Бүгінгі қоғам баланы ерте жастан оқытуға ден қоюда. Қазіргі таңда 6-7 жасар баланың төтенше және күтпеген жағдайлардан өзін қалай қорғау керектігінен хабары бар. Петропавл қаласындағы «Алтын бесік» балабақшасының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Мәдина Дәрібаева балаларды төтенше жағдайлардағы дағдыларға ерте бастан үйретудің маңызын жақсы түсінеді. Бұл ретте оның ісі мен сөзі бір жерден шығып, қабысып отыр.
Жақында Петропавл қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың қызметкерлері осы балалар мекемесіне барды. Келген қонақтар балабақшаның тыныс-тіршілігімен, балалардың шығармашылығымен танысты. Бірақ ең қызығы олардың тәрбиеленушілермен бірлесіп ойнаған ойыны болды. Оның барысында балалар үйде және астық алқаптарында тұтанған өрттің не екенін, оның қайдан шығатынын және қандай салдары болуы мүмкін екенін білді. Өрт сөндіру автокөлігінің үлгісін бүлдіршіндер өздері басқара отырып, көпқабатты үйдің макетіндегі және астықты алқаптардағы “өртті сөндіріп”, автосатының көмегімен адамдарды құтқарды. Осы қауырт шарадан кейін басқарма қызметкерлерінің өрт қауіпсіздігі ережелері туралы әңгімесі балалар үшін әсерлі болды. Оларды ұйып тыңдаған кішкентай балалар сақтық шараларын есте сақтары сөзсіз.
«Біз балаларымыз үшін жауаптымыз, сондықтан ерте жастан қауіпсіздік ережелерін олардың құлақтарына құя беруіміз керек. Бұл ретте мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қоян-қолтық жұмыс істеу өз нәтижесін бермек. Бүгін «Алтын бесік» бөбекжай-бақшасының директоры ынтымақтастықтың жарқын мысалын көрсетіп отырғаны басқаларға үлгі болса игі”, – деді қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма басшысы Дмитрий Растихин.