
Петропавл қаласындағы №5 орта мектепте 316-шы атқыштар дивизиясын басқарған Иван Панфилов атындағы мұражайдың ашылуына оқушылардың аты аңызға айналған генералдың ерлігіне деген сүйіспеншілігі ықпал еткен. Мұражайға Иван Панфиловтың есімі ресми түрде 1979 жылы берілген. Содан бері мектеп мұражайы жас ұрпаққа патриоттық рухта тәрбие беріп келеді.
Мұражайға кірген беттегі қарсы қабырғаға 1941 жылғы 7 қарашадағы шерудің және генерал Иван Панфиловтың портреті ілініпті. Портретті бұдан бірнеше жыл бұрын мектептің көркемсурет үйірмесін жүргізген, қазіргі зейнеткер Тамара Лесняктың басшылығымен оқушылардың өздері салыпты.
Мектеп мұражайы алғаш ашылған кезде оқушылар пионер отрядтарын құрып, ерлігімен тарихта өшпес із қалдырған генерал-майор Иван Панфилов және соғыс басталысымен Алматы қаласының түбінде жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясы туралы материалдар жинақтаған. Оқушыларды Иван Панфиловтың жеке өмірі және ол басқарған 316-шы атқыштар дивизиясының солдаттары мен офицерлерінің Мәскеу қаласын жаудан қорғау жолында көрсеткен ерлігі, жеке құрамның көпэтносты екендігі қызықтырады. Олар кинофильмдерден, әдеби кітаптардан, көзі тірі майдангерлерден, олардың туысқандарынан, тағы басқалардан түрлі деректер жинай жүріп, атақты дивизияның құрамында қазақстандық, соның ішінде солтүстікқазақстандық жауынгерлер де болғанын біледі.
Мұражайдың жұмысы туралы бізге әңгімелеген Ирина Лупачева: “Біздің мектептің мұражайы негізінен Иван Панфиловтың өмірбаянына арналған. Сондықтан мектептің ізкесуші оқушылары Панфиловтың қызы Валентина Ивановнамен байланысып, 1974 жылы онымен кездесу мүмкіндігіне ие болды. Мұғалімдер мен оқушылардың тірнектеп жинаған материалдары мектеп мұражайының ашылуына септігін тигізді”, – дейді.
Мектептегі мұражайдың ашылу салтанатына Петропавл қаласының құрметті азаматтары, ардагер-жауынгерлер, басқа да тұрғындар қатысқан. Содан бері оның жұмысымен қаладағы балабақшалардың бүлдіршіндері, мектептердің ұстаздары, оқушылары, студенттер, жалпы еліміздің тарихына бейжай қарамайтын көптеген адамдар танысқан. Солардың арасында КСРО Журналистер одағының мүшелері, панфиловшы-жауынгерлер Л.Макеев пен Ф.Снегин, ұшқыш-космонавт Александр Викторенко да болған.
“Поиск” тобы да мектеп мұражайымен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Олар іздеу жүргізген кезде табылған заттары мен онда атқарылған жұмысы туралы есептерін осы мұражайға тапсырады. Мұражайда соғыс туралы әдеби кітаптар, құжаттар, көрнекі материалдар, пластинкалар сақталған. Оның экскурсия жүргізушілері оқушылардың тынымсыз іздеу жұмыстарының нәтижесінде жинақталған жәдігерлермен мектептің бірінші сыныбына келген шәкірттерді таныстыруды дәстүрге айналдырған. Жас буын ұрпақты “Поиск” тобының қазба жұмыстары кезінде ұрыс даласынан тапқан айғақ заттары ерекше қызықтырады.
Мектептің тарих пәнінің мұғалімі, мұражай кеңесі жұмысының жетекшісі Лилия Мыскина: “Петропавл қаласында бірнеше панфиловшы болған. Александр Коваленко, Федор Образцов, Иван Захаров, Иван Веревкин, Михаил Дробышев сияқты ардагер жауынгерлер оқушыларға бастарынан өткерген қиыншылықтарын айтып беретін. Қазір олардың барлығы өмірден озды. Михаил Дробышевтың зайыбы жұбайының жеке заттарын, киімдерін, тіпті алған марапатын да мұражайға тапсырды”, – дейді.
Мектептің ізкесушілерінің Петропавл қаласында құрылған 314-ші атқыштар дивизиясының майдан шебінде фашистерден босатқан қалаларында болғанда әкелген топырақтары да құтыларға салынып, мұражайға қойылыпты. Майданнан келген үшбұрыш хаттар да осында сақтаулы. Ардагер Дмитрий Шмаргай соғыстан кейінгі жылдарда газет-журналдарға шыққан мақалалар мен фотосуреттердің қиындыларынан өзі құрастырған коллажын осында тапсырған. Ол Мәскеу түбіндегі шайқастың 60 жылдығына арнап жасаған естелік сыйлығы екен.
“Біз үшін ардагерлердің әрқайсысы ардақты, қадірлі, қастерлі. Олардың елді қорғау үшін қолдарына қару ұстап, ерлік жасаған алақандарының табы бар әр зат құнды. Оларды көзіміздің қарашығындай сақтап, әр жәдігердің маңызын оқушыларға айтып, жас ұрпақтың бойында туған жерге, өлкеге деген патриоттық сезімдерін ояту – біздің парызымыз”, – дейді Лилия Мыскина.
Қазір мұражайда ерлік тақырыбына арналған сабақтар, тәрбие сағаттары өткізіліп тұрады. Бірақ оқушылар мен мұғалімдердің, ардагерлердің атсалысуымен жинақталған қаншама жәдігерлер аядай ғана бөлмеде сығылысып тұр. “Бізге үлкенірек бөлме керек-ақ, әзірге оған мүмкіндік болмай тұр”, – деп ақталды мұражай жұмысы кеңесінің жетекшісі Лилия Мыскина.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.