Мен алпысты алқымдап, қарттыққа аяқ басқан зейнеткерлердің бірімін. 45 жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығында механизатор болып жұмыс істедім. Отбасылық жағдайымызға байланысты мектептен кейін оқуымды ойдағыдай жалғастыруға мүмкіндігім болмады. Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң ауылда еңбек етіп жүріп, үйлендім. Құдай қосқан қосағым екеуіміз 5 бала сүйдік. Берекелі отбасымыздың шамын жағып, түтінін түтетіп отырғанымызға қырық жылдан асады. Осы аралықта отбасылық өмірдің қызығын бірге көріп, суығына бірге тоңып келеміз. Бұл зайыбым екеуіміздің арамыздағы бір-бірімізге деген сыйластықтың белгісі деп ойлаймын.
Мен 45 жаста болғанда үлкен ұлым Руслан үйленіп, қуанышқа бөлендік. Ол ауылдан өзімен бірге оқыған Светлана есімді бойжеткенмен отау тікті. Осылай екі жастың қызығына бөленіп, жұрт қатарлы күйбің тірлікпен жүрген күндердің бірінде ұлымыздан көз жазып қалдық. Тұңғышымыз 25 жасқа толуына 1 ай қалғанда бүйректен ауырып, кенеттен қайтыс болды. Немерем Данат ол кезде небәрі 2 жаста ғана. Келінім Светлананың жоғары білімі жоқ. Мектепті аяқтаған соң есепші мамандығы бойынша оқыған, кейін отау құрып, баламен, үй шаруасымен қазан-ошақ басында қалды. Ұлымыздың қайтқаны жанымызға батып, жүрекке жара салды. Әлі оң-солын да танып үлгермеген кішкентай ғана немеремнің болашағына алаңдадым. Өмір жолында Құдай қосқан қосағынан ерте айрылып, ащы мұң өзегін өртесе де, біздің жағдайымызды ойлап, жалғыз қызымыз Раушанға – апа, қайныларына жеңге бола білді. Данат немеремізді Дидар есімді жиенімізбен бірге тәрбиелеп өсірдік. Келінім сырттай оқуға түсіп, мектепке мұғалім болып қызметке орналасты. Осылай ақырын күн артынан күн өтіп жатты. Көз алдымызда құлыншақтай еркелеп ержетіп келе жатқан немереміз қайғыдан қан жылаған жүрегімізді шуаққа бөлеп, мұңымызды сейілткендей болды.
1999 жылы Русланымның (қайтқан ұлым) туған күні болатын. Жұмыстан 2 сағатқа сұранып үйге келіп, елдің ақсақалдарын жинап, келініме: “Қызым, біз саған ризамыз”, – деп бетінен сүйіп, батамды бердім. Қайтейін, Алланың жазуы осылай болды. 7 жыл бізбен бірге тұрып, туған ата-анасындай сыйлап, алдымызды қия басқан жан емес. Келген жеріне судай сіңіп, тастай батқан келініміз туған қызымыздай болып, ақылымен жүрекке жол таба білді. Үй ішіндегі шаруаға да, өзінің жұмысына да, бала тәрбиесіне де уақыт тауып, бүкіл айналасына ілтипаты мен шарапатын шашқан кеңпейіл жан. Оның өмірге деген іңкәрлік сезімінен, ақыл-парасатынан көпке үлгі алуға болады. Шаңырағымыздың ырыс-құты бола білген келініміз – ізетті де инабатты, өн бойынан кішілік пен мейірімділік есіп тұратын адам. Осы жылдар арасында отын жағып, ұрпағын өсіріп, қос қарияның көңілін тауып, ауылдың ілтипатына бөленді. Мұның барлығы бабамыздан қалған дәстүрдің қадір-қасиетінен дарыған ұшқын десем, артық айтқаным болмас.
Ұлт тәрбиесі келіндердің иіліп отырып шай құйғанынан, үлкендерді құрметтеуінен, баланы емірене еркелеткенінен басталады. Ана алақанының сүйіспеншілігінен тараған адами қасиет барлық ұрпақтың бойына дариды. Сондықтан да қыздарымызға жақсы тәрбие беруден жалықпайық. Өйткені, олар – болашақ келіндер, әр үйдің шаңырағына шуақ болып шашылар шамшырақтар. Өз басым тағдырдың тартуымен босағамызды аттаған келінімнің өмір сынағынан сүрінбей өтіп, құрыштай шыныға білгеніне ризамын.
Ұлым қайтқанда артында қалған ұрпақ жалғасы – Данатымды қанаттыға қақтырмауға, тұмсықтыға шоқыттырмауға тырысқан анасы аман-есен өсірді. Жырақта жүрсе де, жол түскенде немереміз бізге келіп, хабарласып тұрады. Әкесінен 2 жасында қалған балапанымыз бүгінде ержетті. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін ойдағыдай тамамдап, өзі таңдаған маман иесі атанды. Біз үшін оның әр жетістігін көру – бір ғанибет.
Баламнан қалған тұяқтың қанат жайып, арманға ұмтылып, өмір өзенінде өз орнын табуына демеу болып, әрдайым қолдау бола білген анасының қайсарлығы, шыдамдылығы мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Қазақтың осындай қарапайым мінезді келіндері көп болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бар өмірін ұлына арнап, соны бағып-қаққан келінімізге туған қызымыздай бауыр басып кеттік. Қиялға қанат бітіріп, өмір көкжиегін кеңейтетін жақсы келіндер барда, немерелер неге тәтті болмасқа?!.
Сұлтанғали ОСПАНОВ.
Айымжан ауылы,
Жамбыл ауданы.