Жақында “YouТube” бейнехостингiнен белгілі кәсіпкер, еліміздегі алғашқы қазақтілді бизнес жаттықтырушылардың бірі Ахметбек Нұрсиланың шеберлік сыныбын көрдім. Бір байқағаным, залда отырған жастар оның дәрісін сілтідей ұйып тыңдай қалыпты. “Мен үнемі қазақ балаларын кәсіпкер болуға шақырамын. “Кез келген адам кәсіпкер бола алмайды. Оған ерекше қабілет керек” дейтіндер көптеп кезігеді. Бұл – жансақ пікір. Қазір кішкентай баладан “Өскенде кім боласың?” деп сұрасаң, “әнші боламын” деп жауап береді. Ән өнеріне, сахнаға екінің бірі қол жеткізе алмайды. “Егер біреудің қарны ашса, сен оған балық берме, қармақ бер” деген тәмсіл бар. Сондықтан ел экономикасына пайда әкелетін кәсіппен айналысу қажет”, – деді ол.
Шынымен де, қазіргі таңда кәсіпкерлік – кез келген жас бағындыра алатын асу. Елімізде өз ісіңді ашып, оны өрге домалату үшін барлық жағдай жасалған. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп жүрген жастар табысқа кенелуде. Солардың бірі – Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылының тұрғыны Рустам Абылаев. Ол үстіміздегі жылдың көктемінде “Бастау” жобасы бойынша білімін жетілдірді. Нәтижесінде жобасын сәтті қорғап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алған. Бұл қаражатқа құрал-жабдық сатып алған талапты жас бүгіндері тапсырыс бойынша әртүрлі жиһаз жасаумен айналысуда.
– Кәсіпкерлік саласына аяқ басқаныма көп уақыт өте қоймаса да, өнімдеріме сұраныс артып келеді. Ағаштан үйге, кеңсеге және саяжайларға арналған жиһаздар, сондай-ақ, металдан балалар алаңына қажетті әткеншектер жасаймын. Шикізатты жергілікті кәсіпкерлерден сатып аламын. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің аулаларына қоршау жасауды қолға алдым. Жақында Петропавлда облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен “Қазақстанның үздік тауары – 2019” байқау-көрмесінің өңірлік кезеңіне қатысып, өнімдерімді саудаладым. Бұдан бөлек, мұнда бірқатар кәсіпкерлермен тәжірибе алмасудың мүмкіндігі туды, – деді Рустам Қайыргелдіұлы.
Қазіргі таңда өңір жастары “Жас кәсіпкер” жобасы бойынша оқуда. Ол жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-29 жас аралығындағы қыз-жігіттерге арналған. Облыстық кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Рақымбек Зейнуллиннің айтуынша, жоба аясында 355 солтүстікқазақстандықты оқыту жоспарланған. Өзінің бизнес-жоспарын әзірлеп, сәтті қорғағандарға мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Яғни, жоба барлық талаптарға сай болса, жас кәсіпкерге 500 мың теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі. Бұдан бөлек, жылдық мөлшерлемесі 6 пайызды құрайтын 8 мың АЕК мөлшерінде жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Жобаның екінші кезеңіне оқуға қабылдау үшін тестілеу 13-14 тамыз күндері өтеді деп жоспарлануда.
Мұхтар ХАҚНАЗАР.
СУРЕТТЕ: кәсіпкер Рустам Абылаев.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.