Облысымыздың ардақты азаматтарының бірі, қаламы ұшқыр журналист, білікті редактор, соғыс ардагері, марқұм Уәра Нұрсейітовті өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында “Городецкий” кеңшарындағы орта мектептің директоры болған кезімнен білемін. Оның үлкенмен де, кішімен де теңдесіндей сөйлесіп кететін қарапайым да кішіпейілділігі, жайдары, ақжарқын мінезі кімді болсын өзіне баурап алатын. Уәра Нұрсейітұлының проблемалық мақалалары мен еңбек адамдарының ерен еңбегі, соғыс ардагерлері туралы очерктері облыстық, республикалық газеттерге жиі жарияланатын. 1916 жылдың 15 қарашасында қазіргі Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында дүниеге келіп, небәрі 60 жыл ғұмыр кешіп, өмір жолында талай белестерден өткен абзал азаматтың туғанына биыл бір ғасыр толып отыр.
Еңбек жолын 17 жасында Ақмола облысының Нұра аудандық атқару комитетінің іс басқарушысы болып бастаған Уәкең Қарағанды облыстық атқару комитетінің (орталығы – Петропавл қаласы) ұйымдастыру бөлімінің хатшысы қызметін атқарды. Алматы қаласында журналистік мамандықты қызыл дипломмен меңгерген Уәра Нұрсейітұлы 1938 жылдың күзінен бастап облыстық “Ленин туы” газетінде жауапты хатшы, кейін үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болды.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен әскер қатарына шақырылып, Ақтөбе қаласында алғашқы әскери даярлықтан өтеді. Онда құрылып жатқан 101-ші дербес атқыштар бригадасының “Отан үшін” деген атпен шыққан қазақ газетіне редакторлыққа тағайындалып, кадр мәселесін де өзі шешеді. Уәра Нұрсейітұлы аз уақыттың ішінде редакция ұжымын құрып, әскери бөлімдегі партия ұйымының көмегімен көшпелі баспахана ұйымдастырады.
Газеттің алғашқы сандарында жаңа құрылып жатқан бригада жауынгерлерінің жаттығу барысы, қазақ ақындарының өлеңдері жарияланып тұрды. “Солардың бірі Мәскеуді ерлікпен қорғаған 28-қазақстандық панфиловшының ерен ерлігі туралы шығарған қазақтың халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің өлеңі болды. Оны редакцияға ақсақалдың өзі әкеліп тапсырады. Бұл өлең жас жауынгерлердің Отанға деген патриоттық сезімін көтеріп тастап еді”, – деп еске алатын Уәкең.
“Ленин туы” газетінде 1975 жылғы 5 мамыр күні шыққан “Шайқас күндерінде” деген мақаласында Уәкең бригада газетіне тілшілерді қалай тартқаны туралы жазды. Бригаданың қатардағы артиллерисі, кіші командир Мұзафар Әлімбаев та өзінің алғашқы өлеңдерін “Отан үшін” газетінде жариялаған. Кейін Қазақстанның көрнекті ақыны болған Мұзафар Әлімбаев республикалық балаларға арналған “Балдырған” журналын басқарды.
Газеттің редакторлығы Уәкеңе штаттан тыс партиялық жүктеме ретінде тапсырылады. Ал оның негізгі атқарған жұмысы бригада саяси бөлімінің комиссарлығы болған. Осы қызметінде жүріп Калинин, 1-ші Балтық жағалауы майдандарына тікелей қатысты әрі саяси жетекші ретінде жауынгерлермен жұмыс жүргізді. Уәкеңнің редакторлық жұмысы және майдандағы ұрыстарға тікелей қатысқандығы туралы дербес бригаданың №1 батальонының командирі, подполковник Хакім Бекішев “Батальон, алға!” атты кітабында толық жазды. Уәра Нұрсейітұлы туралы жойқын соғыстың куәгері болған Кәкен Әбеновтің “Операция “Марс”. Казахи в долине смерти” деген кітабында да ақпарат бар.
Майор Уәра Нұрсеиітов 1943 жылғы қыркүйек айының соңында Верховье және Сеньково елді мекендері үшін болған кескілескен шайқаста ауыр жараланып, оң қолынан айрылады. Бұл ерлігі үшін бірінші дәрежелі “Отан соғысы” орденін алады. Нұрсейітовтың наградасының тарихы туралы Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының қызметкері, полковник, Уәкеңнің жиені Мағжан Қаһарманов зерттеу жүргізіп, жазды. Онда майор Уәра Нұрсейітовтың Витебск облысындағы ұрыс шебінде көрсеткен ержүректігі мен батылдығы және партия-комсомол ұйымдарын шебер басқарып, шайқастың алдыңғы шебіне тайсалмай бастағаны туралы айтылады.
Соғыстан оралған Уәра 1944 жылдың сәуір айында Көкшетау облыстық “Көкшетау правдасы” газетінің редакторы болып тағайындалады. Мәскеудегі КОКП Орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебінде оқып келген соң ол Ақмола облыстық “Есіл правдасы”, кейін “Тың өлкесі” газеттерінің редакторы болып қызмет етті. “Тың өлкесі” газеті жаңа ашылған кезде Уәра Нұрсейітұлын бұрыннан жақсы білетін академик жазушы Сәбит Мұқанов оған құттықтау жеделхатын жібереді. Орысша жазылған хатта Сәбит Мұқанов өзінің Қазақстан Республикасының патриоты әрі аталмыш өлкенің туған баласы ретінде “Тың өлкесі” газетінің жетістіктерін жіті қадағалайтынын айта келіп, басылымның коммунистік партия мен кеңес өкіметі халқының сенімін ақтайтынына тілектестік білдіреді.
Уәра Нұрсейітұлы сол кездегі Батыс Қазақстан өлкесінің (орталығы – Ақтөбе қаласы) “Батыс Қазақстан” (қазақ тілінде) және “Западный Казахстан” (орыс тілінде) газеттерінің біріккен редакциясының бас редакторы қызметін абыроймен атқарды. Өлке таратылғаннан кейін ол Ақтөбе облыстық радио хабарларын тарату және телевидение комитетінің бас редакторы болды. 1967 жылдың қыркүйек айында денсаулығы сыр берген Уәкең елге оралып, өзіміздің “Ленин туы” газетінің алдымен мәдениет, кейін ауыл шаруашылығы бөлімдерін басқарды.
“Ол мәдениет бөлімін басқарған аз уақыт ішінде көптеген жас таланттардың өлең жырлары газет бетінде жарық көрді. Бөлім жұмысы бұрынғыдан көп жақсарды, жаңа айдарлар пайда болды. Ол кісі білімділігіне қоса аса кішіпейіл болатын. Сол тұста еңбек жолын жаңа бастап жүрген жастармен тең дәрежеде сөйлесетін, ақыл-кеңесін аямайтын”, – деп еске алатын редакцияда Уәкеңмен бірге істеген журналистер.
Қырық жылдай журналистік өмірінде Уәкең талай проблемалық мақалалар, очерктер, суреттемелер жазды. Ол аудармамен де айналысты. Л.Линьковтың “Капитан старой черепахи” деген кітабын қазақ тіліне аударды. Уәкең республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққаннан кейін де редакцияда біраз уақыт қызмет атқарды.
Оның өмірге құштарлығы, қажырлылығы, қазақ дәстүріне шын берілгендігі керемет болатын.
– Әкем майданда жараланып, оң қолы жұмыс істемей қалғанда сол қолымен жазды. Тіпті, сол қолымен фортепьянода ойнауды да меңгеріп алды. Ол қазақтың халық әндерін өте ұнататын. Анам Бикаш екеуі қосылып “Балқадиша”, “Маусымжан”, “Екі жирен”, тағы басқа да халық әндерін нақышына келтіріп шырқайтын. “Қыз Жібек” операсының арияларын да екеуі қосылып айтқанды ұнатушы еді, – дейді Уәкеңнің қызы Мира Нұрсейітова.
1976 жылы Уәра Нұрсейітұлының денсаулығы төмендеп ауруханаға түсті. Асыл азамат сол жылы 13 қарашада 60 жасқа толуына екі-ақ күн қалғанда дүниеден өтті. Оны ақтық сапарға ағайын-туыстары, әріптестері, шәкірттері, майдандас жолдастары қимастықпен шығарып салды.
Уәра Нұрсейітұлының журналистік шығармашылығы, соғыс және бейбіт өмірдегі еңбектері кезінде жоғары бағаланды. Ол бірінші дәрежелі “Отан соғысы”, екі “Құрмет белгісі” ордендерімен, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Көкшетау облыстық, Батыс Қазақстан және тың өлкелік кеңестеріне депутат болып сайланды. СОКП Орталық комитетінің февраль (1964 ж.) пленумына қатысты.
Уәра Нұрсейітұлы зайыбы Бикаш Есенбаевамен 6 бала тәрбиелеп өсірді. Олардан 6 немере, 5 шөбере өсіп келеді. Немересі Әлия атасының жолын қуып, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін тамамдады, мамандығы бойынша қызмет етіп жүр. Уәкеңнің шөбересі Алан – Алматы қаласында Жеңістің 70 жылдығына арналған қалалық байқауда 1-ші орын алды. Ол өзінің байқауға ұсынған жұмысын ұлы атасына арнапты.
Білікті редактор, қаламы ұшқыр журналист, соғыс ардагері, марқұм Уәра Нұрсейітовты бүгінде туған-туыстары, ұрпақтары, білетін жолдастары мен әріптестері, шәкірттері зор ілтипатпен еске алады. Қазақтың біртуар, абзал азаматының есімі Ресейдің Ржев қаласында орнатылған мемориалдық тақтаға жазылған.
Қайролла МҰҚАНОВ,
педагогикалық еңбектің ардагері, өлкетанушы.