«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА РИЗАМЫН

Жылқы жылы біздің отбасымызға үлкен қуаныш сыйлады. Өйткені, жақында, Тәуелсіздік күні қарсаңында бізге екі бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Сол пәтерде жайылған алғашқы дастарқаннан облыс басшысы Ерік Сұлтанов дәм татып, қоныстойымызбен құттықтады.

Мен – жасөспірім шағымнан мемлекеттің қамқорлығында жүрген адаммын. Шындығында, жетімдіктің қамытын кию оңай емес, бірақ тағдырдың салған тәлкегіне көнесің. Мемлекеттің қамқорлығының арқасында не киемін, не ішемін демей, бой жеттік. Десек те, өз отбасың, балашағаң болған кезде жауапкершіліктің салмағы артады. Оның үстіне мен өз тағдырымның балаларымның басынан өткенін қаламаймын. Олар толыққанды отбасында тәрбиеленулері керек. Мақсат осы. Өз шаңырағың, өз үйің болды деген сөз – мен үшін аса көксеген арманның орындалуы. Сондықтан жұбайым екеуміздің қолымызға пәтер кілті тапсырылғанда ішкі жан дүнием ерекше бір сезімге бөленіп, басым бақыттан айналғандай болды. Бірақ айналамдағы жұрт қуаныштарын сыртқа шығарып, бір-бірімен мәре-сәре болып жатқанын көрген кезде қобалжыған көңілім орнына түсті. Оның үстіне бұл кейпіме үлкен қуанышты салмақты қабылдаған жұбайымның мінезі де әсер етсе керек. Жалпы отбасын құрған соң әркім өз үйінің болғанын қалайды. Ол арманға қол жеткізгеннің өзі бақыт.

Мен “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы қабылданған кезде көп кешікпей біздің жағдайымыздың түзелетінін іштей сезіп жүрдім. Жұбайым екеуміз он жыл бойы пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүріппіз. Шындығы керек, қожайынның қас-қабағына қарау, одан қалды отбасылық бюджеттің бір бөлігін біреуге беріп тұру оңай емес. Балалар да өсіп келеді. Олардың “Қашан өзіміздің үйіміз болады?” – деген сауалы жұбайым екеумізді үнсіз қалдыратын. Мемлекеттің отбасына, оның ішінде жетім өскендерге ерекше қамқорлығы сезіледі. Осыдан ек-үш жыл бұрын Жетімдер үйінің тәрбиеленушілері пәтер кезегіне тұрғанымен, оның берілу мерзімі 23 жасқа дейін ғана болатын. Осы тәртіппен менің көптеген таныстарым пәтер ала алмай кетті. Енді жаңа тәртіп бойынша жас көрсеткіші ұзартылып, оның үстіне жетім өскендердің жеке санатқа алынғандығы біздің мүмкіндігімізді кеңейтті.

Сөз кезегінде өзім тәрбиеленген Петропавл қаласындағы кәмелет жасына толмаған балалар үйінің директоры Сәуле Омароваға алғысымды жеткізгім келеді. Ол мені 17 жасымда, яғни 2005 жылы пәтердің кезегіне қойған еді. Жекелеген адамдар мен мемлекеттің қамқорлығын мен сияқтылар жоғары бағалайды. Өйткені, артыңда тұрған жанашырың болмаған соң өмірдің ауыртпалығын да көп тартасың. Бұған біздің көзіміз жетті.

Енді, міне, өзіміздікі деген шаңырақ бар. Балаларымыздың алдында көшіп-қонып жүргеніміз үшін қысылмаймыз. Алдағы мақсат – ұлымыз Михаил мен қызымыз Эвелинаның болашағын қалау, оларды елге еңбек ететін адал азамат қатарынан көру үшін жақсы тәрбие беріп, білім алуға талпындыру.

Любовь ЕНЬШИНА,

қала тұрғыны.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp