Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы Декларациясының қабылдануына байланысты Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимовқа жолығып, ой-пікірлерін білген едік.
– Наиль Камилұлы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Декларациясына орай Қазақстан халқы Ассамблеясы да үндеу жариялап, қазақстандықтарды егемендікті сақтау мен нығайтуға, “Мәңгілік Ел” құндылықтарын ардақтауға шақырды. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Биыл республика тұрғындары баршамыз үшін аса қастерлі де қасиетті мереке саналатын егемендігіміздің ширек ғасырлық мерей-тойын кең көлемде атап өтетін болады. Қазір “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты бүкілхалықтық акция аясында жер-жерлерде жүргізіліп жатқан шаралар барысында ұрпаққа дербес мемлекеттілігіміздің, ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиетін ұғындыру, ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламалардың, “Мәңгілік Ел” идеясының мәнін ашу сияқты келелі міндеттер тұр. Жүріп өткен жолымызды, қол жеткен табыстарымызды салыстыру, таразылау арқылы ғана ел ертеңін одан әрі еселей түсетін нақты іс-қимыл жоспарын құра аларымыз анық. Осы тұрғыдан ой сабақтайтын болсақ, ширек ғасырда бағындырған белестеріміз жарқын жеңістерге толы. Декларацияда жазылғандай, осы жылдар бедерінде Қазақстан экономикасы қарқынды дамып, саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикалық, саяси, әлеуметтік салаларда аса ірі өзгерістердің жүзеге асқанына бәріміз де куәміз. Декларацияға орай жарияланған Ассамблея үндеуінде де өткен 25 жылымызға халқымыздың аса қымбат құндылығына айналған Тәуелсіздіктің Ұлы жолы, Қазақстанның әрбір азаматының қосқан үлесі және ерен еңбегі деген баға берілді. Бұл – талассыз шындық. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген қазақстандық үлгінің арқасында халықаралық аренаға кеңінен танылу мүмкіндігіне ие болдық.
– Еліміздің қуаттылығын айғақтайтын іс-қимыл жоспарлары облыс өмірінен қаншалықты көрініс тауып отыр?
– Былтыр Петропавл қаласында 3 миллиард теңгенің кешенді Спорт сарайы тұрғызылды. Жерлестеріміз оның салынуын ондаған жылдар бойы армандап еді. Кеңес кезінде өңі түгіл түстеріне де енбейтін. Немесе 720 орынға лайықталған Назарбаев Зияткерлік мектебін алайық. Соңғы жылдары тұрғызылып, қалашыққа айналған “Береке” ықшамауданының сәнін келтіріп тұр. Демек, “Қазақстан – 2050” Стратегиясы, “Нұрлы Жол” жаңа экономикалық саясаты, “100 нақты қадам” Ұлт жоспары облыс тұрғындарын да рухтандырып, іргелі істерге жетелеп келе жатыр деген сөз. Елбасы алдымызға ең жоғары әлемдік көрсеткіштерге жету, дамыған 30 елдің қатарына ену талабын қойып отырғандықтан, өңірлер де ел экономикасын жеделдетудің қуатты күші саналатыны түсінікті. Солтүстікқазақстандықтардың арасында “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Агробизнес – 2020”, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламаларына қатысу арқылы игілігін көріп жатқандар аз емес. Еңбек адамының мүддесі бірінші кезекте ескеріліп, мемлекет тарапынан жеңілдікті қолдауларға ие болуы бұрын-соңды болмаған үрдіс. Бүгінде адамға ең керегі – бақуатты тұрмыс, тыныш өмір, келешегіне деген нық сенім. Тәуелсіздік бәріміздің бойымызға бейбіт мақсатқа бірігу, топтасу, бір кісідей жұмылу сезімін оятып, қалыптастырды. Этносаралық, конфессияаралық қарама-қайшылықтардан көз ашпай отырған елдерді көргенде Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамашылдығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының Тәуелсіздікке қалтқысыз қызмет ету жолындағы зор беделін еске алмай болмайды.
– Декларацияда “Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар айрықша институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды” деген сөздер бар.
– Иә, Ассамблея – Тәуелсіздігіміздің төл перзенті. Бүгінде бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісі ретінде танылып, беделді құрылымға айналды. Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы жарияланып, атқарылған қай шараны алсақ та, қоғам тұрақтылығын, достықты, бірлікті діттеді. Осыдан жиырма жыл бұрын этномәдени орталықтар жетеу ғана болатын. Қазір Достық үйінде – 13, аудандарда 106 құрылым жұмыс істейді. Жүздеген адам “Ассамблея” корпоративтік қорына, “Бірлік” жастар ұйымына, ғылыми-сараптамалық топтарға тартылып, ассамблеяның саяси және азаматтық институт ретіндегі рөлін жандандыруға белсене атсалысып келеді. Оқу орындарында бейбітшілік және келісім кафедралары мен орталықтарының бой көтеруі тың бастамалардың өріс алуына серпін берді. Петропавлдағы ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде қазақ емес ұлттардың балалары ана тілдерінде білім алады. Егемендік десе, осылардың бәрі ойға оралады.
– Декларацияның тағы бір маңыздылығы – “Мәңгілік Ел” құндылықтары Тәуелсіздік жетістіктерін, Қазақстан халқының мүдделер ортақтастығы мен тарихи тағдырын көрнекі бейнелеп берді деген бағалаумен айқындалатын сияқты.
– Дұрыс айтасыз, Елбасының басты бастамалары көп жылға алдын ала есептелген басым стратегиялық жоспарлар болғандықтан, оның қуатты механизмдері болашақ біртұтас ұлт үшін қызмет етуге ойластырылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы саяси құрылым алдына бірнеше міндеттер жүктеген болатын. Олардың ішінен бүкілқазақстандық біртектілік, ортақ рухани-адамгершілік құндылықтар, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, азаматтық, еңбексүйгіштік мәселелерін бөле-жара айтар едім.
“Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады” деп текке айтылмаса керек. Тәуелсіздік – бағымыз да, бақытымыз да! Осы жерде Елбасының “Тәуелсіздікке жеткеннен гөрі оны ұстап тұру қиын” деген сөздерін келтіре кеткенді жөн көрдім. Ең асыл құндылықтарымыздың бірі – бірлігімізді сақтай білсек, алар асуларымыз да, жетер жетістіктеріміз де еселене түспек. Кез келген елдің қуаты – оның халқының бірлігінде екенін этносаралық келісім тәжірибесінен жақсы білеміз. Ең бастысы, еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап, нарықты экономикасы бар қуатты егемен мемлекет құрғанымызды мақтаныш етейік!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан,
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.