірінші кезеңінің аяқталуына байланысты бағдарламаға қатысушылар өз жобаларын қазылар талқысына ұсынды. Жобалар ет дүкенін ұйымдастырудан бастап, ІТ жобаларға (сайттар мен ұтқыр қосымшалар) дейінгі қызмет салаларының кең ауқымын қамтыды.
Талқылау нәтижесі бойынша 10 қатысушы екінші кезеңге “жолдама” алды. Олар алдағы уақытта “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысатын облыстың тәжірибелі кәсіпкер-тәлімгерлерімен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Сол сияқты, оқыту бағдарламасының екінші кезеңінде “Даму” қоры филиалындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы консультанттарының қолдауымен өз жобаларын толығымен жетілдіріп, бизнес-жоспарлар әзірледі.
Қазылар алқасы “Бизнес-идеялар марафоны” байқауының соңғы кезеңіне қатысқан 10 кәсіпкердің 3-еуінің жобасын барынша толысқан деп таныды.
Маржан Аманжолова “Таза тамақтануды ұйымдастыру және жеткізіп беру” жобасын жүзеге асыру барысында өз бизнесін іске қосып, облыс орталығындағы қонақүй компанияларының бірін дайын “таза” тағаммен қамтамасыз ете бастады. Бұл жоба жеңімпаз деп танылып, Маржан Аманжолова старт-апты қолдау бағдарламасының дипломымен марапатталды.
“3D техникасын пайдалану арқылы тұсқағаздар өндіру” жобасы екінші орын алды. Аталмыш старт-ап жобаларының авторлары, жеке кәсіпкерлер Әсемгүл Кәкпенова, Алеся Сүлейменова және Анара Ахманова қазіргі уақытта баспахана саласында нәтижелі жұмыс істеуде.
“Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында киіз үй жасау” жобасы да қазылар алқасының назарын ерекше аударды. Осы жобаның авторы Алексей Маслов мүмкіндігі шектеулі жан болса да, өз идеясын іске асыру үшін белсенді және жемісті еңбек ете алатындығын танытты. Алексей ағаш өңдеу, киіз басу және киіз үйді құрастыру технологияларын зерттеп, толығымен игерген, сонымен бірге жүннен басылған кәдесыйлар жасауды да меңгере бастаған.
Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қоры филиалының менеджері.