«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕН ӨМІРГЕ ҒАШЫҚПЫН

Өмір – күрес, өмір – сынақ. Оның тосын жайлары аз емес. Осы ретте жүрек сырын ақтарса, әркімнің де айтары бар. Өз ерліктерімен, батыл да батыр қадамдарымен он екі мүшесі сау адамдарға өнеге-үлгі бола білетін азаматтар арамызда аз емес. Пешенесіне жазылған тауқыметті көтере білген осындай қайсар жанды, жігерлі адамдардың бағындырған белестері, алған асулары басқаларды өмірді бағалай білуге үйретеді. Олардың әрқайсысы жаза білсе, бір дастан десек, артық айтқанымыз болмас. Құлап жатса да, өкініп жыламаған, түрегеліп қайтадан алға ұмтылған кемтар жандардың сыр пернесін тауып баса алсаң, олар да ағынан жарылады. Жүрегіндегі мұңымен бөлісіп, ішкі жан дүниесін ақтарып, арман-ойларын ортаға салады. Сіздер осы мазмұндас материалдарды алдағы уақытта “Оқырманның жүрек сыры” айдарынан оқи аласыздар. Бүгін назарларыңызға облыс орталығының тұрғыны Алма Қожабаеваның жүрек сырын ұсынып отырмыз. Дертіне қарсы тұра алған қазақ қызының өмірі көпке өнеге болып, өмірдің қандай қымбат қазына екенін тағы бір еске салар деген ойдамыз…

Мен өмір үшін күнде күресіп жүрген жандардың бірімін. Маңдайыма тағдыр жазған тауқымет таудан да үлкен, тастан да ауыр. Бірақ мен оны шамам келгенше көтеріп, өмір деген өзенмен алға қарай жылжып барамын. Қандай жағалауға барып тоқтарымды өзім де білмеймін. Алда арман, күдік, бұлыңғыр тағдыр бәрі-бәрі мені тосып тұрған сияқты. Шіркін, сол жаққа қарай тым болмады бір қадам жасап, өздігімнен жүріп кетсем, бұл өмірде ең бақытты жан мен болар едім. Бірақ мұның барлығы орындалмас арман, тек қиял ғана. Сонда да мен үшін өмір қымбат.

…Анам мені ауыр босанған екен. Айым-күнім жетпей туған соң әлсіз, аурушаң бала болғанымды жиі айтады. 1 жастан асқан кезде дәрігерлер сал ауруына шалдыққанымды анықтап, бар жайды ашық, бүкпей анама айтып берген. Тоғыз ай, он күн көтеріп, алпыс екі тамырын иіп, өліммен арпалыса отырып, өмір сыйлаған сәбиін қандай ана “сырқат екен” деп тастап кетсін. Жоқ, жүрегі бар ана еш уақытта олай істемейді. Мені де анам бір сәтке де көзінен таса қылған жан емес. Міне, 30 жыл бойы қасымда. Ұйықтасам үстіме жылы көрпемді жауып, қасымда отырады. Көзімді ашсам, күлімдеп, жылы жүзбен, аялы алақанымен басымнан сипап, шайымды дайындап, әдемі әңгімелерімен көңілімді аулайды. Біз өзіміз Жамбыл ауданының тумасымыз. Осыдан 15 жылдай бұрын Петропавл қаласына көшіп келдік. Ол кезде мен 12 жастамын. Ауыл мектебінен кейін облыс орталығындағы Шәміл Шақшақбаев атындағы мектеп-интернатта, №13 білім мекемесінде оқыдым. Бойжетіп келе жатқан кезім. Өмірге, қасымдағы адамдарға деген көзқарасым қазіргіге қарағанда мүлдем басқаша болды. Айтқан сөзді көтере алмайтын, ашуланшақ, сондай қыңыр мінезді қыз едім. Көбіне үнсіз, жалғыз жүргенді ұнататынмын. Әйтеуір, жатсам да, тұрсам да аяғымды баса алмайтыным жаныма қатты бататын. Тағдырыммен ерегісіп, “жүре алмаймын” деген сөзді өне бойыммен қабылдағым да, естігім де келмеді. Өзіме, өміріме қатты ренжідім…

Мектепті бітірген соң 1 жылдай үйде отырдым. Ешқайда барғым да, ешкіммен сөйлескім де келмеді. Төрт қабырғаға телміріп, жалғыздықтың шырмауына өзімді-өзім байлап-матап салып бергендей күй кештім. Ішім алай-дүлей болғанымен, сырт көзге сырымды ашқым келмеді. Көп ойландым, түрлі сұрақтарға жауап іздеп, арпалыстым. Ақыры мұндай өмірге шыдай алмайтынымды түсіндім. Бір күні кешке анаммен сөйлесіп, оқуға түсу туралы жоспарыммен бөлістім. Бала кезімнен аудармашы болуды армандап, мектеп қабырғасында жүргенде ағылшын, неміс тілдеріне ерекше ден қойғанымды білетін анам мені бірден қолдады. Алайда, менен үлкен апаларым, кейбір туған-туыстарым қарсылық танытты. Бірақ мен өз дегенімде тұрдым. Сөйтіп, жаңа оқу жылында облыс орталығындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Сырттай бөлімде оқып жүріп, күйбің тірліктің біраз қиындығын бастан өткердім. Қоғамдық көліктердің біразында мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасалмағандықтан, анам үнемі менің қасымда жүрді. Автобусқа мінгізіп, түсіріп, кітаптарымды ұстап, әйтеуір, қолынан келгенше көмегін аямады. Бірге оқыған курстас құрбыларыммен де бірден тіл табысып кеттім. 2008 жылы Америка еліндегі Индиана штатына 2 айға тіл үйренуге барудың сәті түсті. Петропавл қаласынан жалғыз өзім, ал Қазақстаннан 4 адам бірге бардық. Сол жолғы шетелге шыққан сапарымның барысында біраз адамдармен таныстым, кемтар жандардың ешкімнен кем емес екендігіне, олардың да еңбек етіп, білім алып, басқалар сияқты қоғамдық жұмыстарға қатыса алатындарына көзім жетті, көңілім толды. Бұған дейін “Менің тағдырым неге осындай болды?” деген сұрақ жанымды жегідей жейтін. Сол жолғы сапарымда туғаннан денсаулығы сап-сау, кейін көлік апатына ұшырап, екі аяқтан жүре алмай қалған жігіттің тағдырын тыңдап, оның қоларбаға байланса да, жұмысқа белсене араласатынын көріп, жігеріне сүйсіндім. Оның оқуға, өзгеге көмектесуге деген құлшынысы менің өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Осылайша мен өмірді бағалай білу керектігін өзгенің тағдырына қарап отырып ұққандай болдым.

Кейбір автобустардың жүргізушілері мені әбден танып алған. Аялдамада көрсе болды, уақыт тығыз болса да 10-15 минут тоқтап, мені ішке кіргізіп, отырғызып, түсуіме көмектеседі. Кітапхана, басқа да қоғамдық жерлерде қол ұшын беруге даяр тұратын адамдар аз емес. Сондай сәттерде жүрегіңе жылылық ұялап, ерекше мейірімге бөленесің. Бірақ өмірде неше түрлі адамдар бар емес пе?

Кейбір кездерде көшеден өткенде сыртыңнан мүсіркей қарап, “Құдай сақтасын” деп өзінен-өзі үрейленіп кетіп бара жатқан адамдарды да кездестіреміз. Ондай кезде ту сыртыңнан біреу пышақ сұғып алғандай болады. Мүгедектерді өздерінен кем санайтындарды түсінбеймін. Өмірді басқа қырынан танып, он екі мүшесі сау адам байқай бермейтін кейбір дүниелерге көзқарасымыз басқаша болғандығы болмаса, біздің ешкімнен ешқандай айырмашылығымыз жоқ. Сырқат жандар өздерін мүсіркегенді жек көреді. Бізге соншалықты аяп қараудың қажеті жоқ. Қоғам соны түсінсе екен дегім келеді. Жарымжандарға шекесінен қарайтын шенеуніктер мүмкіндігімізге қарай жұмысқа тартса, еңбек етуден ешкімнің де қашпайтынын жеткізгім келеді.

Өмір өзі күн мен түн сияқты. Бірде адамдардың жақсылығынан жаның жай тауып, жылы шуаққа бөленсең, енді бірде қатыгездікті көріп, қаның қараяды. Әлі есімде анам мені қоларбаға отырғызып, туыстарымыздың үйіне бардық. Бесқабатты үйге көтеріп кіргізу қиын болғандықтан, қоларбаны сыртқа қойып кетуге тура келді. Біраз уақыттан кейін шықсақ, далада тұрған қоларбамыз ұшты-күйлі жоқ. Не істерімізді білмей дал болдық. Мүгедек адамның аяғын алмастыратын қоларба кімге керек болды десеңізші?.. Қандай адамның дәті барып, соны ұрлап кеткенін әлі күнге түсінбеймін. Кімге, не үшін керек болды? Мүмкін, ішкіш біреу қолтығына қыса кеткен шығар. Былай шығып тиын-тебенге, болмаса бір шөлмекке айырбастап жіберді ме, әлде біреу әдейі істеді ме, ол жағын ойлағым да келмейді. Кейбір адамдардың қатыгездігін көрсететін осындай ерсі қылықтардан шаршадым. Сол жолы анамды қатты аядым. Ерсілі-қарсылы жүгіргеннен пайда болмасын түсінген ол суық қабырғаға сүйенген бойы біраз үнсіз тұрып, қара жерге отыра кетті. Айналадағы күллі дүние алай-дүлей болып кеткендей күй кештім. Жүрегім, жаным, тұла бойым ауырды. Анамда үн жоқ. Менің жағдайымды ойлады ма, осындай сынаққа жіпсіз байлап қойған тағдырына назаланды ма, әйтеуір, терең күрсініп, біраз үнсіз отырды. Содан кейін мені бала кезімдегідей бауырына басып, маңдайымнан иіскей берді…

Қашанда көңіліме қаяу түсірмеу үшін “бәрі жақсы болады” деп аялы алақанымен шашымнан сипап, үмітімді үзбеуге тырысатын жан анашым қолымнан келсе өзім саған қолғанат болар едім. Әттең, Алланың қалауы осы болған соң амал нешік?..

Қиналған сәттерде өмірдің осындай әділетсіздігіне шыдай алмай кетемін. Өзіммен-өзім арпалысып, ойыммен ойды-қырды шарлап, тіпті, кейде орнымнан атып тұрып, аяғымды басып кеткім-ақ келеді. Бірақ жүрек бұлқынғанымен, аяқ тыңдамаған соң не амал?..

Мен әке алақанының жылуын сезіне алмаған балалардың бірімін. Отбасылық жағдайларға байланысты ол бізден бөлек тұрды. Анам байғұс өмірдің суығына да, ыстығына да төзіп, талай сыннан сүрінбей өтіп, бізді жеткізуге, қатарымыздан қалдырмауға тырысуда. Бірақ әкенің орны бөлек екен…

Қасымызда жүріп, бізге пана бола алмағандықтан ба, әйтеуір, бала кезімнен оған деген бір реніш санама ұялап, жаныма тыныштық бермеді. Көшеде тұлымшағы желбіреген қыздарын еркелетіп, қолдарынан ұстаған әкелерді көргенде, “маған тым болмаса осындай қуаныштың да бұйырмағаны ма сонда…” деген сезімдерден жүрегім тілім-тілім болып, ып-ыстық жас көзіме үйіріліп, өзегімді өртейтін.

Есейдім бе, әлде сондай сезіммен арпалысып шаршадым ба, әйтеуір, 14-15 жасымда қасымда анамның барына шүкіршілік етіп, әкем туралы ойламайтын болдым. Мектепті аяқтап, жоғары оқу орнына түсіп, ағылшын, неміс тілдерін жетік меңгеріп, шетелге шыққан кездерімде әкем менің қол жеткізген жетістіктеріме қуанғанын, мақтан тұтқанын кейін естідім. Сол кездерде ол маған мәңгі өмір сүретін сияқты болып көрінген. Бар болғасын, жерді басып жүрген соң бағалай алмадым ба, білмеймін. Әйтеуір, қыстың қақаған суығында әкемнен айрылып қалғаным туралы суыт хабар естігенде төбемнен біреу мұздай суық су құйып жібергендей болды. Қолымнан келсе, құс боп ұшып барар едім, әттең, қыстың көзі қырауда болғандықтан, жете алмадым. Қазір ойланып отырсам, әкеме ренжігенім бекер болған екен. Кеш болса да оны түсіндім. Меніңше адамдарға бөле-жара қарамау керек екен. Барлығымыз да пендеміз, қателік әркімде болады. Оны түсінуге тырысу керек. Сонда ғана мейірім шуағына бөленеміз. Бұл өмірде жамандық көп, бірақ жақсылық іздеу керек. Қолыңнан еш нәрсе келмеген күннің өзінде айналаңдағы адамдарға көңіл бөліп, тыңдай білу керек. Үнемі өзіңді ғана ойлай беруге болмайды, кім білсін, мүмкін, біздің қасымызда да бір ауыз жылы сөзге зәру болып жүрген жандар бар шығар…

Бала кезімнен аудармашы болуды армандадым. Ағылшын, неміс тілін меңгергім келіп, оқуға түстім, қолыма диплом алып, бір белесті бағындырдым. Қазір сурет салумен айналысамын. Шахмат ойнап, иога, гимнастикамен де шұғылданамын. Өзімді күтіп, қажетті ем-дом алып, мүмкіндік болған кезде қоғамдық жұмыстарға қатысамын. Астана, Алматыға барып, мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселесін шешуге бағытталған түрлі кездесулерге, “дөңгелек үстелдерге” қатысып тұрамын. Тағдырымыз бірдей болмаса да, кедергісіз жүріп-тұрудың қиындығын бар болмысымен түсінетін, сезінетін Ақжан, Сәлімхан сияқты “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз.

Міне, қазіргі менің күйбің тірлігім өмірдің осындай қызығы мен қиындығына толы тағдыр торабымен өрілген. Алда әлі талай белестер тұр. Оларды бағындыру үшін бар күш-жігерімді жинап, өзімше өмір сүруге құлшынамын. Кейбір адамдардың мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы белсенділігіне күдікпен қарайтын қате ойларын көк мұздай бұзып-жару үшін қолымнан келгенше аянбаймын. Өйткені, мен өмірге ғашықпын. Мейлі, қоларбаға таңылсам да, жүре алмасам да, бәрібір ертеңгі күнді үлкен үмітпен тосамын.

Дайындаған

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp