«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМЕЛ КЕЛЕШЕКТІҢ НЫШАНЫ

Бүгінгі таңда елімізде латын əліпбиіне қатысты тағдыршешті жоба кеңінен талқылануда. Кеше Қазақстан халқы тілдерінің ХІХ облыстық фестиваліне орай өткен “Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы” форумы барысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов жаңа əліпби жаңарған елдің нышаны ретінде сананы сілкіндіріп, жадыны жаңғыртатынын, тілге тəуелсіздік əперіп, мəдени тұтастықты орнықтыратынын, ақпарат кеңістігін дербестікке жетелейтіндігін атап өтті.

Жаһандану мен ақпараттық технологиялар жедел дамып жатқан ғасырда тілді жаңғырту мəселесін көтеруіміз – еліміздің бəсекеге қабілеттілігі мен инновациялық әлеуетін арттырудың, адам капиталының дамуы сияқты стратегиялық жоспарларға қол жеткізудің қамы.

– Латын графикасына көшу бұл мемлекеттік тілдің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік береді. Жаңа графика халықаралық ақпарат әлеміне тиімді жол ашады. Дамудың жаңа белеске шығуына, түркітілдес халықтардың өзара байланысын арттыруына, заман талабына сай жас ұрпақтың ағылшын тілін меңгеруіне зор ықпалын тигізеді. Сондай-ақ, Қазақстан этностардың тілі мен мәдениетін дамытуға, балалардың өз ана тілдерінде білім алуына жағдай жасап отырған бірден-бір мемлекет. Бұл – әлемдік тәжірибеде өте сирек кездесетін құбылыс. Ел бірлігін нығайтатын асыл құндылықтар қазақстандықтардың бойында патриотизмді арттыра түседі. Дәстүрлі тілдер фестивалі – бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан жерлестерімізді табыстыратын игі іс-шаралардың бастауы, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысының бұл сөзін бірнеше тілді меңгеріп, болашағына сеніммен қараған түрлі сала мамандары мен жастар да қолдады. Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының қызметкері,полиция лейтенанты Марина Писаренко жиырмадан астам этнос өкілі еңбек ететін құрылымда мемлекеттік тілдің дамуына және оның кеңінен қолданылуына барлық жағдай жасалғанын айтса, “Тіл шебері” облыстық байқауының жеңімпазы, мемлекеттік қызметші Ержан Зәйтөнұлы көп тіл білгеннің өресі биік, дүниетанымы кең екенін тілге тиек етті. Ал №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің 11-сынып оқушысы Тимофей Артоболевский ана тілін үйренуіне жағдай жасаған елдің мемлекеттік тілін үйренуді, оны жаңғырту үшін жасалған маңызды қадамды қолдауға шақырды.

Қазақ тілін меңгеру арқылы танымын тереңдеткен Қызылжар ауданы Белое орта мектебі қазақ тілі пәнінің мұғалімі Светлана Магуянова мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Богдан Петровтың: “Әліпби өзгерту бір күнде, тіпті, бір жылда да жүзеге асатын үдеріс емес. Қанатқақты жоба ретінде қолданысқа енгізілгеннен кейін, уақыт өте келе қол да, көз де үйреніп кетеді. Ең бастысы, рухани жаңғыруға нақты қадам жасалды”, – деген ойлары бір арнаға тоғысты. Ал Ұлттық ұлан әскери институтының курсанты Гарик Арутюнян армян этносы өкілдері латын əліпбиіне көшу идеясын қолдайтындығын жеткізді. “Латын əліпбиіне ауысу қадамы бізге ұзақ мерзімді келешекте экономикалық пайда əкеліп қана қоймай, латынданған өнімді кириллицаға аударуға жұмсайтын уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді ”, – деді ол.

Осылайша, өңірімізде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы мемлекеттің саясатын қолдайтындықтарын білдірді.

Фестиваль барысында қазақ тілінің дамуына елеулі үлесін қосып, жанашырлық танытып жүргендер марапатқа ие болды. Бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, Шал ақын ауданы – “Мемлекеттік тілде құжат жүргізуші үздік аудан”, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы – “Қазтест” бойынша “Мемлекеттік тілді меңгерген үздік мекеме”, “Гулливер” балабақшасы мен Тайынша ауданы – “Қазақстан халқы тілдерінің белсенді насихаттаушысы”, Ресейдің Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы – “Шекаралас ынтымақтастықты нығайтудағы үлесі үшін”, “Реклама Сервис.kz” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – “Мемлекеттік тілді насихаттауда үздік жарнама агенттігі”, Петропавл қаласының пікірсайыс қауымдастығы “Мемлекеттік тілді насихаттауда үздік мемлекеттік емес ұйым” аталымдары бойынша марапатталды.

Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті де мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға үлес қосқандарға Алғыс хат табыстады.

Осындай салтанатты сәт өңіріміздің өнер ұжымдары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласып, түрлі ұлттың әні мен биі көңіл-күйді көтерді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp