«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК ЕРІНІҢ ІЗБАСАРЫ игі істерге ұйытқы болуда

Ауылдың арқа сүйер азаматы болса, іс оңға басады. Мұны Шал ақын ауданының шалғайындағы Повозочное ауылының мысалынан көруге болады. Ол осы аудандағы тұрғындары үдере көшуден аман, біршама бүтін отырған бірден-бір елді мекен. Оны оған апаратын жол жағдайының өзі айтып тұрғандай, қалың етіп төселген Есілдің қиыршық құмы ана-мына жаңбырға езіле қоймайтындай. Ауылға енгеннен-ақ жасыл желегімен жарасым тапқан қонысжайдың ажары өзінде екені сезіліп тұр, кеңестік дәуірден кейін күйреп қалған көрші “Ступин”, “Семиполка” кеңшарларындай емес, жаңа заман талабына сай сипат алып, көркейе түскені байқалады.

Бұл бұрынғы кеңшар орталығының шашауын шығармай уысында ұстап отырған “АгроСевер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, алдымен оның басшысы, осы ауылдың тумасы Николай Луговойдың арқасы екені сөзсіз. Серіктестік 1997 жылы құрылып, оның басқару тізгінін оған дейін шаруашылықтың бірінші бөлімшесін басқарып келген Николай Александрович алған еді.

– Жерлестерім сенім артқан соң жұмысқа бел шешіп кірістім. Басында оңай болмағаны рас, шаруашылықтар ыдырап, оның мүліктері “ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында” кетіп жатқан тоқырау кезі ғой, біздің игілігімізге де көз алартушылар көп болды. Әйтеуір, қолдан келгенше табандылық танытып, қоғамдық малдан басқасын сақтап қалдық қой. Ауылдастарым қазір соның ырыздығын көруде.

Повозочное ауылынан басқа Минеевка және Ортақкөл шағын елді мекендерін біріктіретін серіктестік қарамағында 11775 гектар жыртынды және 5000 гектардай шабындық пен жайылымға арналған жерлеріміз бар, – дейді ол.

Бүгінде Шал ақын ауданындағы өндірісі өрге басып тұрған, ең іргелі шаруашылық осы. Жылма жыл дәнді дақылдардан тәуір өнім алып, жағдайын жақсарта түсуде. Техникалық жарақтандырылуы жағынан ауданда оған тең келер жоқ деуге болады. Өткен жылы екі “Моррис” егіс кешенін алды, ал бұрыннан тағы екі “Джон Дир” егіс кешені болатын. Одан басқа бес “К-700” және 18 МТЗ тракторы мен алты “Джон Дир, үш “Есіл” комбайны және оннан аса автомобиль бар. Сонымен бірге, шаруашылықтағы бұрынғы өндірістік буындардың барлығы сақталған.

Серіктестік биыл 4011 гектарға бидай, 733 гектарға рапс өсіруді жоспарлап, бүгінде соның негізін қалайтын көктемгі егіс жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Алқап басында болғанымызда оған өзіміз де куә болдық.

– Мына танаптағы егістік 113 гектарды құрайды. “Бюллер” тракторларына қосақталған екі “Моррис” егіс кешені оны бүгіннен қалдырмай сеуіп шығады. Ауа райының аздап бұзылып тұрғаны болмаса, осы екі кешен тәулігіне 320-340 гектарға тұқым сіңіре алады. Өйткені, тәулік бойы тоқтаусыз екі ауысымда жұмыс істейміз. Қазір мұнда Амангелді Мақанов және Виктор Шульц сынды майталман механизаторларымыз тер төгіп жатыр. Әзірге себелеген жаңбыр бөгесін емес, өткен аптадағы ыстықта топырақ құрғап кетті. Осы және іргедегі 400 гектар танапқа “Омбы-31” бидайының тұқымын себеміз, – деді Николай Александрович.

Шаруашылыққа жетекшілік ететін басшының егіншілік ісіне жетіктігін білеміз. Ол 1980 жылы Социалистік Еңбек Ері Алексей Брагиннен бригадирлікті қабылдап алып, даңғайыр диқанның тәжірибе мектебінен өткен. Серіктестік 2011 жылы дәнді дақылдардың әр гектарынан 30 центнерден өнім алып, аудандағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Өткен жылғы қуаңшылық жылдың өзінде де астық шығымдылығы жаман болған жоқ. Алексей Матвеевичтен үйренгеніндей, пармен жұмыс істегенді жақсы көреді, биыл 1266 гектарды парға қалдырды.

Серіктестік ірілі-ұсақты үш ауылды біріктіріп отырғанымен, бірлескен бір бригада болып жұмыс істейді. Оған егіншілік тәжірибесі мол Серік Баймолдин жетекшілік етеді. Бригада қазіргі тұқым себу жұмыстарын төрт егіс кешенімен жүргізіп жатыр. Егіс танабында өзіміз көрген “Моррис” кешендерінен басқа екі “Джон Дир” кешені рапс тұқымын себуде. Доңғалақты тракторлар, атап айтқанда, К-700 және МТЗ-82 тракторлары негізінен аралық өңдеу жұмыстарына жұмылдырылған. Бүгінде рапс себілетін алқаптар толық өңдеуден өтті. Тұтасып жауған жаңбырға дейін серіктестік егіншілері 3400 гектарға немесе барлық егістік алқаптың 30 пайызына ырыс дәнін сіңірді. Бидай себуді агротехникалық қолайлы мерзім – маусым айына дейін аяқтауларына толық мүмкіндігі бар.

Еңбек ұжымында ортақ табысқа еселі үлес қосып жүрген тәжірибелі механизаторлар көптеп саналады. Олардың қатарында егіс кешендерінде еңбек ететін Владимир Шульц, Мәжит Естаев, Владимир Якоби, Владимир Катрупов, Михаил Дроздын және МТЗ-82 тракторымен жер өңдеуде жүрген Жақсылық Қабдықалықов пен Сайлау Өзбековтің есімдерін атауға болады. Барлығы 115 адам еңбек ететін серіктестікте өткен жылы еңбеккерлердің орташа айлық табысының 70 мың теңгеден айналғанын да айта кеткен жөн.

Шаруашылық қырманының меңгерушісі– серіктестік басшысының бауыры Анатолий Луговой, Минеевка ауылында орналасқан қырманда қазір жиырма шақты адам еңбек етіп жүр. Егістің тұқымдық материалдары толық сонда дәрілеуден өтеді. Қырмандағы қойма сыйымдылығы 7 мың тоннадан аспайды, сондықтан онда алты жылдан бері астықты полиэтилен орамаларда сақтау тәжірибесі қолданылады. Егіс зиянкестері мен арамшөпке қарсы дәрілік заттар қоры жасалған. Серіктестік “ҚазАгроФинанс” АҚ-ның қаржылық көмегімен бұдан бұрын бразилиялық “Имперадор” дәрі шашқыш қондырғысын алған болса, енді тағы біреуіне тапсырыс беріп отыр. Яғни, серіктестік егіншілері егіс зиянкестерімен мықтап күрес жүргізетін болады.

Шаруашылық, сонымен бірге, өткен жылдан бері “Етті қара малдың экспорттық әлеуетін арттыру” бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізуде.

– Бірақ біз қажетті мал басын бағдарлама бойынша бөлінетін кредиттік қаржыға емес, өз қаражатымызға сатып алдық. Етті бағыттағы қазақтың ақбас 290 тайыншасы мен 10 асылтұқымды бұқасына 111 миллион теңге қаржы жұмсадық. Мал шашпасы бар ағаштан тұрғызылған қорада салқын күтім әдісімен қыстап шықты. Жаңа жылға дейін 140 бас бұзау берді, төлдерді де сол салқын күтім жағдайында алдық. Нәтижесі жаман болған жоқ. Одан бері де төл үстіне төл қосылып жатыр. Бағдарлама бойынша етті тұқымды қара мал өсіріп отырғанымыз үшін мемлекеттен демеуқаржы алуға тиіспіз. Есебіміз бойынша әрбір басқа 111 мың теңгеден демеуқаржы алуымыз керек, күтіп отырмыз. Бүгін, міне, шашпадағы малды жазғы жайылымға шығарып жатқан жайымыз бар. Ол үшін арнайы малдың жазғы лагерін салдық. Онда екі табын мал орамы және төлдер тұратын жартылай жабық қора тұрғызылды. Генератор арқылы жұмыс істейтін ұңғыма су құбыры іске қосылды, – дейді серіктестік басшысы. Одан әрі оның сөзінен осы өсіріліп жатқан малды ертең өткізу мәселесі қалай болар екен деген алаңдаушылық та сезіліп қалды. Бұл мәселе қазір жалпыға ортақ қиын түйін болып тұр. Тәуекелге бел байлап, мал өсіруді қолға алған Николай Александровичтің, енді оған бас ауыртқысы жоқ. Оның көп ұзамай оң шешім табатынына сенімді.

Басында ауылға апаратын грейдер жолдың жақсы жағдайын айтқан едік. Сұрай келсек, оны аудандық жол құрылысы учаскесі емес, “АгроСевер” ЖШС-нің өзі жөндеп, күтіп ұстайды екен. Ұзындығы 18 шақырым жолға Есілдің қиыршық тасын жеткізіп, оны жайып тегістеудің қанша қаржыға түсетінін есептей беріңіз. Он жылдан астам жолын түзетіп, оған қысы-жазы көңіл бөлетін ауылдың осындай азаматы болғаны қандай жақсы! Тек осынысы үшін ғана жерлестерінің оған айтар алғысы зор. Тіпті көрші ауданға қарасты Баян ауылына дейінгі жолға да ішінара құм төктіріп, жөндеу жүргізіп жүргенін қайтерсің?! Бұл – туған жерін, елін сүйген азаматтың ісі.

Тоқтар ЗІКІРИН,

Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp