Облыс орталығындағы “Петропавл балық тәлімбағының” №5 тоғанында балық аулау кезінде қайықтан аударылып, 74 жастағы ер адам суға батып кетті. Оның денесін судан тұрғындар шығарып алды.
Келесі қайғылы оқиға Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шөптікөл ауылдық округі аумағынан ағып өтетін Есіл өзенінде орын алды. Кешқұрым екі әйел Разгульное ауылынан Шөптікөлге бет алған. Жолды қысқартпақ болған олар Есілдің жақын жағаларын таңдап, жүзіп өтуге бел буған. Алайда, 42 жастағы әйелдің қауіпті жолды еңсеруге шамасы жетпеген. Өйткені, олар өтпек болған жердегі ағын да қатты, су да әлі суық әрі кешқұрым уақытта өзенде бағдар ұстау да оңай емес еді. Оқиға орнына жедел жеткен облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің суда құтқару қызметінің маневрлік-іздестіру тобы, құтқарушы-сүңгуірлері суға батқан әйелдің денесін төрт күннен бері іздестіріп, таба алмай жатыр.
Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің суда құтқару қызметінің мамандары тұрғындарды су айдындарында сақ болуға шақырады.
Судағы оқыс оқиғаға кезікпеу үшін шомылу кезінде алкогольдік ішімдік ішпеңіздер, өйткені, адамдар мас күйінде суға жиі батады. Су айдындарында балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, түнгі уақытта қауіпті орындарда суға түспеңіздер. Қатты ағын мен терең су өте қауіпті.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.