“Еңбек – ата, жер – ана” дегендей, әрқайсымыз дүниеде өзіміздің орнымызды табуға асығамыз. Біреулер үшін өмір – сынақ, өмір – бақыт, қуаныш пен шаттық айдыны. Ал жазасын өтеушілер үшін өмірдің көк тиын құны бар ма? Әрине, жоқ дейтіндер де табылар. Бірақ көпшілігінің бала-шағасы, отбасы бар. Сондықтан өмірдің мәнін жақсы түсінетіндері де табылады. Темір тордың арғы жағында темірдей тәртіп қана емес, адал еңбек етуге де мол мүмкіндік қарастырылған. Мәселен, Петропавл қаласындағы әйелдер колониясында болғанымызда оған анық көз жеткіздік. Осы орайда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің “Еңбек” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының “Еңбек-Қызылжар” филиалының жұмысы туралы бірер ауыз сөз. ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түзеу мекемелерінің “Еңбек” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының “Еңбек-Қызылжар” филиалы 1999 жылы ашылған болатын. Бүгінде филиал қарамағында бес өндірістік учаске бар. Заречное кентіндегі “ЕС-164/3” түзеу мекемесінің базасында №3 өндіріс учаскесі жұмыс істесе, №6 учаскесі “ЕС-164/6” әйелдер колониясында орналасқан. №№60, 27, 72 өндіріс учаскелері Қызылжар, Есіл және Айыртау аудандарындағы колонияларда жұмыс істеуде.
– Филиалдың басты мақсаты – жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сотталушыларды жылу, су, тамақпен қамтамасыз ету барысында жұмыс күшін ұйымдастыруға ешқандай шектеу қойылмаған, – дейді “Еңбек-Қызылжар” филиалының директоры Айдын Мәкенов. Оның айтуынша, филиалға қарасты 5 өндірістік учаскеде тамақ өнімдері, киім, металл, жиһаз өңдеу цехтары жұмыс істеуде. Облыстағы колониялар мен жеке тұлғалардан арнайы тапсырыс қабылданады. Бірақ нан мен макарон өнімдері тек қана темір торға тоғытылғандар үшін дайындалатынын баса айтып өткен жөн. Жалпы өндіріс цехтарында шығарылатын өнімдер барлық санитарлық талаптарға сәйкес. Сертификаттаудан да өткізілген. Бүгінгі таңда “Еңбек-Қызылжар” филиалында 180 адам еңбекпен қамтылған. Орташа еңбекақы 26-27 мың теңгені құрайды. Әр айдың онына дейін жалақы шотқа аударылады. Мереке күндері жұмысқа шыққандарға қосымша еңбекақы төленеді. Филиал колонияларға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізумен де айналысады. Осыған сәйкес жазда жөндеу жұмыстары көбейсе, қосымша жұмыс орындары ашылады. Айдын Есләмұлынан филиалда қандай күрмеуі қиын мәселелер барын сұрағанымызда, ол тендер мәселесіне қатысты пікір білдірді. Филиалға қажетті шикізат қорының барлығы мемлекеттік сатып алу заңы бойынша реттеледі. Сондықтан олар жекеменшік кәсіпорындармен бәсекелесе алмайтындықтарын ашық айтты. Бірақ осындай қиыншылықтарға қарамастан, қолға алынған ілкімді істер де баршылық. Алдыңғы жылы Горное ауылындағы қатаң режімдегі “ЕС-164/4” колониясында аяқкиім тігу цехы ашылды. Қажетті техникалық жабдықтар сатып алынып, облыстың өзге түзеу мекемелерінен тапсырыстар түсуде. Ал былтырғы жылы Айыртау ауданына қарасты Новоукраинка ауылындағы “ЕС-164/8” мекемесінде тігін цехы ашылған.
Филиалда жаңғырту жұмыстарына қатысты да бірқатар шаралар қолға алынғандығын Айдын Мәкенов ерекше атап өтті.
– 2016 жылдың қаңтар айынан бастап Петропавл қаласындағы №3 өндірістік учаскеде жүннен тоқылатын бас киім мен шәрке тігетін цехты іске қосу жоспарлануда. Қосымша сатып алынған матрицаның көмегімен бес түрлі макарон өнімдерінің шығарылатынын да ерекше екпін түсіре айтқан жөн. Қызылжар ауданына қарасты Ольшанка ауылында орналасқан “ЕС-164/9” колониясының өндірістік цехында сотталушылар нан пісіру мен макарон өнімдерін шығарумен айналысады, – деді ол.
Аталмыш өндірістік учаскеде өсімдік шаруашылығы да жақсы дамыған. Өткен жылы сәбіз, қызылша, картоптың шығымы мол болып, калония 100 пайыз өніммен қамтамасыз етілген. Айдын Есләмұлының сөзіне қарағанда, желтоқсан айының соңы мен қаңтар айының басында тапсырыс көлемі азаятындықтан, жазасын өтеушілер жұмыссыз қалмауы үшін киім тігумен айналысатын жекеменшік кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатылды.
Әңгіме барысында филиал директорынан тәртіп мәселесін сұрадым. Осы орайда Айдын Мәкенов тәртіпсіздік жоқтығын, керісінше, мәселен, №27 өндіріс учаскесіндегі сотталушылар тағы қосымша жұмыс сұрап отырғанын айтты. Былтыр Есіл ауданының ауыл шаруашылығы құрылымдарының тапсырысы бойынша арнайы жұмыс киімдері тігілген. Филиалдың құрамындағы 4 тігін цехында да қажетті тігін машиналары жеткілікті. Сонымен қатар, ағаш өңдеу станоктары да заман талабына сай. 2014 жылдың қорытындысы бойынша 298 миллион теңгенің өнімі шығарылған екен. 2015 жылы елімізде орын алған қаржылай қиындықтарға байланысты өткен жылдың қазан айындағы дерек бойынша 180 миллион теңгенің өнімі өндірілген.
Жазасын өтеушілердің барлығы бірдей он қолынан өнер тамған шеберлер емес. Жұмысқа қабылданбас бұрын олар арнайы оқу-жаттығудан өтеді. Олардың білмегені болса, үйретіп, тәжірибе жинақтауларына филиал қызметкерлері көмектеседі. Ал техникалық қауіпсіздік шараларын инженерлер үйретеді. Қазіргі таңда Айыртау ауданындағы колонияда ашылған өндірістік цехта сотталушылардың арнайы киімдері мен төсекорын жабдықтары тігілуде. Ал Горное ауылындағы қатаң режімдегі жазасын өтеушілер бетоннан түрлі мүсіндер жасап, көпшілікті таңғалдыруда. Тіпті, Айыртау ауданының әкімдігі аудан саябағын қалпына келтіруде арнайы бетон мүсіндерге тапсырыс берген. Айдын Есләмұлы Петропавл қаласында да түрлі аң-құстардың бейнесіндегі әдемі мүсіндерге тапсырыс берушілер бар екендігін айтты.
“ЕС-164/6” әйелдер колониясының №6 өндірістік учаскесінде де болдық. Темір тордың арғы жағындағы тіршілік, әрине, ешкімді қызықтырмасы анық. Бірақ “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ”. Басқа түскен қиыншылықтан ешкім де қашып құтыла алмасы анық. Темірдей қатал тәртіпке мойынсұнған әйелдер үшін еңбек етуден басқа амал жоқ. Өмірдің сын тепкісіне ұшыраған Әлия – жаза басып, темір торға тоғытылғандардың бірі.
– Әркімнің басынан қиын жағдай өтеді. Қазір өндірістік учаскеде тігінші болып жұмыс істеймін. Тігін цехында құрал-жабдықтар жеткілікті. Цехта жұмыс істеу маған ұнайды. Еңбекақымыз да уақытында төленіп тұрады, – дейді ол.
Ал 2011 жылдан бері өндірістік учаскеде жұмыс істейтін инженер-технолог Жанна Хамзина бүгінде мұнда 9 адам еңбек етіп жатқанын жеткізді. Әйелдерге тігін тігудің қыр-сырын үйретіп, әрқашан бағыт-бағдар беретін Жанна цехтың жұмысын ұйымдастырумен айналысады. Ал тігін цехының шеберлері сотталушылар үшін арнайы киімдер, төсек-орын жабдықтары мен орамалдар тігеді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.