Өмірімде таңғажайып кездейсоқ кездесулер жиі болды. Осы кездесулер ғалым, азамат ретінде қалыптасып, өмірден өз орнымды табуыма септігін тигізді. 1989 жылы сол кездегі Киров атындағы ҚазМУ-ды тамамдағаннан кейін Қазақ КСР ғылым академиясының Экономика институтына жұмысқа орналастым. Академик Аманжол Қошановпен таныстығым осы институттың қабырғасында басталды.
Ол уақытта Экономика институты еліміздегі экономикалық ой-толғамдардың ошағындай еді. Елімізде қайта құру жұмыстары жүргізіліп, мемлекет басындағылар туындаған экономикалық мәселелерді шешуде тың ойларға зәру болды. Ел үшін осындай қиын-қыстау шақта экономика институтын Аманжол Қошанов басқарды. Оның бұл орынға ұжымның ұсынуымен тағайындалғанын айтып өткен жөн.
Бүгінгі таңда қазақстандық ғылым саласына түрлі себептермен кимелей келген азаматтардың қарасы қалың. Ғалым дипломын алу әлеуметтік мәртебенің нышаны және мансаптық өсудің бір жолына айналғаны да жасырын емес. Осының салдарынан ғалымсымақтар қара құрттай қаптап қана қоймай, елдің дамуына қатысты ойларын айтып, жол көрсетуге тырысуда. Бақытымызға орай мұндай дүбәрадан ада, өзінің негізгі міндеті – зерттеумен, жаңалық ашумен, оны дәлелдеп, тәжірибеге енгізумен шұғылданатын таза ғылым әлемі әлі де бар. Экономист, қоғамтанушы, ағартушы Аманжол Қошанов – ғылымның осы бір саф алтындай әлемінің өкілі.
Аманжол Қошанов Қазақстанның нарықтық экономика теориясын, оның ішінде әлеуметтік бағытының негізін қалаушы екенін ғылым марғасқалары жақсы біледі. Ғалымның терең экономикалық білімі, ой-өрісінің кеңдігі талай зерттеулерді жарыққа шығарды. Ал бұлардың барлығы көптеген ұлттық зерттеулерді әзірлеуде кеңінен қолданылып жүр.
Саналы ғұмырын қазақстандық экономика ғылымына арнаған Аманжол Қошанұлын алпыс жылдан бері осы салада, бір ұйымда – Экономика институтында үздіксіз еңбек етіп, өз саласына шексіз берілген ғалым ретінде танимын. Ғылымның тұнық әлеміне талпынған, елдің тағдырына алаңдаған, Қазақстанның экономикалық тарихына қызығушылық танытатын ғалымдар үшін Аманжол Қошановтың ғылыми еңбегі сүрлеулі жолдай алға жетелейді.
Қазақстанның экономикасындағы реформа жоспарлыдан нарықтық үлгіге ауыстырудан, яғни кең ауқымды жекешелендіруден басталды. Осы саладағы алғашқы зерттеу Аманжол Қошановтың басшылығымен жүргізілді. Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру үдерісін реттеудің негізгі бағыттарын, экономиканың көшпелі кезеңдегі акционерлік үлгісін жан-жақты қарастырып, дәлелдеді. Тағы бір зерттеулерінде Қазақстанның заманауи өндірісін тұрақты дамыту мен құрылымын қалыптастыру, аралас экономиканы қалыптастыру мен оның қызмет ету негізі, қатынас пен меншік түрін түрлендіру мәселелерін қарастырды. Автор туындаған мәселелерді шешудің және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етудің тиімді жолдарын ұсынды.
Аманжол Қошанов еліміз үшін жоғары білікті мамандар мен ғалымдарды тәрбиелеген ұстаз және тәлімгер ретінде де танымал. Әлі күнге дейін есімде, Аманжол Қошанов басқарған бөлімде түскі үзіліс кезінде дойбыдан турнир өтетін. Сол кезде маған біреу дойбыны тәуелсіз еліміздің экономика саласындағы болашақ бетке ұстарларымен ойнап жүргенімді айтса, сенбес едім. Ол басқарған бөлімде болашақ Ұлттық және екінші деңгейлі банктердің, Президент Әкімшілігінің, ұлттық компаниялардың басшылары, Үкімет мүшелері, облыс әкімдері жұмыс істепті. Ал ғылым саласында жүрген біздер Аманжол Қошанұлының есімі алтын әріппен жазылар ғалым ретінде қабылдаймыз. Оның ғылыми пікірталастарда қарсыласының шамына тимей уәж айта білу мәдениеті, қарапайымдылығы ғылым саласында жүрген қазіргі буын ғалымдарға үйренуі керек қасиет. Сонымен қатар ұстазымның ғылыми экономиканы қазақ тілінде жетік меңгеруі әріптестеріміздің арасында өте сирек кездесетін жағдай екенін айтқым келеді.
Магбат СПАНОВ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор.