Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты халыққа Жолдауы – қазіргі әлемдік экономикалық, саяси, рухани дағдарыс жағдайындағы ел тағдырын тығырықтан алып шығатын жолды көрсететін аса маңызды құжат. Жолдау дағдарысқа қарсы басты үш міндетті – өсім, реформа, даму бағытын анықтап, жаңа жаһандық нақты ахуалдағы еліміздің келешекке беталысын айқындап берді. Елбасы Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы үшін алдымызға зор міндеттер қойды. Солардың бірі – білім мен ғылымды дамыту арқылы ел экономикасын нығайту.
Ел экономикасын дамыту жастардың білімділігін, біліктілігін, мәдениетін, тәлім-тәрбиесін, қажырлы да еңбекқор болуын талап етеді. Сол себепті мұғалімдерге білім беруде, кәсіби маман даярлауда үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Елбасының Жолдауда “Қазір ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген адам озады” деп бағыт беруі – оқушылар мен оқытушылардан ғылыми ізденіс пен кәсіби шеберлікті, біліктілікті талап еткені деп түсінуіміз қажет.
ХХІ ғасырда жалпы адамзаттың даму жолын білім мен ғылым айқындайды. Әлемдік даму үдерісінде білім мен ғылым өмір сүрудің негізгі тетігі болғаны қашан. Біздің аудандық білім беру саласының дамуы және жетілуі Тәуелсіздік жылдары қабылданған бағдарлы құжаттардың жүзеге асуымен тікелей байланысты. Мәселен, білім беру ұйымдарында “Мәңгілік Ел” жалпы-ұлттық идеясын түсіндіру бойынша іс-шаралар оқушылар мен жастардың бойында рухани адамгершілік құндылықтар мен қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге жағдайлар жасап, оларды өзіндік шешім қабылдауға, еліміздің тағдырына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуде. Сондықтан біздің педагогикалық күш-қуатымыз шығармашыл, талантты, халқын, Отанын жақсы көретін азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған.
Білім беру балабақшадан басталады. Бүгінде аудан бойынша мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезекке тұрғандар жоқ. 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің барлығы мектепке дейінгі білім берумен толықтай қамтылған. Осы орайда ауданда мектепке дейінгі білім берудің алдына қойылған тапсырмалардың оңтайлы шешілуіне жеткілікті жағдайлар жасалынған деуге толық негіз бар.
Жыл сайын білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда, оның нәтижесі көңіл қуантады. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы Волошинка және Ильинка орта мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі таңда ауданның 39 мектебінде 3222 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылы аудан мектептерін 185 түлек тамамдап, олардың 41 пайызы білім беру гранттары бойынша жоғары оқу орындарына түсті.
Үстіміздегі оқу жылы – бірінші сыныптың мұғалімдері мен оқушылары үшін ерекше жыл. Себебі, білім берудің мазмұнын жаңартуға көшу басталды. Бірінші сынып табалдырығын аттаған 352 бүлдіршін жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес Назарбаев Зияткерлік мектебінің бағдарламасы негізінде дайындалған оқулықтарды пайдалануда. Жаңартылған бағдарлама бойынша педагогтер біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, бірінші сынып оқушылары үшін толық көлемде оқу кітаптары сатып алынды.
Ұлы ақын, жерлесіміз Мағжан Жұмабаев: “Балаларды тәрбиешілер сияқты тәрбиелеу қажет емес, оларды болашақ заман талабына сәйкес тәрбиелеу қажет”, – деп атап көрсеткеніндей, бүгінгі күн – жоғары білікті, білгір, бірнеше тілді меңгеретін тұлғалардың уақыты. Осындай кадрларды даярлау бірінші кезектегі міндет болса, ол білім мазмұнын жаңарту арқылы шешілмек.
Түрлі сайыстарда жетістікке жету оқушылардың бәсекеге қабілетті екендіктерін айғақтайды. Үстіміздегі жылы оқушылар арасында өткен республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар сайысының облыстық кезеңінде Бұлақ орта мектебінің оқушысы Алтынай Қапалова үшінші орын иеленіп, республикалық кезеңге қатысты. Зерттеу жұмыстарына қызығушылық танытқан қабілетті және дарынды оқушыларды анықтап және оларға қолдау көрсетуге басымдық берілген. Осының арқасында оқушылардың зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының “Зерде” республикалық конкурсының облыстық кезеңінде №3 Явленка орта мектебінің оқушысы Аружан Базарбай – екінші орынды және Тауағаш орта мектебінің оқушысы Әлия Жаңабаева үшінші орынды иеленді. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың облыстық кезеңінде №1 Явленка орта мектебінің оқушысы Светлана Смолина екінші орынды иеленіп, республикалық кезеңде облыстың намысын қорғап, мақтау қағазына ие болды. Осы жылдың үлкен жетістіктерінің бірі – №1 Явленка орта мектебі оқушыларының командасы облыстық “Мен – чемпионмын!” спорттық ойынының және “Қауіпсіз доңғалақ” жас инспекторлар жарысының қола жүлдегерлері атанды. “Жеңіс салюты” облыстық әскери конкурста Чириковка орта мектебінің командасы үшінші орынды қанжығаларына байлап қайтты.
Әлемдік дағдарыс тек экономика саласында ғана емес, рухани, мәдени, білім беру бағытына да салмақ түсірері анық. Елбасы айтып өткендей, бұл қиыншылықтарды “Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін” деген қағиданы ұстанып, аянбай тер төгіп, адал еңбек ету арқылы жеңіп, тығырықтан шығатынымызға сеніміміз мол.
Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Білімсіз оқушыдан жақсы маман шықпайтыны тағы белгілі. Мемлекет тарапынан қолға алынған оңтайлы өзгерістер, жасалып жатқан түрлі шаралар, жаңашыл бастамалар өз жемісін беріп, бүгінде қазақстандық оқушылар өркениетті елдердегі қатарластарымен білім жарыстыра алатын деңгейге көтерілді. Бүгінгі мақсатымыз білім жарысында көш бастау болмақ.
Гүлжиян ТАШМАҚАНОВА,
Есіл аудандық білім бөлімінің басшысы.