Халықтың денсаулығын қорғау мемлекет үшін маңызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 80-қадамында медициналық қызметті жаңашалаудың бағытын көрсеткен болатын. Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатымен 2016-2020 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, 2018 жылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізілмек. “Жүйе қалай жүргізіледі?, Медициналық қызметтің сапасы арта ма?, Қолжетімділік ұлғая ма?” деген сауалдар көпшіліктің көкейінде жүргені сөзсіз. Бұл сұрақтарға Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалының кезекті спикері Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Батырбек Нұрғалиев жауап берді.
– Медициналық сақтандыру халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Мұндай жүйемен жұмыс істеу көптеген дамыған елдердің тәжірибесінде бар. Осы бағытта заңнамалық жоба бар. Қор да құрылды. Бүгінде жүйенің қалай жұмыс істейтіндігі түсіндірілуде, – деді Батырбек Амангелдіұлы.
Спикер әрі қарай қордың қалай жұмыс істейтіндігін, тұрғындарға медициналық көмек қалай көрсетілетіндігін, тұрғындар тарапынан төленетін аударылымдар қалай жүргізілетіндігін түсіндірді. Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына түскен қаражат есебінен азаматтар тегін медициналық көмек алады. Мұнда негізгі сақтандыруға кірмейтін медициналық қызметтің басқа түрлерін қамту көзделген. Оған амбулаторлық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Бұл мүмкіндік міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін қолжетімді.
Қор қаржысының жиналу тәртібі заңнамада қарастырылған. Қор жұмыс берушілердің, азаматтардың сақтандыру жарналары мен мемлекет қаражаты есебінен толығады. Аударымдар әр адамның жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша жүргізіледі. Қор қаржысы Қазақстанның Ұлттық банкінде ашылған есепшотта сақталады.
Мемлекет тарапынан халықтың бірнеше тобы үшін жеңілдіктер қарастырылған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылмақ. Олардың қатарына “Алтын алқа”, “Күміс алқа”, “Батыр Ана” атанғандар, I және II дәрежелі “Ана даңқы” орденінің иегерлері, ҰОС ардагерлері мен мүгедектер кіреді. Сондай-ақ, жұмыссыз жүкті әйелдер мен зейнеткерлер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға да жеңілдіктер жасалады.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2017-2024 жылдар аралығында біртіндеп енгізіледі. Шілденің 1-інен бастап мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлейді. Ал 2018 жылдың басынан бастап қор қаржысы пайдаланыла бастайды. Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі алғашқыда еңбекақының 2 пайызын құраса, 2020 жылы 5 пайызға дейін жетеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар бастапқыда кірісінің 5 пайызын, 2020 жылға қарай 7 пайызын қорға аударады. Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшері биыл республика бойынша орташа айлық есептік көрсеткіштің 3,75 пайызы мөлшерінде, одан арғы жылдары 5-7 пайызға дейін көтеріледі. Сақтанушының қорға аударған қаржысы әртүрлі болғанымен, қажет болған кезде көрсетілетін медициналық қызметте айырмашылық болмайды.
Батырбек Нұрғалиев бұл жаңашылдық біріншіден, халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз ететініне тоқталды. Қаржы тапшылығынан қоғамның әлжуаз топтарының ақылы медициналық қызметтен шектеліп қалуы азаяды. Екіншіден, тұтынушы өзіне ұнаған орталықтың қызметін пайдалана отырып, сала ішіндегі бәсекелестікті ұлғайтады. Бәсеке бар жерде сапалы қызмет болады. Одан кадрдың біліктілігін арттыруға қызығушылық оянады.
Сонымен жүйе 2018 жылдан бастап енгізіледі. Алайда, медициналық қызмет көрсету қордағы қаржы есебінен жүргізілетіндіктен, бірінші жылдан бастап барлық мәселе қамтылады деуге болмайды. Мәселен, стоматология қызметі алғашқы жылдары сақтандыру қорының қаржысына сенім арта алмайды. Кейін қаржы молайған кезде қымбат және көп қолданылатын стоматологиялық қызметте тегін көрсетілуі ықтимал.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.