Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегенов баспасөз мәслихатында 2016 жылдан бастап жылу тарифінің өзгеруіне қатысты түсініктеме берді.
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне тарифтің өзгеруі туралы хабарлама жасаған Арман Өтегенов аталмыш департамент жұмысының шеңберінде қабылданған шешімдермен таныстырды.
– Жаңа тарифтік саясат тұтынушылар мүддесін қорғап, инвестиция салуды қамтамасыз етеді. Жылу-электр энергетикасы саласындағы базалық табиғи монополиялар субъектілері бойынша “СевКазЭнерго”, “Солтүстік Қазақстан Электр желілерін тарату компаниясы” акционерлік қоғамдары мен “Петропавл жылу жүйелері”, “Севказэнергосбыт” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өтінімдері қаралды. Өтінімдерді қарау нәтижесі бойынша 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғалар үшін жылу – 9, заңды тұлғалар үшін 25,48 пайызға қымбаттайды, – дей келе Арман Тұрсынұлы энергия үнемдеудегі мемлекеттік жалпы саясатты жүзеге асыру барысында 2017 жылдан бастап тұрғын үйлерде жылу энергиясын есептегіш құралдарының болуы немесе болмауына байланысты сараланған тарифті енгізу көзделіп отырғанын жеткізді. Ол 2016 жылы – 15, 2017 жылы – 10, 2018 жылы – 6, 2019 жылы – 16,5, 2020 жылы 7,5 пайызға артып, бесжылдық кезең бойынша бұл көрсеткіш 69 пайызды құрайтын болады. Қазіргі күні ағымдағы тариф сомасы 3,013 мың теңгені құраса, 2020 жылға қарай орташа тариф сомасы 5,094 мың теңге болады. Ал 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтынушылар жылу үшін 3474 теңге төлейді.
Отырыс барысында 2017 жылдан бастап сараланған тариф енгізілетіндігі сөз болды. Осы орайда департамент басшысы тұрғын үйлердің жертөлелерінде жылу энергиясын есептегіш құралдар орнатылуы қажет екенін айтып, тұрғындарды бұл мәселеде барынша белсенділік танытуға шақырды. 2017 жылы жылу энергиясын есептегіш құралдары болмаған жағдайда тұрғындар 28 пайыздық көрсеткішпен жылу ақысын төлеуге міндетті. Егер есептегіш құралы болса, төлемақы 0,21 пайызға төмендейді. Қазір тұтынушылар тұрғын үйдің шаршы метріне 87 теңге төлесе, келесі жылдан бастап 95 теңге болады. Ал есептегіш құралы болмаған жағдайда 2020 жылы бұл көрсеткіш, шамамен, 148,5 теңгені құрайды. Бұл мәселеде тұрғындар “Севказэнергосбыт” ЖШС-нің көмегіне жүгіне алатынын еске сала кетуіміз керек.
Жылумен жабдықтау тарифінің соңғы үш жыл бойы еш өзгеріссіз болғанын да баса айтып өткен жөн. Арман Өтегеновтің айтуынша, көмір мен қосымша материалдардың қымбаттауы, салық төлемдерінің енгізілуі мен өзге де себептер тарифтің өсуіне ықпал еткен. Сондай-ақ, “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС несие алып, жылу құбырларын қайта қалпына келтіру мақсатында жаңғырту жұмыстарын жүргізетін болады. Өйткені, бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы жылу құбырларының 72 пайызы ескірген. Құбырларды жаңарту үшін 5 жылда 11 миллиардтан астам қаржы жұмсалатыны белгілі болды. Инвестициялық бағдарламалардың жалпы сомасы 20 миллиардтан астам теңгені құрайды. Бесжылдық кезең бойынша монополистер тарифті 167,8 пайызға өсіруді өтінген, алайда Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің араласуымен бұл көрсеткіш 69,7 пайызды құрап отыр.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.