Қабыкен ақсақалдың төсек тартып, дала бетін көрмегеніне жарты жылдай болып қалды. Жарытып тамақ ішпеген адамның бойында қуат бола ма, қазір өз бетімен басын да көтере алмайды. Кеше ғана екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей жігіт еді. Қазір бір уыс болып бүрісіп жатыр.
Сәл қозғалғаны сол еді, оң жақ жамбасы біреу біз сұғып алғандай қатты шаншыды. Ауруының жанына батқаны соншалық, көзінен жас ыршып кетті. Сонда да дыбыс шығармай, қос қолымен көрпені уыстап алып, сығымдай берді. “Шынашақтың басындай ғана темір ақыры түбіме жетті-ау”, – деді тістеніп.
Сәлден соң бойы босай бастады. Осы бір сәт қартқа қатты ұнайды. Мұндай кезде айналып соғып тұратын ауруының бар екенін ұмытып кетеді. Осы жолы да көздерін ашып, оң қолымен сақалын сипап, өткен өмірдің бір сәттерін елестетуге тырысты.
… Таң бозарып атып келе жатқан еді. Қотан іші тып-тыныш. Шабалана үрген иттер де жоқ. Тек көшенің бас жағында екі адамның қарасы көрінетіндей. Үйіне қарай беттеп бара жатқан Қабыкен бұлар кім екен дегендей тесіле қарады. Кең жауырынды, бойшаң келген ағасы Айбасты жазбай таныды. Келін түсірген Сақтағанның үйінде Айбас көрші Нығметжанның қызының қасында отырғанын көрген. Қасындағы шамасы сол шығар деп жорамалдады. Қайраттың үш-төрт құрдасы біразға дейін отау тіккендердің қасында болып, ду-ду әңгіме айтып, ойнап-күліп таңды атырған еді. Қабыкен де сол жақтан келеді. “Ағамның үйленетін сыңайы бар сияқты. Маған жол ашылатын болды. Мен кімнің қызын аламын. Әй, осы анау Рақиядан жақсы әйел шығады. Соны алып қашамын”, – деп өзінің қылжақ ойына миығынан мырс етті де, үйге кірді. Бірден терезеден түскен көмескі жарықтың көмегімен бос орын тауып алып, жата қалды. Шаршағандығы болар, басы жастыққа тиісімен ұйықтап кетті.
Қабыкен даладан естілген айқай-шудан оянды. Сырттан әйелдердің жылаған дауысы, ерлердің гүж-гүж әңгімесі естіледі. Үйдің іші ысып кеткеніне қарағанда түс мезгілі болып қалса керек. Не болғанын түсінбей, далаға беттеді. Оның үйінен 200 метр жердегі алаңға көп адам жиналыпты. Түрлері сұсты, қабақтары қатулы. Жүрегі бір сұмдықтың болғанын сезіп, ақырындап топқа қарай жақындады. Анасы да сол адамдардың ішінде екен. Сәл босап кеткен орамалынан ақ шаштары көрінеді. Қабыкеннің өздеріне қарай беттеп келе жатқанын көріп, шұғыл бұрылды да, жүгіре басып, қасына жетті. Баласын қапсыра құшақтай алды. “Мен сендерді жібермеймін. Жоқ, мен сендерді өлімге өз қолымнан аттандырмаймын”, – деп еңірей жөнелген анасының орамалы басынан сырғып, жерге түсті. Қабыкен орамалды көтерейін десе, мойнынан құшақтап алған анасы босатар емес. “Қайда жібермейсің? Бізді кім өлтірейін деп жатыр?” – деп сұрайын десе, анасының ащы дауысы өңменінен өтіп, есеңгіреп қалды. Жиналғандардың бірі сырттан келген адамға “Соғыс басталды. Неміс фашистері соғыс ашты”, – деп айқайлап түсіндірген кезде ғана Қабыкен бір сұмдықтың болғанын білді.
Көп ұзамай Айбас пен Қабыкенге шақырту қағазы келді. Осы аз уақыттың ішінде анасы тіпті қартайып кеткендей көрінді. Көздері үңірейіп, әжімдері тереңдей түскендей. Қос ұлының соғысқа аттанатын күні, сағаты жақындаған сайын мазасызданады. Өзіне-өзі басу айтқандай, үнсіз жүреді де балалары қасына жолай кетсе, құшақтай алып, булыға жылайды. Бұрынғыдай басқа шаруамен жайы жоқ, күні-түні қолынан инесі мен жібі түспейді. Тіккен киімдерін бүктеп, кезінде балаларының әкесі жасаған ағаш сандықтың үстіне қойып жатты…
… Қабыкеннің оң жақ аяғы бақайынан бастап жамбасына дейін қайтадан солқылдай жөнелді. Ұйып қалған денесін жазғысы келіп, сәл қозғалғаны сол еді, жамбасына біреу пышақ сұғып алғандай, жаны көз ұшына келді. Әдеттегідей денесін тырыстырып, жұдырығын түйіп, көздерін тарс жұмды…
Дертіне шыдап жатып, ауруы сәл босатқан кезде ұйықтап кетіпті. Түсіне де анасы енді. Әдетте шашын түгелдей орамал астына тығып жүретін оның бозқырау тартқан аппақ шаштары маңдайынан көрініп тұр. Анасының суланған жанарынан мұң мен қуаныш қатар байқалатындай. Қабыкен өзінің соғыстан оралған сәттегі жап-жас бейнесі екен дейді. Анасына қарай жақындайын десе, ілгері басқан аяғы кейін кетеді. Елжірей қарап тұрған анасын жүгіріп барып, құшақтайын десе, денесі өзіне бағынбай, тұрған орнынан жылжи алмайды. Баласының өзіне ұмтылып тұрғанын көрген анасы: “Аяғың ауырып тұр ма? Қозғалма, одан сайын ауыртып аласың. Айбас ағаңды уайымдама, ол менің қасымда. Аяғыңның жарасы әлі жазылмай жүр ме?” – деді. Анасының жанашырлығынан көңілі босаған Қабыкеннің өңешіне өксік тығылып, бірдеңе айтайын десе дауысы шықпайды. Бар күшін жинап алып: “Иә, сол жара жанымды жегідей жейді. Госпитальда дәрігерлер етті тіліп, сүйекке қадалған оқтарды алып шыққан кезде былқ етпеген едім. Ал бойымда қалып қойған гранатаның жарықшағы түбіме жетейін деп тұр. Дәрігерлер оны да тапты-ау, бірақ отадан кейін оңбадым. Қартайғандығым шығар”, – деп күндегі өз санасында жүрген шағымын бір деммен анасына айтып берді. “Қарғам-ай, жаның қиналып кетті ғой. Келші, мен көрейін”, – деп анасы қолын соза берді де, ғайып болды. Қабыкен жан-жағына жалтақтап, анасын іздеді. Аппақ тұманға оранған айналасынан қарайғанды көре алмай, қиналып тұрған сәтте, оянып кетті.
Маужырап жатыр. Тіпті, ауырмайтын сияқты. Қабыкен бөлме ішін көз қиығымен бір шолып өтіп еді, екі немересі әлі ояна қоймаған екен. “Ұйықтасын. Күнұзаққа істейтін жұмыстары да көп, тынығып алсын”, – деді өз-өзімен күбірлеп.
Түсінде анасын көргендіктен бе, көңілі орнығып, жаны жадырап қалды. Аурудың да төркіні алыстап, денесі өз-өзіне бағына бастағандай. Қол-аяғын қозғалтып көріп еді, ауырмады. Тамақ ішкісі келген сияқты болды. Бұл кезде ауыл да ояна бастаған еді. Үйдегі келін сиырларын сауып келсе керек, шошаладан шелектердің дыңғыры естілді. Ұлы Қайырлы әкесінің жайын білгісі келіп, бөлмеге кіргенде, Қабыкен оған: “Балам, амансың ба? Бүгін бір жақсы күн болайын деп тұр. Тамақ ішкім келеді. Мені аламын деген ауру шаршаған болу керек, аулақ кеткенге ұқсайды. Ертең Жеңіс күні. Басымды көтеріп, ұлы күнді қарсы алуға шамам келіп қалған сияқты”, – деді күлімдеп.
Әкесінің беті бері қарағанын көріп, Қайырлы да қуанып қалды. “Қазір, әке, жуынып-шайынып, дәретке баруыңызға көмектесейін, сосын бірге отырып таңғы асымызды ішеміз”, – деп сыртқа шығып кетті.
Қарт бала-шағасымен бір дастарқан басында отырып шай ішетін сәтті асыға күтті. Үйдегілер де оның ойын сезгендей тез қимылдап, Қайырлы әкесін асүйге көтеріп әкеліп, дастарқан басына жайғастырды. Келінінің құйған қою қара шайын 1-2 ұрттады да, бір тілім нанды қаймаққа былғап алып, аузына салды. Қандай тәтті! Тағы малып, тағы жеді. Келін-баласы оның тамаққа тәбеті шапқанын көріп, қуанып отыр. “Жеңіз, жеңіз”, – деп дастарқан үстіндегі тамақтың барлығын соған қарай сырғытты. Бірақ бұдан әрі дәмге қолын созған жоқ. “Балам, далаға шығаршы. Кішкене таза ауада отырайын”, – деді ол. Қайырлы оның сөзін екі етпей көтеріп алып, қораның қасындағы өзіне арналған арқасы биік орындыққа әкеліп отырғызды. “Барып тамағыңды іше бер. Мен жалғыз отыра тұрайын”, – деді.
Көкжиектен көтерілген күннің шуағы қандай керемет! Қабыкен күнге бетін тосып еді, сәулесіне тіке қарай алмай, көздерін жұмды. Сол қалпында ұзақ отырды. Басын шалқайтып, аяқ-қолын созғаны сол еді, жүрек тұсы қатты шаншып, қыса түсті. “Тәйірі-ай, ауру жеңді ме, әлде кәріліктен шама бітті ме?” – деп көздерін жұмған қалпы, орындықтың иығына тіреген басын төмен қарай қисайта берді. “Бауырым, дерттен жеңілдің бе? Қайсарлығың қайда кеткен? Тұр орныңнан. Балалық шақты еске алып, бірге жүгірейік”, – деген дауыс құлағына жетті. “Бұл кім?” дегендей жан-жағын барлап еді, ағасы Айбастың бейнесі көз алдына келді. Ол кәдімгідей күлімсіреп, бұған құшағын ашып тұр …
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.