Қазақтың сайын даласы өнерпаздан кенде емес. Елімізге танымал театр және кино актері, “Тұңғыш Президент – Елбасы қоры” сыйлығының иегері Дәурен Серғазин – дарынды жастар көшін бастаған өнерпаздардың бірі. “Жаужүрек мың бала”, “Қара шаңырақ”, “Ән-Аға” сынды киноларға түсіп, көпшіліктің көзайымына айналған актердің өнеріне жақында қызылжарлықтар да тәнті болды. Қазақ өнерінде өзіндік орны бар, жас та болса жарқын жетістіктерімен көзге түсіп жүрген өнер иесімен болған әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Дәурен Серікбекұлы, Қызылжар өңіріне қош келдіңіз. Әлбетте, көпшілік қауымға танымал адамдардың өмірі, өскен ортасы ерекше қызық. Сондықтан әңгіменің әлқиссасын туған жеріңізден, қанат қаққан айдыныңыздан бастасаңыз.
– Мен Теміртау қаласында дүниеге келдім. Бірақ балалық шағым Талдықорғандағы Қапал деген ауылда өтті. Орта мектепті тамамдаған соң Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алдым. Академияның соңғы курсында бізге елордадан ұсыныс түсті. Осылайша, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбай бір топ жастың басын қосып, Сарыарқа төсінде “Жастар” театрын құрды. Сол күннен бастап аталмыш театрда жұмыс істеймін. Ал өнерге құштарлық алтын бесік – ауылдан басталды. “Әу” демейтін қазақ жоқ. Ата-анам да өнерге жақын. Жалпы, өнер – бұл Алланың маған берген ең үлкен сыйы. Ата-анамның мен үшін жасаған дұғасы қабыл болып, бағымды өнерден таптым.
Мен басында киноактер боламын деп алдыма мақсат қойдым. Ауылдың қаратабан баласы театр дегенді қайдан білсін? Кейін оқу барысында рухани ордамен танысып, театрға құштарлығым оянды. Қазір театр мен киноны қатар алып жүрмін.
– “Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын”, – деген екен қазақтың сахна және кино өнерінің саңылағы Шәкен Айманов. Театр мен киноның айырмашылығы, өзіндік ауыртпалығы бар. Екі тізгінді тең ұстау қиындық туғызбай ма?
– Әрине, кез келген жұмыстың ерекшелігі мен қиындығы болады. Осы саланы жан-тәніммен құлай сүйгендіктен, кез келген жағдайға түсіністікпен қараймын. Жалпы, өнер жолы ауыр ғой. Театр мен киноның әрқайсысының өз бағыты, ұстанымы бар. Кәсіби әртіс екеуін де жатырқамауы қажет. Қазір заманның талабы да соған саяды. Театрда жетіспеген дүниені кинодан аласың немесе керісінше болуы мүмкін. Бірақ киноға қарағанда менің көп уақытым театрда өтеді. Өзіңді бабыңда ұстауға театрдың көмегі көп. Ал киноға күнде түсе бермейсің. Жылына бір-екі рет қана түсірілім болуы мүмкін.
Әрбір жетістік үлкен қиындықпен келеді. Сахнадағы образдарды сомдау қаншалықты қиын болса, өнерден соншалық ләззат аламын.
– Өзіңіздің бір сұхбатыңызда “Кино әлемінде басқа қырымнан көрінгім келеді. Шәмші маған сол мүмкіндікті берді” депсіз. Бұдан өзіңізге сын көзбен қарайтыныңыз аңғарылады. Өзіңізге қандай талаптар қоясыз? Жалпы, режиссер ұсынған рөлдердің бәріне келісе бересіз бе?
– Кез келген кейіпкердің бейнесін ашу үлкен еңбекті талап етеді. Кейде әттеген-ай дейтін тұстар да болады. Өнерге мен әрқашан сын көзбен қараймын. Адам өз-өзіне сынмен қарамаса, басқаның да сынын қабылдай алмайды. Театрдың бір ерекшелігі – қойылымда ойнаған образыңды келесі бір сахнада одан да әсерлі, жақсы көрсетуге болады. Ал кино бір сәтте түсірілетіндіктен, ондай мүмкіндік болмайды. Кейін бармағымды тістеп қалмау үшін әр рөлді ойнағанда жан-тәніммен, шынайы берілемін. Экранға шыққан соң кем-кетіктер кездессе, содан сабақ алып, ой түйемін. Әр адам қолға алған шаруасын жақсы дайындықпен бастаса, кез келген дүние сәтті шығады. Мен де осы қағиданы ұстанамын. Көрерменнің көңілінен шығу үшін әр образды терең зерттеймін, көп ізденемін. Әсіресе, тарихи кейіпкерлерді сомдау қиын. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын “Хабар” арнасының тікелей тапсырысымен түсірілген Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығы туралы режиссер Жасұлан Пошановтың “Ән-Аға” деректі көркем драмасында басты рөлді сомдадым. “Қазақ вальсінің королі” атанған композитордың өмірі мен шығармашылығы жұртшылыққа етене таныс. Аты аңызға айналған ағамыздың көзін көрген, жақын араласқан адамдар арамызда жүр, сондықтан рөлдің жауапкершілігі зор екенін сезіндім. Жалпы мен шығармашылық ізденісте өзімді көп қинайтын адаммын.
Осы күнге дейін “Жер мен көктің арасы”, “Ұйқым келмейді”, “Іздеп таптым сені”, “Алғашқы махаббат” атты бірнеше спектакль қойғанымды да айтып өткім келеді. Бірақ мен өзімді режиссермін дей алмаймын. Бұл – менің хоббиім. Жүректе шабыт шалқыса, ән жазатыным да бар.
– Театрға көрермен жинау өзекті мәселе екені жасырын емес. Театрдың болашағын қалай елестетесіз? Киноға біржола бет бұру ойда бар ма?
– Театрда бірталай жетістіктерім бар. Бәлкім, біреуге аз, біреуге көп шығар. Құдайға шүкір, көптеген қойылымда басты рөлдерде ойнау бұйырды. Бұдан да зор белесті бағындырғым келеді. Өмірде қанағатшыл адам болсам да, өнерде ашпын. Мен өнерге ғашықпын. Сондықтан болашақты болжағым келмейді. Тағдыр не жазса, соны көреміз. Дәл қазіргі уақытта театрды тастап, киноға кету ойымда жоқ. Театр мен киноны қатар алып жүргім келеді.
– Бүгінде отандық кино саласы қарқынды дамуда. Құдайға шүкір, кейінгі жылдары Қазақстанда кино көп түсірілді. Көрермендердің көңілінен шыққан қазақша фильмдер де аз емес. Алайда, кейбір киноларда ойнайтын қазақ актерлерінен жасандылық байқалады. Бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен дарындардың еңбегін жоққа шығармаймын. Десе де, қазақтілді актерлерге шынайылық жетіспейтін сияқты?
– Шыны керек, осындай пікірді біз жиі естиміз. Қазақ актері деген атаққа кір келтірмес үшін өзім барынша тырысамын. Әріптестерімнің де рөлді сомдауда жасандылыққа жол бермегенін қалаймын. Адам шынайы болса, сырт көзге тартымды ғой. Сондықтан көрерменді сендіру үшін көп жұмыс істеймін. Сахнадағы серіктестерімнен де соны талап етемін. Өзімнің замандастарымның өнеріне де сын көзбен қараймын. Өнерде жасандылық болмауы керек. Замандастарымнан кемшілікті байқасам, түзеуге тырысамын. Көрерменге сапалы өнім ұсынғанға не жетсін?! Келіспейтін тұстарым болса, режиссерге өз ойымды айтып, бір мәмілеге келеміз. Бірнеше жыл түсірілім алаңынан қол үзіп қалсаң, киноның заңдылығына бағыну қиын. Дегенмен, қазір кино мен театрды қатар алып жүрген дарынды жастар көп. Ал актерлік шеберлік тәжірибемен, ізденіспен, үлкен еңбекпен қалыптасады. Өкінішке қарай, көп режиссерлер актерлермен жұмыс істей алмайды. Актерді толыққанды аша алмағандықтан, кейде осындай жасандылық байқалады. Кейінгі жылдары арзанқол, сапасыз туындылар шығуда. Ондай өнімдерді көбінесе кәсіби деңгейі төмен мамандар түсіреді. Бәлкім, бәсекелестік қалыптастыру үшін оның пайдасы да бар шығар. Кейде телеарналар бір айда бірнеше киноға тапсырыс береді. Асығыстықтан сапасыз дүние шығады ғой. “Арзанның жілігі татымас” демекші, кейде көп мәселе ақшаға келіп тіреледі.
– Өнерде сәтсіз шыққан жобаларыңыз бар ма?
– Осы күнге дейін он шақты киноға түстім. Оған да, шүкір. Әр жоба мен үшін тәжірибе әрі сынақ. Шыны керек, арзанқол дүниелер болды. Бірақ оған ешқашан өкінген емеспін. Оны да көріп, одан да ой түю керек. Жылына он шақты киноға шақыру түссе, соның біреуін ғана таңдап алуым мүмкін. Біреу болса да, құнды киноға түскен жақсы. Өйткені, кино көрерменді тәрбиелейді, онда үлкен идеология бар. Сондықтан бұл жоба маған не береді деген сауалға жауап іздеймін. “Qazaqstan” ұлттық арнасының тапсырысымен жақында әскери киноға түстім. Бұйырса, қараша айында көрерменге жол тартады. Оның бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар. Біз үшін көрерменнен артық сыншы жоқ.
– Танымалдылық өміріңізге әсер етті ме?
– “Жастар” театры ең алғаш көрерменге “Ревизор” спектаклімен танылды. Бұл қойылым біздің бағымызды ашты. Театр фестивальдарында “Ең үздік ер адам бейнесі” аталымын жеңіп алып, көптеген марапаттарға ұсынылдым. Одан соң киноға ұсыныс түсе бастады. Актерлік өміріме даңғыл жол салған көркем туындыларды халық жақсы біледі. Сондықтан танымалдылық өміріме әсер еткен жоқ деп айта алмаймын. Біз періште емес, пендеміз ғой. Сәл масаттансам, өткен күндерді еске алып, өзімді сабырға шақырамын. Кей кезде дандайсып кетсем, ұстазым Нұрқанат Жақыпбай тәубеме тез түсіреді. Бірақ өзімді “жұлдыз” санап, ешкімге көкірек керген емеспін. Өз-өзіме көп есеп беремін. Отбасы әр адамның алтын ұясы ғой. Отбасымды жасырған емеспін. Бірақ мені халық актер ретінде таныды. Сондықтан көрермен жеке өмірімді емес, өнерімді бағаласа екен деймін.
Сұхбаттасқан Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.