«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРСІ ҚЫЛЫҚ — ЕРЛІК ЕМЕС

Кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың ұзын құрығынан құтылып, тәуелсіз мемлекет атанғанымызға да ширек ғасырдан асып барады. Осы азғана уақыттың ішінде еліміз айдай әлемге танылды, бірлігі бекем, тірлігі берекелі мемлекетке айналды. Әйтсе де, әлі кемшін түсіп жатқан жерлеріміз аз емес. Соның бір көрінісі көздеген мақсаты біздің табиғи бітім-болмысымызбен, ұлттық құндылықтарымызбен мүлдем қабыспайтын Жаңа жыл мерекесін дүркіретіп тойлаудан арыла алмай келе жатқанымыз.

Осындайда кішкентай ұлының Жаңа жыл мерекесін алғаш рет қарсы алуының құрметіне аттай отыз алты мың теңгеге отшашу сатып алып, оны бар болғаны екі минутта аспанға атқан Мамлют ауданында тұратын ескі танысымның әрекеті еріксіз еске түседі. Өзгенің қаңсығы бізге қашанға дейін таңсық бола бермек? Олай дейтінім, қаңтардың он тоғызына қараған түні православие дініндегілер шоқыну жоралғысын жасайтыны белгілі. Яғни, осы діни ұстанымдағы адамдар қыстың қақаған аязына қарамай, суға шомылып, қарға аунайды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандарының мәліметіне сүйенсек, былтыр облыс орталығында 15 мыңға жуық адам Есіл өзені жағалауына орнатылған ойықтарда шомылған көрінеді.

Өткен жылы сақылдаған сары аязға қарамастан, “иордань” суына асығушылардың арасында қазақ азаматтарының да жиі кездескенін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жарыса жазған болатын. Мұны қалай түсінуге болады? Әлде, қазақтың ұл-қыздарының бұл қылығын білместікке балап қоя салған жөн бе?

Рас, ата дініміз – ислам өзге дін өкілдеріне құрметпен қарауға бұйырады, діни рәсімдерін орындауларына кедергі жасамаған. Әйтсе де, бұл – мұсылмандардың да осы күнді қасиет тұтып, “Крещение” мейрамының құрметіне мұздай суға шомылуына болады деген түсінік емес қой. “Қайсыбір бауырларымыз осы күннің қасиеттілігіне сеніп, сол күнгі суды “киелі” санап шомылса, онысы мұсылманшылыққа жат және күпіршілікке апаратын әрекет. Өйткені, бір мұсылманның бұл күнді қасиет тұтуы – оның астарындағы пəлсəфəны нанымды мойындайтындығын көрсетеді”, – дейді “Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы Хамзат Әділбеков.

Әр халықтың, әр дін өкілінің өз наным-сенімдерінің бар екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Әлімсақтан мұсылмандықтың бес парызымен тыныстап, өзіне де, өзгеге де қиянат қылуды білмеген халықпыз ғой. Әркімнің жетегіне еріп, өз бетімізбен түйе айдасақ, болашағымыз не болмақ?

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp