«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕДЕЛ ДАМУҒА СЕРПІН БЕРМЕК

2017 жыл еліміздің өміріндегі тағы бір аса маңызды оқиғамен айшықталмақ. Алматы қаласында ХХVІІІ қысқы Универсиада ойындарының жалауы көтерілетін күн де жақындап келеді.

Қазақта “Тойдың болғанынан боладысы қызық” деген мақал бар. Қазақстандықтар үшін дүниежүзілік деңгейдегі шараны өткізудің маңызы зор. Өйткені, жоғары дамыған ондаған ел тартысқа түсетін халықаралық дәрежедегі сайысты өткізуде біздің елімізге сенім артылуы биік мәртебе екені сөзсіз. Сондықтан дайындық жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Спорттық шараның елімізді әлемге танытудың тағы бір жолы екені, айтпаса да түсінікті.

Бұған дейін Азиада додасын жоғары деңгейде ұйымдастырған Қазақстан үшін қысқы Универсиада ойындарын абыроймен өткізу міндеті тұр. Қысқы Универсиада – тұрғындар арасында саламатты өмір салтын насихаттап, спорт пен дене шынықтыруға барынша қолдау көрсетудің бірден-бір жолы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында елдің болашақтағы бағытын айқындауда дене тәрбиесі мен спорттың дамуын, саламатты өмір салтын қалыптастыруды әрдайым тілге тиек етеді. Дүниежүзілік деңгейдегі дүбірлі дода біздің елімізге инвестиция тартып, Қазақстанның даңқын шығаруға, танымалдылығын арттыруға серпін беретіндігімен маңызды. Бір сөзбен айтқанда, 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада ойындары елдің ішкі және сыртқы өмірі мен экономикасына, спорты мен туризміне оң әсер ететін ірі халықаралық спорттық шара болмақ.

Дүниежүзілік Универсиада – өте жауапты әрі бәсі бөлек бәсеке. Бір сөзбен айтсақ, бұл жарыс – студенттердің Олимпиадасы. Спорт бәсекесіне қатысатын спортшылардың жасы 17-ден төмен, 28-ден жоғары болмауы тиіс. Талай дарынды жастарға үлкен жетістікке апарар баспалдақ болатын дүбірлі додаға атақты отандастарымыз да қатыспақ. Үміткерлердің қатарында Денис Тен (мәнерлеп сырғанау), Айдар Бекжанов, Абзал Алғалиев, Нұрберген Жұмағазиев және Денис Никиша (шорттрек) бар. Сондай-ақ, солтүстікқазақстандық спортшылар да жарыста сынға түсуге ынталы. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, әзірге сайысқа қатысуға үміткер спортшылардың тізімі бекітілген жоқ. Бүгінде бұл тізімге кіргендердің ішінен Роман Кречті, Федор Андреевті, Иван Аржанниковты, Татьяна Климчукты, Светлана Мальцеваны, Мария Громованы (коньки спорты), Ринат Мухинді (шаңғы сайысы), Дмитрий Гарагульді (керлинг) айтуға болады. Бұл спортшылар – халықаралық сайыстарда жеңіске жетіп жүрген саңлақтар. Ал Роман Креч жуырда Қытайдың Харбин қаласында конькимен сырғанаудан өткен әлем кубогының бір кезеңінде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Алдағы уақытта бұл тізім өзге де жерлес спортшылармен толығуы мүмкін. Жарыста біздің өрендеріміз жоғары нәтиже көрсетіп, толағай табысқа қол жеткізетініне еш күмән келтірмейміз. Оған спортшыларымыздың күш-жігері де, қабілеті де жетеді.

Спорттық нысандарды Универсиада өткен соң да пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Әлемде байрақты жарыс аяқталған соң арнайы салынған нысандарды ел игілігіне жарата алмай, қазына қаржысын желге ұшырған елдер бар. Бізде осы мәселе терең зерттеліп, өзгелердің қателігін қайталамау жағына жіті мән берілді. Елбасының өзі: “Нысандар тек жарыс өтіп жатқанда ғана емес, барлық уақытта жұмыс істеп тұруы тиіс. Нысандарды ұстау, жылу мен жарыққа жұмсалатын шығынды есептеу қажет”, – деп қадап айтқан болатын.

Универсиаданың Алматыда өтуіне орай бірқатар зәулім спорт кешендері бой көтерсе, тағы біразы күрделі жөндеуден өтті. “Алматы Арена” және “Халық Арена”, “Шымбұлақ”, “Медеу”, “Сұңқар” трамплині, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы, “Алатау” шаңғы-биатлон стадионы және Алматы облысындағы “Табаған” кешені универсиададан кейін де ел игілігіне жұмыс істейтін болады.

Халықаралық студенттер ойындарына билеттер де сатылымға шықты. Сайыстардағы билеттердің бағасы 300-ден 3500 теңге аралығында, яғни қолжетімді болмақ. Ал 12 мың орынға шақталған мұз айдынында өтеді деп жоспарланған спорттық шараның салтанатты ашылу және жабылу рәсіміне кіру құны 3 мың және 15 мың теңге аралығында бағаланған. Сарапшылардың топшылауынша, билеттерді сатудан бюджетке 200 млн. теңгеге жуық қаржы түсуге тиіс.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp