
Мерекелік жиынға қатысушылар алдымен театр ғимаратының екінші қабатына қойылған аудандар мен ұқсату кәсіпорындары өндіретін өнімдердің көрмесін аралады. Көрмеде ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілетті азық-түлік, сусын, жеміс-жидек, ет және шұжық өнімдері арқылы тұтынушылардың көңілінен шығып жүрген 50-ге жуық компания өз тауарын ұсынды. Көрмені тамашалау кезінде өңір басшысы Ерік Сұлтанов бастаған топ ауылдың дәмінен ауыз тиді.
Ал мерекенің ресми бөлімінде қатысушылар назарына облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуы туралы деректi фильм ұсынылды. Оған жергілікті агроқұрылымдардың көктемнің әрбір ашық күнін тиімді пайдалана отырып ырыс дәнін сіңіргені, күзгі ауа райының қолайсыздығына қарамастан орақ науқанын уақытында аяқтап шыққаны арқау болған.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.
– Бүгін дарқан далаға дән сеуіп, астық жинаған, шұрайлы жерге мал жайып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикасына өзіндік үлес қосып жатқан адамдардың еңбегіне құрмет көрсететін ерекше күн. Облысымыздың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері Қазақстанның тарихындағы мерейлі мереке – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына үлкен жетістіктермен келіп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үстіміздегі жылғы өңірімізге жұмыс сапары барысында: “Солтүстiк Қазақстан облысының жетiстiгi – ауқымды әрi бiрлескен жұмыстардың қорытындысы”, – деп баға берген болатын. Биылғы орақ науқаны да ортақ мақсат пен біріккен күштің нәтижесін көрсетті. Облысымыздың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері осы орақта рекордтық 5 миллион 768 мың тонна астық жинап, мерейтойлы жылға өзіндік тарту жасады. Майлы дақылдан, картоп пен көкөністен де жақсы өнім алынды. Бұл көрсеткіштерге сіздердің ерен еңбектеріңіздің, осы салаға жасалған мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздік. Мен барша диқан қауымын бұл жетістікпен шын жүректен құттықтаймын, – деді Ерік Хамзаұлы.
Аталмыш саланың жетістіктері ел Тәуелсіздігімен тікелей байланысты. 1991 жылмен салыстырғанда облыста астық жинау көлемi 2,5 есе артқан. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында өнiмдiлiк гектарына 6,4 центнер болса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткiш 18 центнерден асты. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары алаңы 4,4 миллион гектарды құрады.
Бұл – егінін баптаған диқанның да, мал жайған малшының да жыл бойғы төккен терінің нәтижесі. Жылдағыдай емес, орны ерекше болған биылғы ауыл шаруашылығы жылының қорытындысы шығарылды. Әр гектардан 21,7 центнерден өнім алған Аққайың ауданы жеңімпаз деп танылды. Ерік Хамзаұлы Аққайың ауданының әкімі Дәурен Байтөлешовке 15 млн. теңгенің сертификатын табыс етті. 21,3 центнерден өнім алған Мағжан Жұмабаев ауданы, 20,6 центнерлік көрсеткішке қол жеткізген Жамбыл ауданы жүлделі екінші, үшінші орындарды иеленді. Бұл аудандардың әкімдері Асқар Бегманов пен Иван Турков сәйкесінше 10 және 5 млн. теңгенің сертификаттарын еншіледі.
Сондай-ақ, сала озаттарының да еңбегі ескерусіз қалмады. Атап айтқанда, 24 жерлесiмiзге Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Еңбек ардагерi” медалi, “Ауыл шаруашылығы саласының үздiгi” төсбелгiсi және Құрмет грамотасы табысталды. Ұзақ жылғы және адал еңбегi, облыстың агроөнеркәсiптiк кешенiн дамытуға қосқан зор үлесi үшiн 19 диқан облыс әкiмiнiң Құрмет грамотасымен марапатталса, тағы 12-сi Алғыс хатқа ие болды.
Жиында “Тайынша-Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Анатолий Рафальский мен “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің директоры Арыстан Жүнiсов әрiптестерiн кәсiби мерекелерімен құттықтап, алдағы жылғы жауапты науқанда жетістіктерді еселей түсуге шақырды.
Салтанат соңында жиналған қауым назарына өңіріміздің маңдайалды өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарлама ұсынылды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.