Тәуелсіздігімізді алған жылдары экономикамызда ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістер орын алды. Ауылдың әлеуетін көтеру бағытында біздің де жеткен жетістіктеріміз аз емес. Міне, осындай ауқымды жұмыстардың арқасында көшіміз түзеліп, қазақтың күретамыры саналатын ауылдарымыздың түтіндері түзу шығып жатыр. Шындығында, ауыл десе көз алдымызға берекесі кетпеген, ауызбіршілігі жарасқан, арқа-жарқа, бірін-бірі – бауыр, дос тұтқан, керегесі берік, дарқан даладай пейілдері кең адамдар елестейді. Ұлт руханиятының ошағы, салт-дәстүр мен мәдениетіміздің алтын қазығы ауыл десек, артықтық етпес. Қазақты ауылсыз елестету қиын. Бүгінде осы “алтын бесік” атанған аяулы мекенді қарқынды дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
Үкіметтің ауылдық аумақтарды дамыту бойынша қабылдаған түрлі мемлекеттік бағдарламаларының арқасында Қызылжар ауданында құрылыс, сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу және елді мекендерді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Біздің ауданымыз облыс орталығына жақын орналасқандықтан, бүгінде ауылдың айналасы адам танымастай өзгерді. Қазіргі кезде қарқын ала бастаған жаһандық урбанизация ауылға да жетті. Ауылдан қалаға халықтың көшуі салдарынан тұрғындарының қатары сейіліп қалды деуге болады. Дегенмен, заман түзеліп, ауыл тұрғындарының құрамы қаладан және шет аудандардан және сырттан көшіп келген қандастарымыз арқылы қайта түзілуде. Осының арқасында жаңа ауыл пайда болды. Мәселен, 2009-2011 жылдар аралығында “Нұрлы көш” бағдарламасы аясында Қызылжар ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылы бой түзеп, 1,2 миллиард теңге қаржыға 263 жеке тұрғын үй салынды. Осылайша, Бәйтерек ауылындағы қаз-қатар тізілген жаңа үйлерге атамекеніне оралған 182 отбасы қоныстанды, ал 62 отбасына баспана аудандық тұрғын үй комиссиясының шешімімен берілді, 19 үй жергілікті атқарушы билікке өткізілді. Жаңа ауылға су тартылып, жарық көзі қосылды, яғни толықтай инженерлік инфрақұрылым жүргізілді. Одан басқа “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Бескөл ауылында – 9, Красная Горкада – 3, Вагулинода – 3, Новокаменкада 10 жеке тұрғын үй салынды. Биыл Бәйтерек ауылында жаңа орта мектеп пен медициналық қоныстың ғимараттары пайдалануға берілді.
Үстіміздегі жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Бескөл ауылында екіқабатты 18 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жобаның жалпы құны 196 миллион теңгені құрады. Инженерлік жүйелерімен бірге құрылысты “Лира” және “Севимсталькон” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізді. Дәл осы күні Новоникольское ауылында дәрігерлік амбулатория қосыны қолданысқа берілді. Оған облыстық бюджетен 74 миллион теңге қаржы жұмсалды.
Жалпы айтатын болсақ, ауданымызда еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 176 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Одан басқа аудан орталығында және ауылдық округтерде әлеуметтік нысандар, мектеп, балабақша, емхана, өндіріс орындары бой көтерді және белгіленген жоспарға сай бұл жұмыстар алдағы уақытты да жалғасатын болады.
Ауыл тұрғындары үшін келелі мәселенің бірі – таза ауызсу. Кезінде қызылжарлықтар да бұл мәселенің кермек дәмін татқан еді. Десек те, қабылданған мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекен тұрғындарын таза ауыз-сумен толықтай қамтуда “Таза ауызсу” бағдарламасы аясында біраз жұмыстар атқарылды. 2007 жылы Красноярка ауылында жүргізілген бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде алынған су көзіне су тазартқыш жүйесі орнатылып, пайдалануға берілді. Бұрғылау жұмыстарын жүргізуге және тазалау қондырғысын орнатуға 10,9 миллион теңге жұмсалды.
2007-2009 жылдар аралығында Бескөл ауылында кезекпен I, II, III, IV сумен жабдықтау жүйесі жаңартылды. Бұл жұмыстарды жүргізуге республикалық бюджеттен 742 миллион теңге бөлінді. Су құбырларын жаңарту жұмыстарын “Петропавлспецкоммунстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Су тарату құбырларын орналастырып, сорғы станциясы салынды.
2009 жылы Долматово ауылында жүргізілген бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде алынған су көзіне су тазартқыш жүйесі орнатылып, пайдалануға берілді. Бұл жұмыстарды жүргізуге Азия банкінен 54,5 миллион теңге несие алынып, құрылыс жұмыстарын “Севимсталькон” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды. Серіктестік бұрғылау жұмыстарын жүргізумен қатар, тазалау қондырғысын орнатты және су тарату құбырларын жүргізді.
2008-2009 жылдары Соколовка ауылында сумен жабдықтау жүйесі жаңартылды. Оған облыстық бюджеттен 45,8 миллион теңге қаржы бөлініп, “Ливкос Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алған істі дер кезінде тындырды. Су тарату жүйелері де жаңартылды.
Одан басқа тағы да облыстық бюджеттен 40,2 миллион теңге қаржы бөлініп, Кустовое ауылында да сумен жабдықтау жүйесі жаңартылды. Құрылыс жұмыстарын “Көкшетау гидрогеология” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орындап шықты. Су көзіне су тазартқыш жүйесі орнатылып, таза ауызсу беретін қосын іске қосылды.
Ал 2010-2012 жылдары Белое және Кондратовка ауылдарында сумен жабдықтау жүйесін жаңартуға республикалық бюджеттен 456 миллион теңге қаржы бөлінді. Жұмысты жүргізген “Альфа Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сорғы станциясын орнатып, су тарату жүйелерін тартып берді.
2011 жылы Боголюбово ауылынан Надежка ауылына дейін Булаево топтық су құбырынан су тарату құрылысын жүргізуге 117,5 миллион теңге қаржы бөлінді. “Петропавлспецкоммунстрой” құрылыс компаниясы магистральды жүйеден сукернеуіш мұнараға дейін бұру жұмыстарын жүргізді. Осы жылы бюджеттен 348,9 миллион теңге қаржы бөлініп, Боголюбово ауылында да сумен жабдықтау жүйелері жаңартылып, екі ауылда да су тарату қосыны ашылды. 2014-2015 жылдары “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Булаево топтық су құбырына қарасты Асаново, Знаменское, Бугровое, Новоникольское, Подгорное, Приишимка, Красная Горка, Водопроводное, Рассвет ауылдарында сорғы станциялары орнатылып, су тарату құбырлары жүргізілді. Бұл жұмыстарға бөлінген қаржы 1350 миллион теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары жөніндегі комитеттің тапсырысымен 2011-2016 жылдар аралығында Соколовка топтық су құбырына қарайтын Якорь, Вишневка, Ольшанка, Вознесенка, Затон, Петерфельд, Соколовка, Пресновка, Налобино, Глубокое, Гайдуково, Вагулино, Ташкентка ауылдарында сорғы станциялары орнатылып, су тарату құбырлары жаңартылды. Келесі жылы аталған елді мекендер де таза ауызсумен толық қамтамасыз етілетін болады.
2013 жылы Прибрежное ауылында су құбырларын жүргізу жұмыстарына республикалық бюджеттен 143,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Аталған ауылдарды сумен жабдықтау жұмыстарын “Ливкос север” серіктестігі атқарды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары жөніндегі комитетінің тапсырысы бойынша Архангелка, Новокаменка, Большая Малышка, Боровское, Вознесенка, Гончаровка, Долматово, Дубровное, Желяково, Затон, Красноярка, Красный Яр, Кустовое, Николаевка, Пеньково, Сивково, Соколовка, Сумное елді мекендерін Соколовка топтық су құбырына қосу туралы жобалау-сметалық құжаттар дайындалды. 2015 жылы бұл жұмыстар толық сараптамадан өтті.
Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде аудан аумағында 300 шақырымнан астам су құбыры жүргізілген. Осындай оң өзгерістерге қарамастан, ауыл халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі әлі күн тәртібінен түсіп отырған жоқ. Бүгіндері Үкімет ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күшін салып отыр, сондықтан олар мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көрері сөзсіз.
Еліміз егемендік алған күннен бастап өңірлерді өркендету, қалалар мен ауылдарды абаттандыру және көгалдандыруға үлкен мән беріліп, жүйелі жұмыстың барысы билік тарапынан қатаң бақылауға алынған. “Туған жер – тұғырың” демекші, ауыл көшелерінің әсем де әдемі, таза да көрікті болуы көпшілікпен бірге атқарылатын, тәрбиелік және мәдени мәні жоғары іс. “Қалалар мен елді мекендерді көркейту” бағдарламасы аясында 2011-2012 жылдары Бескөл ауылында Тәуелсіздік алаңы, Мәдениет және демалыс саябағы салынды. Оған 27,6 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын “Эскиз проект” серіктестігі атқарды. Осы бағдарлама аясында Бескөл ауылының орталық көшелеріне де көркейту жұмыстары жүргізілді, тасжолдары жөнделді.
2012-2015 жылдар аралығында “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында Бескөл ауылын жылумен қамтамасыз етудің магистральды жүйемен орталықтан жылыту қазандығы орнатылды. Орталық қазандықтың құрылысын “Миг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Оған 0,6 миллиард теңге бөлінді. Қазандық жасап шығаратын Бийск зауытынан сыйымдылығы 2,5 мВт болатын 8 “Gefest” қазандығы әкелініп орнатылды. Жылыту құбырларын орнату жұмыстарын “Титан Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді, оған 0,9 миллиард теңге қаржы бөлінді. Енді орталықтан жылыту құбырына 25 әлеуметтік нысан мен ондаған көпқабатты үйлер қосылады деп жоспарланып отыр. Бескөл ауылы шынында да, ауданымыздың айнасы және қаланың жанында болғандықтан бар мүмкіндікті пайдаланып, көркейту жұмыстарын жүргізуге көп көңіл бөлеміз. Қазіргі күнде үлкен жолдың және барлық көшелердің бойы түнде самаладай жарқырап тұр. Көшеаралық жолдары әрдайым ашық. Қалаішілік бағыттағы автобустар қатынап тұрады. Ауылды көркейту бойынша алдағы уақытта да жоспарланған жұмыстар жалғасатын болады.
Бүгінгі жаһандануға бет бұрған әлемде біз төл руханиятымызды дамытып, ауылды көркейтуді, ел мен жерді сақтаудың ата-бабаларымыз көрсеткен дана жолы деп қабылдауымыз керек. Уақыт соған көз жеткізуде. Ес жиып, жоғымызды түгендегеннен кейін бұл мәселеге бүкіл қоғам болып қайта оралуымыз қазіргі заман талабынан туындап отыр. Бүгінгі таңда ауылға жаңа серпін, тың тыныс беретін тиісті шаралар қолға алынды. Еліміздің экономикалық жағдайы, халықтың тұрмыс деңгейі жақсарып келе жатқаны баршаңызға мәлім. Соңғы жылдары ауылды дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Осы орайда әрқайсысымыз алтын бесігіміздің кемшін тұсын түгендеп, бір кісідей ауылымыздың гүлденуіне аянбай еңбек етіп, атсалысуымыз қажет.
Бақыт ІЛИЯСОВ,
Қызылжар аудандық
сәулет, құрылыс, тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің
басшысы.