“Туған ауыл, сен үшін тер төкпедім,
Кешір мені, кеш мені, сен текті елім!
Бір сағыныш мазалап ертелі-кеш,
Жүреді ылғи жанымды өртеп менің”, – деп ақын Қалқаман Сарин жырына арқау еткендей, ауылдың қамын ойлау – әрбір азаматтың парызы. Әсіресе, қалада білім алған жастар елді мекендерге барып, жұмысқа орналасқаны жөн.
Жастар ауылдың болашағы екені сөзсіз. Білімді де жігерлі кейінгі толқын өкілдері тұрмысы тұралап қалған ауылға жаңа дем береді. Қазіргі таңда елді мекенді түлетемін деген жастарды мемлекет барынша қолдауда. Соның жарқын дәлелі – “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы. Өңірімізде бұл бағдарлама арқылы ауыл-аймаққа жіберілген жас мамандар қатары жыл сайын артып келеді. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулинаның айтуынша, жыл сайын ауылдық жерлерге 350 жас маман жіберіледі. Соңғы үш жылда бюджеттік кредит алған жастардың үлесі 42 пайызға жеткен. Ал биыл көтермеақының көлемі 100 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейді.
Жастарды ауылға тарту Аққайың ауданында сәтті жүзеге асырылуда. Аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Жәкенов атап өткендей, бүгінде мұндағы 22 мектепте 2413 оқушы білім алады. Өткен жылы аталмыш бағдарлама бойынша 14 жас маман келіп, білім ордаларына жұмысқа орналасқан. Ауданда әлі де болса мұғалім тапшылығы сезіледі.
Бағдарламаның игілігін көрген жастардың бірі – Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Назерке Ерсайынова.
– Ауылды көркейтуге әрбір жас атсалысуы керек. Мен облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде білім алдым. 2016 жылы оқуды тамамдаған соң аталмыш бағдарлама арқылы ауылға келдім. Жас маманға деген мемлекет қолдауы ерекше. Мәселен, маған баспана алу үшін 1 миллион теңге жеңілдетілген несие, 150 мың теңгеден астам көтермеақы берілді. Бүгінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білімімді жетілдірудемін. Ауыл балаларының сапалы білім алуына өз үлесімді қосу – мен үшін мақтаныш, – дейді жас маман.
Еңбек жолын осыдан үш жыл бұрын Аққайың ауданында бастаған жалғыз Назерке ғана емес. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының арқасында Смирново ауылында медбике Айнагүл Мұрзабекова да еңбек етіп жүр. Тұрғын үй мен қаржылай қолдауға қол жеткізген бойжеткен бүгінгі тұрмысына дән риза.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: жас маман Назерке Ерсайынова.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.