Менің атам Қажымұрат Үмітбаев Жамбыл ауданындағы Баян ауылында туған. Еңбекке шыңдалып өскен атамыз жас кезінде механизатор болған екен. Ол елімізде “Құрмет белгісі” орденін алған алғашқы азаматтардың бірі. Көп жылдар бойы кеңшар төрағасы болып қызмет еткен атамыз кеңпейіл, сабырлы мінезімен ерекшеленген.
Ел басына қатер төніп, соғыстың басталғаны жайында атамыз 1941 жылы Мәскеу қаласында жүрген кезінде естіпті. Жағымсыз жаңалық құлағына тие сала ел жаққа жол тартқан атамыз бір аптаның ішінде ауылына жеткен екен.
Барлық ауыртпалықты елмен бірге көтеріп, майдан даласында жүрген жауынгерлерге қолынан келгенше көмектесуді азаматтық парызы санаған атамыз күн-түн демей жұмыс істейді.
“Майданға нан қажет!” деген ұранды ауыл тұрғындары сол кезде өздеріне айтылған бұйрық ретінде қабылдады. Осылайша, бұғанасы қатпаған балалардан бастап қарттар мен әйелдер жиналып, бір ғана күш көлігімен 590 гектар тың жерді жыртып, аса көп мөлшердегі астықты қамбаға құяды. Сын сағатта ауыл тұрғындарының ауызбіршілікті сақтай отыра, Отан үшін аянбай тер төгіп, адал еңбек еткендері бүгінгі жастарға үлгі-өнеге.
Қажымұрат атамыздың еңбегі елеусіз қалмады. Ол “Еңбек Қызыл ту”, “Қызыл жұлдыз” ордендерімен және И. Сталиннің Алғыс хатымен марапатталған. Құнды құжаттар мен марапаттардың барлығы бүгіндері Шал ақын ауданының мұражайында сақталып тұр.
Соғыс жылдары майданға көмек ретінде қозғалыс басталған кезде атамыз қорасындағы жылқы мен сиырын сатып, одан түскен ақшаны жинақ кассасындағы қаражатына қосып, 60 мың рубльді Жеңіс күнін жақындатуға көмек ретінде жіберген. Майданға жиналған барлық ақша танк колоннасын құруға жұмсалған.
Сол кезде соғыс даласында жүрген жауынгерлерге осындай қайырымды ісімен жігер беріп, көпке өнеге көрсеткен атам аудандық газетте шыққан мақаласында “…Менің танкім Берлинге дейін жетуі керек”, – деген екен.
Атамыз Нүрила апамызбен шаңырақ көтерген. Отағасын әрқашан қолдап, оған сыйластықпен қарай білген апамыз екі ұл мен үш қызға өмір сыйлаған.
Бүгінде ұрпақ жалғасып, әулетімізде 21 немере, 35 шөбере және Әли есімді шөпшек өсіп келеді. Бұл – түсіне білген адам үшін үлкен бақыт, баға жетпес қазына.
Өнегелі істерімен есте қалған атамыз 90 жасында өмірден озған. Өкінішке қарай, мен оны көре алмадым. Бірақ әке-шешемнің тағылымы мол әңгімелерінен атамыздың азамат деген атқа лайық адам болғанын түсіндім.
Марал МАНАБАЕВА.
Петропавл қаласы.