Құсайыновтардың дәрігерлік әулетімен бұрынғы Сергеев, қазіргі Шал ақын ауданының тұрғындары жақсы таныс. Аудан жұртшылығы қазіргідей азая қоймаған, Сергеевка қаласының өзінде ғана он екі мыңның үстінде халық тұрған сонау бір жылдары осы отбасынан шыққан жоғары білімді дәрігерлер аудандық аурухананың мықты мамандар шоғырын құрады десе болады. Олардың мейірімді жүректері мен шипалы қолынан ем-дом алғандар саны жүздеп емес, мыңдап саналады.
Шаңырақтың үлкені Роза Ерғалиқызы аудан орталығында учаскелік терапевт қызметін атқарса, інісі Болат аудандық аурухананың терапевтік, ал келіні Альбина Әміржанқызы гинекология бөлімшесін басқарды. Осы дәрігерлік әулеттің шоғырына кейінде оқу бітіріп келген Розаның үлкені Ержан Бекетұлы да қосылды, ол бүгінде №3 Петропавл қалалық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарады.
Ұзақ еңбек жолдарын жерлестерінің денсаулығын жақсартуға арнаған осынау жүрегі мейірімге толы жандардың ішінен Альбина Әміржанқызын жеке-дара әңгіменің арқауына айналдыруымыз тегін емес. Қазірде кім білсін, ал кезінде оның айы-күні жеткен әйелдерді қабылдайтын аудандағы жалғыз қазақ гинекологы болғаны рас. Жолдасы Болат екеуі отбасын құрып, аудандық ауруханаға қызметке келген 1973 жылдан бастап, осы күнге дейін бір орыннан табан аударған жоқ. Бұл жүрек қалауымен таңдаған мамандық пен кіндік қаны тамған туған жерге деген адалдықтың үлгісі ғой. Сырт көзге қотарыла көшіп жатқан елдің жұртында қалғандай болып көрінгенімен, оның ерлі-зайыптылардың өздері ғана ұға алатын терең мәні бар. Шал ақын ауданы Сергеевкадан бұрын Октябрь ауданы аталған кезінде орталығы Марьевка ауылы болған. Альбина – әкесі Әміржан Құсбекұлы осы ауданда атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүрген кезде дүниеге келген қыз. Өзін осы ауданның төл тумасы санайтыны сондықтан. Ал Болаттың әкесі Ерғали Құсайынұлының туған жері бұрынғы Төңкеріс ауданының орталығы Майбалық ауылы болғанымен, соғыстан кейінгі еңбек жолын Марьевкада жалғастырған. Аудан орталығына айналғанша Сергеевка ауылында басқарма болды. Олардың туған жер төсін қимайтындықтары сондықтан.
Аудан әкімдігі ардагер дәрігерлердің туған жерге деген зор сүйіспеншілігін жоғары бағалап, өткен жылы 70 жасқа толған Болат Ерғалиұлына “Шал ақын ауданының құрметті азаматы” атағын берді. Мұндай марапатқа биыл дәл осындай мерейлі жасқа толғалы отырған Альбина Әміржанқызының да лайықты екені даусыз. “Ер адам бас болса, әйел мойын” дегендей, отбасындағы көп жайлар соңғысының ыңғайына қарай шешілетіні шындық. Бұл орайда, Альбинаның мерейі үстем түседі, бірақ бәрін ақылмен шешіп үйренген ардақты жанның қазірде қалаға құлшынып отырған ойы жоқ. Облыс орталығында ұлы Айдар мен қызы Әсел тұрып жатыр, олардан Дария және Дина есімді немере-жиендері бар. Қарашаңыраққа ұлы мен қызының отбасылары демалыс және мерекелік күндері ғана емес, басқа уақытта да жиі келеді. Ал аналарының мерейлі туған күн кешін олар тағат таппай күтіп жүр. Өйткені, өткен өмір белестерін еске алып, бір марқайып қалатындары сөзсіз.
Шал ақын ауданында Альбина есімді қыз-келіншектер өте көп. Олардың алды қырық жастан асып барады. Дәрігердің құрметіне орай жаңа туған сәбиіне оның есімін беру үлкен ілтипаттың белгісі емес пе?! Альбина Әміржанқызы жылына орта есеппен мыңға жуық нәрестенің кіндігін кескен екен. Ендеше, іштей бағамдай беріңіз. Осынша уақыт ішінде ақ халатты абзал жан қаншама ананың алғысын арқалады.
Көптің кіндікшешесі атанған жоғары санатты дәрігер биылғы Жаңа жыл мерекесінде тынымсыз еңбек жылдарымен мәуеленген жемісті жетпіс жасқа толады. Мамандығы мен туған жерге деген адалдығынан айнымаған шипагер жанға отбасы амандығын тілейміз.
Тоқтар ЗІКІРИН, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.