«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КИНО КӨРЕРМЕНДІ ТӘРБИЕЛЕЙДІ”

Қазақтың сайын даласы өнерпаздан кенде емес. Елімізге танымал театр және кино актері, “Тұңғыш Президент – Елбасы қоры” сыйлығының иегері Дәурен Серғазин – дарынды жастар көшін бастаған өнерпаздардың бірі. “Жаужүрек мың бала”, “Қара шаңырақ”, “Ән-Аға” сынды киноларға түсіп, көпшіліктің көзайымына айналған актердің өнеріне жақында қызылжарлықтар да тәнті болды. Қазақ өнерінде өзіндік орны бар, жас та болса жарқын жетістіктерімен көзге түсіп жүрген өнер иесімен болған әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Дәурен Серікбекұлы, Қы­зылжар өңі­ріне қош келдіңіз. Әлбетте, көпшілік қа­уымға та­нымал адамдардың өмірі, өскен ортасы ерекше қызық. Сондықтан әңгіме­нің әлқис­сасын туған жеріңізден, қанат қаққан айдыныңыздан бастасаңыз.
– Мен Теміртау қаласында дү­ниеге кел­дім. Бірақ балалық шағым Талдықорған­да­ғы Қапал деген ауылда өтті. Орта мектепті тамамдаған соң Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясын­да білім алдым. Академияның соңғы кур­сын­да бізге елордадан ұсыныс түсті. Осы­лай­ша, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, ұстазы­мыз Нұрқанат Жақыпбай бір топ жастың басын қосып, Сарыарқа төсінде “Жастар” театрын құрды. Сол күннен бастап атал­мыш театр­да жұмыс істеймін. Ал өнер­ге құштарлық алтын бесік – ауыл­дан басталды. “Әу” демейтін қа­зақ жоқ. Ата-анам да өнер­ге жа­қын. Жалпы, өнер – бұл Алланың ма­ған берген ең үлкен сыйы. Ата-анамның мен үшін жасаған дұға­сы қабыл болып, бағым­ды өнер­ден таптым.
Мен басында киноактер бола­мын деп алдыма мақсат қойдым. Ауылдың қарата­бан баласы театр дегенді қайдан білсін? Кейін оқу барысында рухани ордамен та­нысып, театрға құш­тар­лығым оянды. Қазір театр мен киноны қатар алып жүрмін.
– “Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсіне­тін орын”, – деген екен қазақ­тың сахна және кино өнерінің саңылағы Шәкен Айманов. Театр мен киноның айырма­шылығы, өзіндік ауырт­палы­ғы бар. Екі тізгінді тең ұстау қиындық туғызбай ма?
– Әрине, кез келген жұмыстың ерекшелігі мен қиындығы бола­ды. Осы саланы жан-тә­німмен құлай сүйгендіктен, кез келген жағ­дайға түсіністікпен қараймын. Жалпы, өнер жолы ауыр ғой. Театр мен киноның әрқай­сысы­ның өз бағыты, ұстанымы бар. Кә­сіби әртіс екеуін де жатырқа­мауы қажет. Қазір заманның талабы да соған саяды. Театрда жетіспеген дүниені кинодан аласың немесе керісінше болуы мүмкін. Бірақ киноға қара­ғанда менің көп уақы­тым театрда өтеді. Өзің­ді бабың­да ұстауға театрдың көмегі көп. Ал киноға күнде түсе бермейсің. Жы­лы­на бір-екі рет қана түсірілім болуы мүмкін.
Әрбір жетістік үлкен қиындық­пен келеді. Сахнадағы образ­дарды сомдау қаншалықты қиын болса, өнерден сонша­лық ләззат аламын.
– Өзіңіздің бір сұхбаты­ңызда “Кино әлемінде басқа қырымнан көрінгім келеді. Шәмші маған сол мүмкіндікті берді” депсіз. Бұдан өзіңізге сын көзбен қарайтыныңыз аңғарылады. Өзіңізге қан­дай талаптар қоясыз? Жалпы, ре­жис­сер ұсынған рөлдердің бә­рі­не келісе бересіз бе?
– Кез келген кейіпкердің бей­несін ашу үлкен еңбекті талап етеді. Кейде әттеген-ай дейтін тұстар да болады. Өнерге мен әрқашан сын көзбен қараймын. Адам өз-өзіне сынмен қарамаса, басқаның да сынын қабылдай алмайды. Театрдың бір ерекшелігі – қойылымда ойна­ған обра­зың­ды келесі бір сахна­да одан да әсерлі, жақсы көрсетуге бола­ды. Ал кино бір сәтте түсірілетін­дік­тен, он­дай мүмкіндік болмайды. Кейін бармағымды тістеп қал­мау үшін әр рөлді ойнағанда жан-тә­нім­мен, шынайы берілемін. Экранға шыққан соң кем-кетіктер кездессе, содан сабақ алып, ой түйемін. Әр адам қолға ал­ған шаруасын жақсы дайындықпен баста­са, кез келген дүние сәтті шығады. Мен де осы қағиданы ұстанамын. Көрерменнің кө­ңі­лі­нен шығу үшін әр образды терең зерт­тей­мін, көп ізде­не­мін. Әсіре­се, тарихи ке­йіпкерлерді сом­дау қиын. Мәселен, осыдан бірер жыл бұ­рын “Хабар” арнасының тіке­лей тапсыры­сымен түсірілген Шәмші Қал­даяқовтың өмі­рі мен шығармашылығы ту­ра­лы режис­сер Жасұлан Пошановтың “Ән-Аға” деректі көр­кем драмасында басты рөл­ді сомдадым. “Қазақ вальсінің королі” атан­ған компо­зи­тор­дың өмірі мен шығармашы­лығы жұрт­шы­лыққа етене таныс. Аты аңыз­ға айнал­ған ағамыздың көзін көрген, жақын ара­ласқан адамдар арамызда жүр, сон­дық­тан рөлдің жауапкершілігі зор екенін се­зіндім. Жалпы мен шығармашылық ізденіс­те өзім­ді көп қинайтын адаммын.
Осы күнге дейін “Жер мен көктің арасы”, “Ұйқым келмейді”, “Із­деп таптым сені”, “Ал­ғашқы ма­хаббат” атты бірнеше спектакль қойғанымды да айтып өткім келе­ді. Бірақ мен өзімді режиссермін дей алмаймын. Бұл – менің хоб­биім. Жүректе шабыт шалқыса, ән жазатыным да бар.
– Театрға көрермен жинау өзекті мәселе екені жасырын емес. Театрдың болашағын қалай елестетесіз? Киноға біржола бет бұру ойда бар ма?
– Театрда бірталай жетістікте­рім бар. Бәлкім, біреуге аз, біреу­ге көп шығар. Құдайға шүкір, көп­теген қойылымда басты рөл­дерде ойнау бұйырды. Бұдан да зор белесті бағындырғым келеді. Өмірде қанағатшыл адам болсам да, өнерде аш­пын. Мен өнерге ғашықпын. Сондықтан болашақ­ты болжағым келмейді. Тағдыр не жазса, соны көреміз. Дәл қазіргі уақытта театрды тастап, киноға кету ойымда жоқ. Театр мен киноны қатар алып жүргім келеді.
– Бүгінде отандық кино са­ласы қар­қынды дамуда. Құ­дай­ға шүкір, кейінгі жыл­дары Қазақстанда кино көп түс­ірілді. Көрермендердің көңілінен шық­қан қазақша фильмдер де аз емес. Алай­да, кейбір кинолар­да ойнайтын қазақ актерле­рінен жасандылық байқа­лады. Бұл саланың жілігін шағып, ма­йын ішкен дарындардың еңбе­гін жоққа шығар­маймын. Десе де, қазақтілді актерлерге шы­найылық жетіспейтін сияқты?
– Шыны керек, осындай пікірді біз жиі естиміз. Қазақ актері деген атаққа кір кел­тірмес үшін өзім ба­рынша тырысамын. Әріп­тесте­рімнің де рөлді сомдауда жасан­дылыққа жол бермегенін қалай­мын. Адам шынайы болса, сырт көзге тартымды ғой. Сондықтан кө­рер­менді сендіру үшін көп жұмыс істеймін. Сахнадағы серік­тестерім­нен де соны талап ете­мін. Өзімнің заман­дастарым­ның өнеріне де сын көзбен қарай­мын. Өнерде жасандылық бол­мауы керек. Замандастарым­нан кем­ші­лікті байқасам, түзеуге ты­рыса­мын. Көрерменге сапалы өнім ұсынғанға не жетсін?! Келіс­пейтін тұста­рым болса, режис­серге өз ойымды ай­тып, бір мәмі­леге келеміз. Бірнеше жыл тү­сірілім алаңынан қол үзіп қалсаң, кино­ның заңды­лығына бағыну қиын. Дегенмен, қазір кино мен театрды қатар алып жүрген да­рынды жас­тар көп. Ал актерлік шеберлік тә­жіри­бемен, ізденіс­пен, үлкен ең­бек­пен қа­лыпта­сады. Өкінішке қарай, көп режис­сер­лер ак­тер­лер­мен жұмыс істей алмайды. Актерді то­лыққанды аша алма­ған­дық­тан, кейде осын­дай жасан­ды­лық байқалады. Кейінгі жыл­да­ры арзанқол, сапа­сыз туын­ды­лар шығуда. Ондай өнімдерді кө­бі­несе кәсіби деңгейі төмен ма­мандар түсіреді. Бәлкім, бә­секе­лестік қалыптастыру үшін оның пайдасы да бар шығар. Кейде теле­арналар бір айда бірнеше киноға тапсырыс береді. Асығыс­тық­тан сапасыз дүние шы­ғады ғой. “Арзанның жілігі таты­мас” демек­ші, кейде көп мәселе ақ­шаға келіп тіреледі.
– Өнерде сәтсіз шыққан жобалары­ңыз бар ма?
– Осы күнге дейін он шақты киноға түс­тім. Оған да, шүкір. Әр жоба мен үшін тәжі­рибе әрі сынақ. Шыны керек, арзанқол дү­ниелер болды. Бірақ оған ешқа­шан өкін­ген емеспін. Оны да кө­ріп, одан да ой түю керек. Жы­лы­на он шақты киноға шақыру түс­се, соның біреуін ғана таңдап алуым мүмкін. Біреу болса да, құн­ды киноға түскен жақсы. Өйт­кені, кино көрерменді тәрбие­лейді, онда үлкен идеология бар. Сон­дық­тан бұл жоба маған не береді деген сауалға жауап іздеймін. “Qazaqstan” ұлттық ар­на­сының тапсырысымен жақын­да әскери киноға түстім. Бұйыр­са, қараша айында көрер­менге жол тартады. Оның бағасын өзде­ріңіз бере жатарсыздар. Біз үшін көрер­меннен артық сыншы жоқ.
– Танымалдылық өміріңізге әсер етті ме?
– “Жастар” театры ең алғаш көрерменге “Ревизор” спектаклі­мен танылды. Бұл қойы­лым біздің бағымызды ашты. Театр фес­тивальдарында “Ең үздік ер адам бей­не­­сі” аталымын жеңіп алып, көптеген мара­пат­тарға ұсы­нылдым. Одан соң киноға ұсы­ныс түсе бастады. Актерлік өміріме даңғыл жол салған көркем туын­дыларды халық жақсы біледі. Сондықтан танымалды­лық өмі­ріме әсер еткен жоқ деп айта алмаймын. Біз пе­ріш­те емес, пендеміз ғой. Сәл масат­тансам, өткен күндерді еске алып, өзімді сабырға шақырамын. Кей кезде дандайсып кетсем, ұстазым Нұр­қанат Жақыпбай тәу­беме тез тү­сі­р­еді. Бірақ өзімді “жұлдыз” са­нап, ешкімге көкірек керген емес­пін. Өз-өзіме көп есеп беремін. Отбасы әр адамның алтын ұясы ғой. Отбасымды жасырған емес­пін. Бірақ мені халық актер ретін­де та­ныды. Сондықтан көрермен жеке өмірімді емес, өнерімді бағаласа екен деймін.

Сұхбаттасқан  Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp