Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізді дамытатын негізгі салалар бойынша мақсат-міндеттерді айқындап берді. Солардың бірі – білім беру сапасын жақсарту.
Білім беру саласындағы негізгі мақсат – қазіргі заманғы еңбек нарығына бейімделген және әлемдік стандарттарға сай мамандар даярлау. Осы орайда Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің жоғары сапаға қол жеткізуге деген ұмтылысы студенттердің кәсіби және тұлғалық ерекшеліктерін дамытуға, білім саласының көкжиегін кеңейтуге жол салады. “Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс”, – деген Президентіміз кәсіптік, техникалық білім берудің маңыздылығын арттырып, алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Жолдауды ой елегінен өткізген соң біз оқытушылық құраммен ақылдаса келіп, білім ордасының оқу бағдарламасын қайта құруға кірісіп кеттік. Алдағы жұмысымыз қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізуге, педагогтардың біліктілігін арттыру және оқу бағдарламасы бойынша тәуелсіз жүйе құруға бағытталып отыр. Өйткені, ХХІ ғасырда білім беру ісін дамыта білмеген мемлекет құрдымға кетері анық. Білім беру жүйесіне енгізілген түбегейлі өзгерістер оқыту мазмұнын жаңартып, жаңа көзқарас қалыптастырады.
Колледжіміз – облысымызда кәсіптік-техникалық білім беруде көш бастап келе жатқан, білімді де білікті ұстаздар қызмет атқаратын, кәсіби маман даярлауда тәжірибесі мол, іргелі оқу орындарының бірі. Мұндағы басым бағыттың бірі – еңбек нарығына қажетті маман даярлау. Бізде 11 мамандық бойынша білім беріледі. Қажетті материалдық-техникалық база құрылып, кабинеттер, зертхана бөлмелері, шеберханалар талапқа сай жабдықталған. 2 мультимедиалық-зертханалық кабинетпен, 50-ден астам компьютермен, заманауи аудио-бейне құралдармен, кітапхана жүйесімен, интернет желісімен жабдықталған. Колледжде соңғы екі жылдың ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар ашылды.
Білім ошағы ауыл шаруашылығы, көлік, білім беру, азаматтық қорғаныс және энергетика салаларына қажетті мамандар даярлайды. Білім беру бағдарламаларын заманауи талаптарға сәйкестендіру үшін дуалдық және модульдік оқыту қолға алынып, WorldSkills стандарттары енгізілуде. Жастарды шағын және орта бизнеске тарту мақсатында оларға кәсіпкерлік негіздерін оқытып, жеке бизнес жоспарларын құруға үйрететін “Табысқа жету жолы” бизнес-орталығын құрдық. Бүгінгі күні түлектеріміздің арасында өз бизнес жоспарларын жүзеге асырып, табыс таба бастаған ұл-қыздар да бар. Бұған қоса колледжде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында курстар ұйымдастырылып тұрады.
2017 жылдан бастап оқу орнында “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім” жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Оған қатысқан студенттер кәсіп ашудың жалпы ережелерімен танысып, тәжірибелі кәсіпкерлердің дәрістерін тыңдайды. Биыл осы бағдарламамен автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығы бойынша 24 түлек диплом алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында мектептерде оқушылардың қабілеттерін анықтауға негізделген кәсіптік бағдарлау саясатына көшу керектігі баса айтылған. Мұндай саясат мамандықты саналы таңдауға ықпал етеді.
Жолдауда жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі орынды қозғалған. Колледжімізде мұндай келеңсіздіктердің алдын алатын арнайы бағдарлама бар. Оның аясында түрлі қиыншылықтарға төзімділікті арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бір мысалы ретінде психолог мамандардың студенттермен кездесуін айтуға болады.
Азаматтарды, әсіресе, жас буын өкілдерін еріктілер ретінде іс-шараларға қатыстыру, олардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру мақсатында 2020 жыл “Еріктілер жылы” деп жарияланды. Президенттің бұл бастамасын жас ұрпақтың тәрбиесіне жауапты ұстаздар қауымы да құптайды. “Басқалар үшін ештеңе жасамайтын адам өзі үшін ештеңе жасамайды”, – деген екен Гете. Еріктілер қозғалысына қатысу жастардың жетілуіне де ықпал етеді. Оқу орнында осы міндетті іске асыратын “Қамқор” еріктілер клубы жұмыс істейді. Педагог-психолог Елена Галата жетекшілік ететін клубқа 200-ден астам студент мүше. Олар жыл бойы соғыс және еңбек ардагерлерінің, жалғызбасты қариялардың үйлеріне барып, түрлі көмек көрсетеді. Қыздар жағы үй ішін тазаласа, ұлдар аула тазартады. Қуаныштысы, жастарымыздың арасында қайырымдылықпен айналысатындар көп. Олар полиция қызметкерлеріне хабар-ошарсыз кеткен балаларды іздестіруде көмекке келіп, қала көшелерін қоқыстан тазартуға атсалысты. Клуб мүшелері студенттер арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында түрлі шаралар өткізеді. Мысалы: “Әлемге күлкі сыйла”, “Тек қана рақмет”, “Темекіні кәмпитке ауыстыр” акциялары дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.
Болашақ мамандарды даярлауда оқу процесін өндіріспен байланыстырамыз. Болашақ жас мамандар өндірістік машықтану кезінде жұмысқа икемділігі мен мүмкіндігін анықтап, өз-өзін ұстауға, ұжым болып еңбек етуге, жауапкершілікке және өз бетімен шешім қабылдауға үйренеді. Білікті маман даярлауға мұның көмегі зор. Осы тұрғыда біз қала және бірнеше ауданның кәсіпкерлерімен шарт жасасып, техникалық және кәсіптік мамандыққа оқитын студенттеріміз өндіріс орындарында тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болып отыр. Өзін жақсы жағынан көрсете білген студенттер тәжірибеден өткен шаруашылыққа жұмысқа тұрады.
Жолдауда мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөлінген. Алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есеге артады деп күтілуде. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қамқорлық біздің міндетімізді еселеп, жауапкершілігімізді арттыра түседі.
Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы басты мақсаттардың бірі – қоғамның сұранысына сәйкес техникалық және кәсіптік білім жүйесін жаңғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне кіру. Осыған орай біздің алдымызда бүгінгі күні қоғам қажеттілігіне сай мамандарды даярлау әрі оларды бәсекеге қабілетті, қазіргі нарық жағдайына төтеп бере алатындай қылып тәрбиелеу міндеті тұр.
Еркін ЖАҚЫПОВ,
Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің директоры.