Солтүстік Қазақстан облысында 2023-2025 жылдар аралығында “Жайлы мектеп” жобасы аясында төрт білім ордасы салынады. Ал оларға қажетті жиһазды жергілікті өндіріс ошақтары шығаруға құлшыныс танытып отыр.
Биыл ел көлемінде “Жайлы мектеп” бағдарламасы іске қосылды. Тың жоба аясында алдағы үш жылдың ішінде республика бойынша 401 мектеп салу жоспарланып отыр. Бүгіндері жобаны жүзеге асыратын бірыңғай үйлестіруші де анықталды. Ол – “Samruk-Kazyna Construction” акционерлік қоғамы.
– Жобаны іске асыруға 2,6 трлн. теңге қаражат қарастырылған. Барлық бөлінетін қаражаттың үштен бір бөлігі отандық тауар өндірушілер шығаратын жабдық пен жиһаз сатып алуға бағытталады. Ол үшін “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы әрбір облыста мектептерді қажетті құрал-жабдықпен қамту мақсатында тауар өндірушілер тізімін бекітеді, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Магамед Дудаев.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметіне сүйенсек, жергілікті нарықта білім беру мекемелеріне қажетті жиһаз түрлерін шығаратын кәсіпорындар жетерлік. Десе де мектеп, балабақша, колледждер мен жоғары оқу орындарының талаптарына сәйкес сертификатталған өнім жасайтын өндіріс ошақтары аз. Солардың қатарына тек “Регион 715” және “Фирма Леонтьев” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін ғана жатқызуға болады. Бизнес субъектілері “Жайлы мектеп” жобасына қатысуды жоспарлап отыр.
Мәселен, “Регион 715” серіктестігі жиһаз жасау ісімен 15 жылдан бері айналысады. Осы уақыт аралығында компания білім беру мекемелеріне қажетті жиһаздардың түр-түрін жасаған. Өткен жылы өндіріс ошағы 2 мыңнан астам “Stem” зертхана, физика, химия, биология сабақтарына арналған пәндік кабинеттер, жалпы білім беретін сыныптар, асханалар мен киім ауыстыру бөлмелерін жабдықтады.
– Біз тек ағашпен ғана емес, металмен де жұмыс істейміз. Өткен жылы компаниямыз бүкіл Қазақстан бойынша 2000-нан астам сыныпты жабдықтады. Биыл “Жайлы мектеп” ұлттық жобасына қатысуға ниеттіміз. Ұжымымызда 50 адам еңбек етеді. Жаңадан жұмысқа алынған мамандарды оқыта бастадық. Егер “Жайлы мектеп” жобасының қатысушысы атансақ, бір жылдың ішінде 3,5 мыңнан астам сыныпқа қажетті жиһазды жасап шығара аламыз, – дейді “Регион 715” ЖШС бас директорының орынбасары Александра Русина.
Кәсіпорын мектеп жиһазын шығару ісінде мол тәжірибе жинақтап үлгерген. Сондай-ақ тұрақты қаржылық және шикізат базасы ірі көлемде тапсырыс қабылдауға мүмкіндік береді. Компания “Kazdidac” оқу жабдықтарын өндірушілер мен жеткізушілер қауымдастығының мүшесі екенін айта кеткен жөн.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.