Заманның аласапыран кезінде тағдырдың жазуымен ұланбайтақ қазақ жеріне көптеген этнос өкілдері жер аударылды. Бүгінде біз қаны бөлек болғанымен, қазақ халқымен жаны бір, ұлты басқа болғанымен, халқымызбен арманы ортақ біртұтас елге айналып отырмыз. Әрине, бір шаңырақтың астында 100-ден астам ұлт пен ұлысты татулық пен бірлікте ұстап отыру оңай емес. Еліміз енді тәуелсіздік алған тұста, мемлекетіміз үшін ең жауапты кезеңде құрылып, бүгінде тұрақтылықтың тұтқасына, бірлігіміздің бастауына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы зор.
Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы қанатының астында 130 этностың тілі мен ділін, тарихы мен мәдениетін жаңғыртуды мақсат тұтқан 800-ден астам қоғамдық бірлестік жұмыс істеуде. Этномәдени бірлестіктер бірлік пен татулыққа мұрындық болуымен қатар, қайырымдылық, медиация, әлеуметтік көмек, ұлттық мерекелерді насихаттау секілді бағыттарда белсенділік танытып отыр.
“Коперник” облыстық поляк мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі 1996 жылы құрылды. Содан бергі уақыт аралығында этномәдени бірлестік бағыт-бағдарын айқындап, рухани және тарихи құндылығымызды дәріптеп қана қоймай, ішкі бірлікті сақтауда ілкімді істерді атқарып келеді.
Бүгінгі таңда өңірімізде мыңдаған поляк этносының өкілі тұрады. Аға буын мен өскелең ұрпақтың тамырынан ажырап қалмауы үшін ана тілін, тарихын, мәдениетін білгені аса маңызды. Осы мақсатта Польша Республикасының Қазақстандағы елшілігімен, шығыстағы поляк мектептеріне қолдау көрсететін Т.Геневич атындағы көмек қорымен, “Wspólnota Polska” ұйымымен, Польшаның мәдени астанасы – Краков қаласындағы “Tadeusz Kantor CRICOTEKA” орталығымен әріптестік байланыс орнатылды.
Қолға алынған игілікті істің арқасында поляк этносының өкілдері ғана емес, Польшада білім алғысы келетін кез келген солтүстікқазақстандық жас тегін тіл үйреніп жүр. Тілді белгілі бір деңгейде меңгерген кезде Польшаға барып, тереңдетіп оқи алады. Ал балалар №17 ұлттық өркендеу мектеп кешені жанындағы поляк сыныбында үйренеді. Сабақ барысында дәстүрлі поляк тілін оқып қана қоймай, лингвистикалық машықты дамытуға арналған тәжірибелік сағаттар өтіп, Польшаның тарихи-мәдени құндылығымен танысады. Поляк тілі курсына жүрек қалауымен түрлі этностың 50 шақты өкілі келеді. Оларға тілді Польшаның жоғары оқу орнында білім алған, магистр дәрежелері бар мұғалімдер үйретеді.
Сонымен қатар ұлты поляк және ана тілін меңгеріп жүрген мектеп, колледж түлектеріне Польшаның жоғары оқу орындарына жеңілдікпен оқуға түсу мүмкіндігі бар. Ал елімізде білім алып жүргендердің оқу үлгерімі жақсы болса, Польшаның қоғамдық ұйымдары шәкіртақы тағайындайды.
“Коперник” поляк этномәдени орталығы жанынан маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдайтын кеңес құрылған. Сол кеңес бекіткен жұмыс жоспары этникалық, рухани және патриоттық, адамгершілік, әдеп, спорттық, ғылыми-зерттеу, өлкетану, әдеби-публицистикалық және ерлік салты сынды бірнеше бағытқа бөлінген.
Мәселен, этникалық бағыт аясында “Отанымның жарқын келбеті” халықаралық көрмесі, “Поляк ұлттық киімдері: замандас көзқарасы” облыстық көрмесі, поляк фольклорлық биінің өңірлік фестивалі, қазақ тілі білгірлерінің байқауына қатысу сияқты шаралар өткізіледі. Кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы өнер бойынша 13 көрме ұйымдастырылды. Оның жетеуі халықаралық деңгейдегі шара болды. “ХХІ ғасыр Мадонналары” фотокөрмесінің мақсаты – отбасылық құндылықты дәріптеп, ана мен баланы қолдау. Оған Қазақстан, Польша, Ресей, Германия және Италиядан 400-ге жуық фотограф қатысты.
Бүгінгі таңда өңіріміздегі 11 би ансамблінің репертуарында поляк билері бар. Қоғамдық кеңестің шешімімен Польшадан хореограф шақыртып, ол үш ай бойы би ансамбльдері жетекшілеріне поляк биінің қыр-сырын үйретті.
Алғыс айту күнінде поляктардың жер аударылуы жайында “Қазақ жерінің ыстық құшағы” деген шағын спектакль қойдық. Жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айтуы орынды. Осы күндері өткізілген концерттік бағдарламалар және айтылған алғыстар адам бойындағы ең асыл дүние – жасалған жақсылыққа лайықты алғыс білдіру екенін жадымызда жаңғыртқандай болды. Бүгінгі таңда біздің мойнымызда көрген жақсылық пен мейірімді еселеп қайтару міндеті тұрғанын жақсы түсінеміз.
Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық шараларды да ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Поляктың атақты педагогы, жазушы, дәрігер Янош Корчактың құрметіне оқушылар арасында еліміздегі Польша Республикасы елшілігінің кубогы үшін футболдан турнир өтті. Бұл тартысқа 44 команда қатысты. Үздік атанған 12 команданы елордада елшілік өкілдері марапаттады.
Қоғамдық бірлестік жұмысының басым бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу саласы. Әсіресе, ХІХ және ХХ ғасырлардың басындағы қазақ-поляк қатынасы терең зерделенуде. Осы арқылы екі ұлттың ортақ тарихи тағдырын насихаттау, дәріптеу көзделіп отыр. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің тарих, экономика және құқық факультетімен бірлесіп “Адольф Янушкевичтің өмірі мен шығармашылығы” ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткіздік. Оған еліміздің бірқатар қалаларынан, Ресей мен Польшадан ғалымдар келіп, баяндама жасады. Сонымен қатар М.Қозыбаев атындағы СҚМУ және Есіл ауданындағы Николаевка орта мектебімен бірлесе үш тілде жастарды рухани-адамгершілік және патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде, тілдерді үйретуде этномәдени бірлестіктердің білім беру ұйымдарымен байланысы жөнінде әдістемелік ұсыныс әзірледік. Бұл орайда қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаев пен поляк философы, ақын, аудармашы Станислав Ежи Лецтің шығармашылығын насихаттауды мақсат тұтып отырмыз.
Ал өлкетану жұмысы аясында поляк этносының қазақ жеріндегі тіршілігі мен қызметі жайлы мол мағлұмат жиналды. “Поляктар Солтүстік Қазақстан облысында. 1936-1956 жылдардағы қуғынсүргін”, “Поляктар Солтүстік Қазақстан облысында. Карвов әулетінің тағдыры”, “Эвакуация: Солтүстік Қазақстан облысындағы Польша еврейлерінің тарихынан”, “Тілдерді үйрену арқылы түрлі мәдениетті түсіну” сынды көптеген материалдар жарияланды.
Валентина КОРНЕВА,
“Коперник” облыстық поляк мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.