«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИҚАН АСУЫ

Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздіктің байрағы көк аспанымызда желбірегелі биыл 25 жыл. Осы ширек ғасырда Қазақ елі биік белестерді бағындырып, үлкен асулардан асты. Әлемге танылды. Осыдан жиырма бес жыл бұрын мемлекет өтпелі кезеңге аяқ басып, екі түрлі қоғамдық жүйенің жол айрығында тұрған кезде, ел еңсесін көтеріп алу оңай көрінбеген еді. Бүгінде жаңа Қазақстанды қалыптастырудың алғашқы жылдары тарих қойнауына кетсе де, сол кездегі еңсерілген қиындықтар қазақстандықтардың жадында.

Сол жылдардың қиындығын Еркін Сәдуақасов та ұмыта қойған жоқ.

– Сол кезде Қазақ КСР-нің халық депутаты болып біздің облыстан 12 адам сайланды. Олардың қатарында Геннадий Зенченко, Сайлау Өтеев, Мәркен Ахметбеков сынды өңірімізге танымал адамдар болды. Мен мәжіліс залында академик Манаш Қозыбаевтың қасында отыратынмын. 1991 жылы еліміз егемендік алып, құрылымдық өзгерістер болатынын білген соң кеңестік дәуірде сайланған депутаттар кетуге жинала бастадық. Алайда, Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсанның 21-22-сі күндері шұғыл жиналыс өткізіп, 360 депутатқа тарқамауды, жұмысты әрі қарай жалғастыра беруді тапсырды. Тәуелсіздік таңынан кейін екі жыл еліміздің заңнамалық жүйесінде бірқатар жұмыстардың басын қайырдық. Депутат мандатын біз 1993 жылдың 25 желтоқсанында тапсырдық. Сондағы халық қалаулылары академиктер мен қоғам қайраткерлері, елге танымал тұлғалар, соғыс және еңбек ардагерлері болатын. Осылайша, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы депутаттарының қатарында болып, егеменді еліміздің заңнамалық құжаттарын қабылдауға қолтаңба қалдырғанымды мақтан тұтамын, – дейді Еркін Асқарұлы.

Еркін Асқарұлының есімі айтылса, оның диқандық қызметі қатар естіледі. Ол депутаттыққа да осы қызметтегі абыройымен сайланған. Жұмысқа белсенді, жауапкершілігі мол еңбеккерге жоғары лауазымды қызметтер аз ұсынылған жоқ, бірақ, өз орнын, өз ортасын тапқан диқан Шал ақын ауданындағы Новопокровка ауылынан алысқа ұзамады. Ол ВЛКСМ-нің 50 жылдығы атындағы кеңшарда 35 жыл еңбек еткен. 1992 жылы Еркін Асқарұлының бригадасы әр гектардан 35 центнерден өнім жинап, үздіктер қатарынан көрінген. Егін орағын тиянақтаған соң кезекті сессияға барған халық қалаулысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа солтүстікқазақстандықтардың атынан нан мен тұз ұсынған. Оның ауыл шаруашылығы саласындағы адал еңбегі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі тарих парақтарында алтын әріптермен жазылып қалды.

Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры жанынан 1990 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың майдангерлеріне ескерткіш ашылып, ондағы Мәңгілік алауға бірінші болып гүл шоғын қойған Еркін Асқарұлы екендігін бүгінгі жас ұрпақ біле қоймас. Еңбек озатына сондай да құрмет көрсетілген.

– Облыс басшылығының бұл шешімі мен үшін үлкен мәртебе болды. Киров атындағы зауыттың жұмысшысы екеуіміз салтанатты түрді ескерткішке бірінші болып гүл шоғын қойдық. Алдыңғы буынға, елі, жері үшін қаны мен терін төккендерге құрмет көрсету – мен үшін үлкен парыз. Сондықтан ол күндердің өшпес даңқы менің жүрегімде мәңгілік сақталады, – дейді өткен күндерді тебірене еске алған Еркін Сәдуақасов.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp