Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлықпен күрес және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Өңірімізде еліміздің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру барысы көңілге қонымды болғанымен, кемшін тұстар да бар. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев жергілікті мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен, аумақтық департаменттермен тиімді байланыс орнатылмағандығын ашық айтты. Осының салдарынан жоспардың кейбір тұстарын орындауға жауапты аумақтық департаменттер мен құқық қорғау органдарынан қажетті ақпарат алу мүмкін болмай отыр.
Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасына орай мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру жұмысы да әңгіме өзегіне айналды. Үстіміздегі жылы 1400-ден астам мемлекеттік қызметшінің біліктілігін арттыру жоспарланса, оның тек 1020-сы ғана білім көкжиегін кеңейткен. Жылдық жоспардың орындалуы 73 пайыз ғана екенін тілге тиек еткен Ғалым Сұлтанұлы осы мәселеге салғырт қарап отырған бірқатар басқармалар мен аудандарды атады. Ал ауыл шаруашылығы басқармасы болса, мамандарының біліктілігін арттыруға алғашқылардың бірі болып қаржы бөлгенімен, бірде-бір кадрын оқуға жібермеген. Аумақтық мемлекеттік органдар болса, мамандарын оқытуға құлық танытпай отыр. Осы орайда өңір басшысы облыс әкімдігінің аппарат басшысына аумақтық департаменттер қарайтын министрліктерге өзінің атынан хат жазуды тапсырды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау өткізуде де салғырттық басым. Тәртіп бойынша барлық облыстық атқарушы органдар талдауды жүргізуге міндетті. Алайда, өңіріміздегі 541 мемлекеттік органның тек 68-і ғана аталған жұмысты орындаған. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдауды уақытында жүргізу және сауатты есеп беру де өзекті. Ғалым Сұлтанұлы бұл жұмысты мінсіз атқарғандар қатарында облыстық жер қатынастары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларын, Жамбыл ауданы әкімінің аппаратын атап өтті. Ал Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімінің аппараты бұл міндетті ескерусіз қалдырған. Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов бірінші жартыжылдықта атқарылуы тиіс жұмысты қараша айына қалдырған аудан әкімі аппараты жетекшісінің жұмысына сын көзбен қарауды тапсырды.
Жергілікті мемлекеттік органдар өздерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдауды жүргізуге мүдделі болуы керек. Алайда, олардың бірде-біреуінен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне өтініш түспейді екен. Ал департаменттің өз бастамасымен жүргізілген талдау кезінде анықталған бұзушылықты жою жөніндегі ұсыныстары назарға алынбайды. Мәселен, Қызылжар ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне 13 ұсыныс айтылғанымен, оның тек төртеуі ғана толық орындалған.
– Бұл жұмыстарды уақытында және сапалы орындап жүрген мемлекеттік органдар бар. Өзгелері солардың деңгейіне жетуге тырысулары керек. Бүгінгі таңда облысымыз сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алу бойынша алдыңғы қатарда. Осы бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейтуіміз керек, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Аталған мәселе бойынша бірқатар аудандар өздерінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Мағжан Жұмабаев ауданында өткен он айда бір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша істі болған. Тайынша ауданының тәртіптік комиссиясы 9 айдың ішінде 41 тәртіптік істі қараған, 30 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміров өздерінде сыйбайлас жемқорлыққа қатысты жұмыс ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанын айтты. Алайда, комиссия мүшелерінің өз уәжі бар. Үстіміздегі жылы Айыртау ауданында үш мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық қылмысқа барып, бүгінде екеуіне сот үкімі шыққан. Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұл ауданда қолға алынған жұмыс қағаз жүзінде көңілге қонымды болғанымен, іс жүзінде нәтижесі шамалы екенін атап көрсетті.
Ведомствоаралық комиссияның отырысында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысы да сөз болды. Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Айтбаев өткен 10 айда қылмыстың 8 пайызға азайғанын атап өтті. Аса ауыр қылмыстар – 24, ауыр қылмыстар 7 пайызға кеміген. Комиссия мүшелері жазасын өтеп шыққандарды ескерусіз қалдырмау керек екендігін алға тартты. Себебі, осы күнге дейін бостандыққа шыққандардың 54 пайызы темір тордың ар жағына қайта оралған. Осы бағытта өздерінде атқарылған жұмыстарды баяндаған Тимирязев ауданы әкімінің міндетін атқарушы Азамат Ысқақов жол-көлік оқиғасы көбейгендігін ашық айтты.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.