
(Басы өткен сандарда).
4. БИЛІК БАСЫНДА
Жаңа хандықтың құрылу процесі күрделі геосаяси жағдайда өтті. Бұл – Еуропадағы дамудың өріс ала бастаған кезеңі, яғни Ұлы географиялық ашулар дәуірі болатын. Оңтүстікте севефидтік Иран шұғыл түрде қайта қаруланды. Шығыста Құбылай әулеті нығайды.
Қазақстан тарихының белгілі зерттеушілердің бірі – Клавдия Пищулина Қазақстан тарихының бес томдығында Қазақ хандығының құрылуының хронологиясына қатысты өзінің дәйектерін келтіреді. Онда 1462 жылы Есен-Бұғының өлімінен кейін және оның бауыры Йунус (Жүніс) ханның Ташкентке кетуімен, Моғолстан билеушілерінің билігінің әлсіреген тұсында Жәнібек пен Керей хандар билігі нығая түскені тұжырымдалады. Әбілқайыр ханның “1468/69 жылғы” өліміне байланысты, Қазақ хандығының өз алдына дербес шығуы үшін Дешти-Қыпшақ даласындағы оқиғалардың барысын күтудің қажеті жоқ болатын. Профессор Б. Кәрібайдың пайымдауынша, Әбілқайырдың өлімі – 1469/1470 жылдары болған. Осы жылдары Сырдария жағалауы қалалары аймағы мен Шығыс Дешті-Қыпшақтың далалық кеңістігінде қазақ хандарының билігі біршама нығаяды және кеңейеді. А. Чулошниковтың пікірінше: “Мәселе өзбек ұлысындағы әулеттің ауысуында ғана тұрған жоқ, бастысы қазақ халқының құрылуымен, жеке мемлекеттің пайда болуында”. Одан да басқа зерттеушілер, мысалы, Сапар Ибрагимов хандықтың құрылу мерзімін XVI ғасырдың басына жақындатып, Қазақ хандығының XV-XVI ғасыр аралығында құрылғанын айтады. Біздің пайымымыз, Қазақ хандығының құрылу процесінің ауыр және салыстырмалы түрде ұзақ жолдан өткенін қолдайтындар пікірімен сәйкес келеді.
“Қазақ хандығының құрылуы бір мезгілде болған оқиға еместігін” Т.И. Сұлтанов әділ атап өтеді және оның пікірінше оқиғаның соңғы түйіні, “1470 жылы Әбілқайыр иелігіне Жәнібек пен Керейдің қайтып келуі және олардың жоғарғы билікті басып алуы”. Бірақ, қазақ хандығы құрылу датасына қойылатын нүктеге қалай болғанда да зерттеушілердің айқындаған 1465 жылды алу қажет.
Қазақ хандығының құрылуы
Атақты татар ғалымы М.Г. Сафаргалиев Әбілқайыр хан Сырдария алқабын қалдыруға мәжбүр болды және Арал теңізі жағалауына кеткен деп көрсетеді. Бұл “бірқатар өзбек одағының” қатты көңілін бұзды. Ал қазақтардың кетуімен (қоныс аударуымен) Әбілқайырмен көшпенді өзбектердің аз ғана бөлігі қалды деп мәлімдейді. Біз үшін өте маңызды ақпарат.
К. Пищулинаның пікірінше, Қазақ хандығының құрылуы Дешті-Қыпшақта емес, Батыс Жетісу (Моғолстан) жерінде жүрген. Осы нұсқа шындыққа жақын келеді, бірақ көшпелі тайпалардың ауқымды жұмыла кірісетіндігін есепке ала, қазақ билеушілер билігінің Дешті-Қыпшақ жерінде тарағанын да жоққа шығара алмаймыз, оның үстіне бұл аймақтар географиялық жағынан өте жақын. Айта кету керек, осы тұста К. Пищулина Зайн аддин Васифидің жазбасында Батыс Жетісу (Шу мен Талас алқаптары) аумағының алғаш рет “Қазақстан” атауымен аталынғаны, зерттеушілер көңілін аударғаны жөнінде айтады. Одан әрі оқиға куәгері Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидің хабарламасынан Әбілқайыр хан өлімінен кейін өзбектер елінде үлкен бассыздықтардың туындағаны жөнінде үзінді келтіріледі. Онда: “Қазақ ұлысында сұлтандар хан болғандары үшін өздерін мақтан тұтты. Мұндай жоғары лауазым бірінен кейін бірі, бірнешеуінің қолынан өткен соң хандықтың кезегі Бұрындық ханға жетті, ол – даңқты хандар әулетінен шыққан ұлыстың ұлыларының бірі” екендігін баяндайды.
Әбілқайырдың немерелері жастық шағында “қазақ” болған, яғни аталары сияқты олар да еркін қазақ сатысынан өткен. Бір кездері Мұхаммед Маңғыстауға жақын ноғайлармен де тұрған, бірақ кейін Түркістанға кеткен. Кейінірек олар өздерін “өзбектерміз” деп атаған тайпаларды басқарады.
1499-1503 жылдары Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шейбани өзіне сенімді “көшпелі өзбектермен” Мәуереннахарды жаулап алуға кіріскені жайлы айта келе, өзбек мектебіне арналған оқулық авторлары жазған тарихи оқиға былайша өрбиді: “Жорықта ол темуридтерді аңдаусызда бас салатын әскери тактиканы қолданған. 1504 жылы Ферғана түпкілікті алынады, ал мемлекеттің астанасы – Самарқанд қаласы болады”. Мұхаммед Шейбани 1510 жылы сефевидтер (Иран) әскерімен шайқаста қайтыс болды. Ал бөлесі Мұхаммедтің қазасын естіген Қасым қатты қайғырған және қызылбастардан кек алу үшін үлкен ұлы Әбілқайырды (!) жұмсаған.
* * *
Қазақ хандығының құрылуы қазіргі Қазақстан аумағы мен оған шекаралас XIV–XV ғасырлардағы аймақтардағы күрделі этносаяси, әлеуметтік-экономикалық және этномәдени процестердің нәтижесі болып табылады. Бұл процестердің басты нәтижесі моңғолдық кезеңнен кейінгі мемлекеттер аясында (Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы, Сібір хандығы), біртұтас саяси бірлестік жолында бірігуге қажеттілікке мұқтаж, қазақ халқының қалыптасуының аяқталуына әкелген.
XV ғасырдың 60-шы жылдары сұлтандар билігі өздері құрған әлеуметтік құрылымда нығая түсті. Өздерінің көшпелі бірлестіктерге тән белгілері қалыптасты: билер соты, салық жүйесі, территориялық шекаралары, т.б. Сығанақ қаласы билеушілер ордасы хандықтың астанасына айналды.
XV ғасырдың 70-90-шы жылдары Қасым мен Ақназар тұсында Қазақ хандығы нығайды және оның шекаралары кеңейді. Олар астананы Сығанақтан ауыстырды.
Көңіл бөлерлік мәселе, тарих ғылымының жаңа бағыттарының бірі – популяциялық генетикамен айналысатын ғалымдар тобы қазақ халқының біртұтас этнос ретінде қалыптасуы XV ғасырдың ортасы деген шешімге келуі сол кезеңдегі саяси оқиғалармен толықтай сәйкес келеді. Жақсылық Сәбитовтың мәліметі бойынша ДНК сараптамасы қазақ руларының XIII-XV ғасырларда өмір сүрген ортақ ата-баба тұқымынан тараған еркектер жағының генетикалық ұрпақтарынан тұратынын көрсеткен. Сонымен қоса қазақ руларының рубасыларының барлығы дерлік XIII-XV ғасырларда өмір сүрген және Алтын немесе Ақ Орданың бас әмірлері болды. Бірақ, олардың орналасуының ең ежелгі тарихы Байкал өзенінен Дунайға дейінгі кең-байтақ даланы қамтиды. Қыпшақ тілі негізінде қазақ тілі XV-XVI ғасырларда түпкілікті қалыптасты.
Жұртшылыққа белгілі қазақтардың “Алаш” деген де атауы бар. Дұрысы “Алаш баласы” ұғымы болуы тиіс. Аңыз-әңгімелер бойынша қазақтың барлық тайпалары мифологиялық Алаш тұқымынан тарайды. Ал шынында осы мезгілге дейін Алаш этнонимінің пайда болуы әлі де жұмбақ. Қазақтың өздерінен басқа құрамына ноғайлар, өзбек, қырғыз, түркімен, қарақалпақтар, тіпті, қалмақтар (ойраттар) кіретін “Алаштың алты баласы” ұғымының қалыптасуы ежелден бастау алған және оның тамыры ежелгі түріктерге немесе Алтын Орда кезеңіне жайылады. Қазір Кавказ ноғайлары бізді “Алаш” деп атайды.
Жас Қазақ хандығы өмір сүруге қабілетті болып шықты. Әбілқайыр өлімінен кейін оның ұлысы ыдырай бастайды, көптеген тайпалар Мұхаммед Хайдар Дулати көрсеткендей, қазақ сұлтандары Керей және Жәнібекке жаппай кете бастайды. Ал 1465-1466 жылдары қазақ хандарының билігі түпкілікті бекиді, Әбілқайыр хандығы территориясының үлкен бөлігі қазақтар жағына өтеді. Мұндай жағдайдың кереметтігі сол, хандық басында бір-бірімен туысқан екі адамның тұруы. Бірақ, тарихшылар (М.Әбусейітова, Б.Карибаи) тұжырымдағандай, алғашқы хан Керей болғанды. Жас жағынан да үлкен болған еді, Керейдің өлімінен кейін 1470 жылы ол билік Жәнібекке өтеді. Жәнібек қайтыс болғанда хандық билікке Бұрындық келеді. Кейбір зерттеушілер оның есімін шежіре жазушылар дұрыс бермегенін, нақтысында оның есімі, шындыққа жақын қазақ тіліндегі айтылуына сәйкес, Мұрындық болған деп есептейді. Біздің ойымызша, қазақ тілінің лексикасына сәйкес Мұрындық есімі шындыққа жанасады. Бір қызығы, ноғай (татар емес) тілінде мұрынды олар “бұрын” дейді, ал мұзды – “бұз” дейді. Қалай аталса да Бұрындық (Мұрындық) хан қазақтың көшпелі мемлекетінің негізін нығайтуда маңызды рөл атқарды. Одан кейінгі қазақ хандары әулетін жалғастырушылар – Жәнібек ханның ұрпақтары болды.
Керей мен Жәнібек хандардың жерленген орындары жөнінде де бірнеше нұсқалар бар. Бір аңыз бойынша, Керей Астана қаласынан 100 шақырым жердегі Қазақстанның солтүстігінде, ал Жәнібек болса, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақтан (Сығанақ) алыс емес жерде жерленгендігі айтылады. Мұқият зерттеуді қажет ететін одан да басқа мәліметтер жетерлік. Осы мерейтойды өткізер кезде көптеген ізденістер, терең зерттеулер туар деген, тарихымызға қатысты жаңалықтар да болар деген ойдамыз.
Ескеретін жайт, Қазақ хандығы құрамының түпкі негізі, қазіргі тілмен айтқанда, көпұлтты интернационалды болды. Қазақтардың өздерінен басқа қалыптасушы халықтың құрамына өзбектер, ноғайлар, қырғыздар, қарақалпақтар, қалмақтар, солтүстік кавказ халықтарының өкілдері және араб қожаларының ұрпақтары кірді. Кейінірек өзбектер мен қазақтар арасы бөліне бастайды. Бірақ шығу тегінің ортақтығы есте сақталған. Мысалы, “Өзбек – өз ағам, сарт – садағам” деген ұғымдар бұл халықтардың өткені бірегейлігінен хабар береді. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” еңбегінде “Қазақ хандығы” Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет болғандығын” атап өткен болатын. Және бұл мемлекет бір орталыққа бағынған саяси құрылым болды. Қазақ елінде ешқашан руаралық не аймақтық соғыс болмаған. 2010 жылы Қазақстанның жаңа астанасы – Астанада Жәнібек пен Керей хандарға ескерткіш орнатылды.
5. “ҚАЗАҚ” – “КАЗАК” ЭТНОНИМІНІҢ ПАЙДА БОЛУЫ
Әбілқайыр хан мемлекетінің ыдырауы, халықтың көші-қоны көптеген түркі халықтарының қалыптасуының аяқталу кезеңімен бір мезгілде болды. Бұл кезеңде тарихи аренаға қазақ, ноғай, өзбек және басқа да этностар шығады. Ескере кететін жайт, халықтардың құрылуы белгілі бір этникалық топтың басымдығымен жаңа мемлекеттердің қалыптасуымен ұштасып отыруы еді. Қазақ хандығының құрылуы және оның қалыптасуымен қатар “қазақ” атауының анықтамасы (дефиниция) этникалық бейне ала бастады. Егер Қазақ хандығы құрылғанға дейін “қазақ” атауы анықтамасына көбіне әлеуметтік өң берілсе, алпысыншы жылдардан кейін, “қазақтар” немесе “өзбек-қазақтар” деп этникалық топтарды құраушылар атала бастады.
XV ғасырдың 60-шы жылдары көптеген авторлар “қазақ” ұғымына белгілі этникалық мән береді. Мұхаммед Хайдар Дулати: “… Жәнібек және Кереймен бірге кеткендерді “қазақтар” деп атады және оларға осы атау бекігені” туралы жазады. Көптеген жылға созылған этникалық процестер нәтижесінде “қазақ” этнонимі және Қазақ хандығының құрылуы бекіді. Қазақ хандығының тұрғындар саны, әсіресе, Әбілқайыр ханның өлімінен кейін жаңа рулар мен тайпалардың келуі есебінен көбейді. Кең-байтақ Қазақстанда қысқа мерзім ішінде этникалық қауым пайда болғанды. Жаңа мемлекет – Қазақ хандығы, оның территориясы мен этникалық шекарасы қалыптасты.
Қазіргі орыс тілінде “қазақ” атауы (қатаң “қ” сөздің басы мен аяғында) “казах” ретінде оқылады, адамның түркілік этнонимін білдіреді, өзінің ру-тайпасынан бірқатар себептермен бөлінген және еркін далалықтарға айналған. Осылайша “қазақ” этнонимі тұрақты әлеуметтік мән алған және бірте-бірте түрлі деңгейдегі этностарға тарады (мысалы, орыстар арасындағы казактардың этнографиялық тобы).
Бүркітбай АЯҒАН,
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
(Жалғасы бар).