«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІСІЛІК ПЕН КІШІЛІК

Тәуелсіз мемлекетіміздің керегесін кеңейтіп, іргесінің берік болуына ер-азаматтармен қатар нәзікжандардың да қосқан үлесі зор. Тәуелсіздігіміздің “тар жол, тайғақ кешкен” кешегісінен бастап оның суығына тоңып, ыстығына күйе білген жандардың қатарына Тимирязев ауылдық округінің әкімі Сайран Байдалинаны да жатқызуға болады.

Еліміз Тәуелсіздігін алып, алды-артын бағамдап жатқан кезде Сайран Байдалина Тимирязев ауданындағы Приозерное ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. Содан бергі ширек ғасырда ол өзінің бойындағы дарыны мен күш-жігерін ауылдастарының әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына арнап, жан-тәнімен беріле еңбек етіп, мойнына жүктелген міндетті адал да абыройлы атқаруда. Ауылдықтардың алғысына бөленіп жүрген Сайран Қабиденқызы күнделікті күйбің тірліктегі тұрғын үй, коммуналдық қызмет, тұрғындардың жеке қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалуы, тағы басқа да жағдайларды жарғақ құлағы жастыққа тимей, дер кезінде шешуге тырысып, талай ұйқы-күлкісіз түндерді басынан өткерді.

Петропавл педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Сайран Байдалина қандай қызметтің тізгінін ұстаса да, өзін жақсы жақтарынан көрсете білді. Ол Приозерное ауылдық округі халық депутаттары кеңесінің төрайымы, ауылдық округ әкімі қызметтерін зор жауапкершілікпен атқарып, еңбекқор, сауатты, өз ісіне шын берілген білікті басшы ретінде көзге түсті.

– Тоқырау жылдарындағы жұмыссыздықты, аудан жұртшылығының алыс және жақын шетелдерге жаппай көшуін де бастан өткердік. Электр жарығы жиі өшіп, су мен газды жеткізуде кідірістер болғаны, жалақының бірнеше айлап қолға тимей, оның орнына макарон, ұн, тағы басқа өнімдерді таратқан, дүкен сөрелерінің қаңырап бос қалған кездері де жадымда. Осындай қиын кезеңдерді ертеңгі күнге деген сенімнің, бейбітшілік пен келісімнің, елдегі тыныштықтың, жақсы адамдардың түсіністігінің арқасында еңсердік, – дейді Сайран Байдалина.

Ауылдағы қарттарды Сайран Қабиденқызы қамқорлығына алған. “Елгезек, мейірбан, кімге болсын көмектесуге әзір тұратын әкімді зейнеткерлер жақсы таниды. Малға жемазық, отын, көмір уақытында жеткізілмесе, басқа да тұрмысқа қажетті заттарға байланысты өтініштері болса, қариялардың көмек сұрайтын жері біреу. Ауруханаға баратындарды көлікпен қамтамасыз етіп, ауылдағы кез келген мерекелік үстелді де ұйымдастыратын Сайран Қабиденқызы. Ол біздің ыстығымызға күйіп, суығымызға тоңатын, қайғымыз бен қуанышымызды да бірдей бөлісетін абзал жан”, – дейді зейнеткерлер.

Бір-бірін туғаннан білетін ауылдықтар ынтымағы жарасқан үлкен бір отбасының мүшелері сияқты. Өмірде орын алып жататын түрлі жағдайлардың бірінде Сайран Қабиденқызы ымыраға келе алмай қалған екі жақты татуластырушы мәмілегері міндетін атқарса, тағы бірде делдал, психоаналитик, тергеуші де болып кетеді. Мереке күндерінде әртіске айналып, спортшы, жанкүйер кейпіне енеді. Әкім ретінде ауылдықтарды соңынан ертіп, сөзін тыңдата біледі. Сайран Қабиденқызы әйелдер мен қоғамдық кеңестер, ардагерлер кеңесі мен оның бастауыш ұйымдарын ауылдықтардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға жұмылдырады. Осы мақсатта еңбек ұжымдарының, ауыл шаруашылығы құрылымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен қоян-қолтық жұмыс істеуде.

Адамның атын шығаратын кезекті есеп үшін қажетті құрғақ сөздер мен әдемі сөз тіркестері емес, оның айналасындағыларға көрсеткен қайырымдылығы, игілікті істері, шын жүректен шыққан қолдаулары мен қажымай-талмай көрсеткен көмектері. Сөзім құрғақ болмас үшін Петропавл қаласында өткен республикалық “Ақ орамал” акциясының облыстық кезеңінде өзім куә болған бір оқиғаны айта кетейін. Жиында Сайран Байдалинаға орта жастардағы орыс әйелі келіп: “Сайран Қабиденқызы, сіз мені танымадыңыз ба? Сіз маған Ақжан ауылында тұратын әкем қайтып, жалғыз қалғанымда жерлеу рәсімін өткізуге көмектескен едіңіз. Сарышұнақ қыстың қақаған 40 градус суығы болатын. Сонда сіз күннің бет қарыған аязы мен өңменіңнен өтетін үскірік желіне қарамастан, адамдарды жинап, олардың дені қазақтар еді, әкемді соңғы сапарға лайықты түрде шығарып салуға атсалысқан едіңіз. Сіздің бұл жақсылығыңызды мен өмір бойы ұмытпаймын! Ол үшін сізге алғысым шексіз!”, – деп еді көзіне жас алып.

Әкім жастардың ауылдық жерде тұрақтап қалуы үшін көп жұмыс атқарып, жас кадрларды даярлауға баса назар аударады. Оның ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары, кісімен тіл табыса алады. Саламатты өмір салтын насихаттап, ауылдықтарды спортпен шұғылдануға тарту үшін көп уақытын жұмсайды. Оның назарынан ештеңе тыс қалмайды, ұсақ-түйек дегеннің өзін бақылап отырады. Сайран Байдалина Приозерное ауылдық округін абаттандыру бойынша көптеген жұмыстар атқарды. Сулы – Элеваторный негізгі мектебі мен мектеп-гимназияның шағын орталығында, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ойын алаңқайлары, көше спорт тренажерлары орнатылды. Мәдениет үйінің маңына демалыс саябағы жасалып, негізгі көшелерге асфальт төселді, интернационалист-жауынгерлерге обелиск орнатылды.

Мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі 40 жылды құрайтын Сайран Қабиденқызы үшін биылғы жыл айтулы оқиғаларға толы. Осынша жылғы еңбегінің зейнетін көретін жасқа жеткен Сайран Байдалинаның өміріндегі елеулі оқиғалардың Тәуелсіздіктің – 25, облыстың 80 жылдық мерейлі даталарымен тұспа-тұс келуі әкімнің жүрегін ерекше тебіреніске бөлейді.

“Халқыңа қызмет – абыройлы міндет” дегендей, әр күні өзіңе жүктелген міндеттердің дұрыс шешімін табуы үшін жауапкершілік аласың. Ол міндеттің жүзеге асырылуына қарай атқарушы билікке баға беріледі. Менің ең басты кеңесшім – “арым”, – деген Сайран Қабиденқызы бұл жағынан келгенде, отбасынан алған тәрбиенің орны ерекше болғанын айтады. “Мен не істесем де ойша әкеммен сырласқандай боламын. Менің орнымда ол болса, не істер еді деп өз-өзіме сұрақ қоямын. Бізді әкем бала күнімізден кішілерге қамқорлық көрсетуге, үлкендерді сыйлауға үйретті. Мен үшін бүгінде ағам Төлегеннің пікірі маңызды. Өйткені, әкемнен кейінгі біздің әулетіміздің ақылшысы сол кісі”, – дейді ол.

Сайран Байдалинаның өмірінде айшықты сәттер де аз болған жоқ. Әсіресе, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі есінен кетпейді. “Елбасының болашаққа деген сенімділігі мен адалдығы менің дүниетанымым мен тағдырымды өзгерткені соншалық, өзім жаңа, Тәуелсіз мемлекетімізді құруға белсене қатыстым және еліміздің бүгінгі жағдайға жететініне күмәнім болған жоқ. Бұл мен үшін жарқын кездесу болды. Осыдан кейін мен қалай және не үшін жұмыс істейтінімді анық түсіндім”, – дейді Сайран Байдалина.

2004 жылы Астана қаласында өткен “Әйелдер бастамалары – ауылды дамыту” атты еліміздің белсенді әйелдері бас қосқан республикалық конференцияға қатысып, “Ауылдық округтің әйел әкімі” байқауында үшінші орын иеленген сәті де оның есінде.

Сайран Қабиденқызы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін аудан, облыс әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, “Ауылдық округтің үздік әкімі” атағымен, “Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке 10 жыл” төсбелгісімен, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл”, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында “Ерен еңбегі үшін” медальдарымен марапатталған.

Сайран Байдалинаның ауданды дамытуға қосқан зор үлесін жерлестері де жоғары бағалайды. Оның күн сайынғы еңбегінің еленгенін көріп жүрген жұртшылықтың ауылдық округ әкіміне деген алғысы шексіз.

Қаншайым НАУРЫЗБАЕВА,

ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp