Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов көші-қон мәселесі жөнінде жиын өткізіп, аталған саладағы түйткілдерді шешу, теріскейге қандастар мен оңтүсік, батыс облыстардың тұрғындарын көшіру жолдарын талқыға салды. Жиынға «Amanat» партиясы партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Абай Тасболатов, өңірдегі мемлекеттік орган басшылары, аудан, ауылдық округ әкімдері, қаржы институттары мен кәсіпорын жетекшілері қатысты.
Жиын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевтың баяндамасымен басталды. Министрлік өкілінің сөзінше, өңірде соңғы бес жыл бойы көші-қонның теріс сальдосы байқалған. Осының салдарынан еңбек ресурсы азайған.
«Көші-қон саясатының негізгі мақсаты – оңтүстік және солтүстік өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті азайту, еңбек ресурстарын толықтыру, теріскейге халық ағынын арттыру. Қабылданған шаралар нәтижесінде өңірдегі теріс көші-қон көрсеткіші төрт есеге дейін азайды.
2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысынан 53 мың адам көшіп кетсе, бұл сан 2025 жылы 13 мыңды құрады. Жыл сайын министрлік қандастар мен қоныс аударушыларды көшіруге квота бөліп келеді. Биыл Қызылжарға 9653 адамды көшіру жоспарланған. Абай, Ұлытау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында жоспарды орындау көрсеткіші 80 пайыздан аз», – деді Асқарбек Ертаев.
Былтырдан бастап көші-қон деректері «FSM SOCIAL» платформасына енгізілген. Бұдан былай мамандар қағаз толтырып отырмайды. Көшуге ниетті отбасының мәртебесі қоныс аударудың қай сатысында екендігі қосымшадан көрініп тұрады. Министрлік егіс науқаны барысында Маңғыстау облысындағы тұрғындардың теріскейде вахталық әдіспен жұмыс істеуіне қолдау көрсету жолдарын қарастырып жатыр. Көші-қонның жол картасы аясында өңірде өндіріс және жаңа жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамыту көзделген. Биылғы квотаның ең көбі Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарына бөлінген. Жалпы 10 өңірге 9,6 мың квота бөлінсе, соның 3100-ден астамы Қызылжарға бағытталыпты.
Жиында өңірде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев баяндады. Оның айтуынша, соңғы 10 жыл ішінде облыстағы халық саны 44 мыңға азайған. Ауылдардан 63 мың адам көшіп кеткен.
– 2016 жылдан бері өңірге 18 мың адам көшіп келіп, оларға 13 млрд. теңгенің мемлекеттік қолдауы көрсетілді. Еңбекке қабілетті 7688 адамның 6112-сі жұмыспен қамтылған. Кадр тапшылығы екі есеге азайған. М. Қозыбаев атындағы СҚУ-да «Серпін» бағдарламасы арқылы 169 студент білім алуда. Мамандықтар еңбек нарығындағы қажеттіліктерді ескере отырып таңдалған, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиынға Павлодар, Қостанай, Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары бейнебайланыс режімі арқылы қатысып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Маңғыстаудағы жұмыс таппай жүрген тұрғындарды осында көшіру керек. Оңтүстік өңірлерде де халық тығыз орналасқан. Бір ғана Түркістан қаласына бір жылда 30 мың адам көшіп барыпты. Бұл тұтас ауданның халқымен пара-пар. Астана мен Алматының маңына көп халықтың шоғырлануы да мәселе тудырып отыр. Сондықтан ішкі миграцияға назар аудару керек. Өңірлердің дамуы, халықтың әл-ауқаты, ауылдың болашағы осы мәселеге тікелей байланысты, – деді Ералы Тоғжанов.
Облыстық әкімдікте «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жиын өтті. Өңірде аталған бағдарлама 2023 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Биыл «Ауыл аманаты» аясында 1,5 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Бүгінге дейін 60 жобаны қаржыландыруға 600 млн. теңге жұмсалыпты. Облыстық экономика басқармасының басшысы Наталья Дышканттың сөзінше, мал, құс, жылыжай, балық шаруашылығы, жұмыртқа, сүт, ет, бал өндірісі мен тері, жүн өңдеу бойынша ауылдық округтер таңдап алынған. Бағдарлама тізіміне енген 65 тауар түрінің 34-і өңірде шығарылады.
Жұмыс сапары аясында Ералы Тоғжанов өңірдегі бірқатар нысандарды аралады. Үкімет басшысының кеңесшісі жергілікті университетте болып, шалғай өңірлерден келген студенттермен жүздесті. Биыл «Серпін» бағдарламасы арқылы оқып жатқан 65 түлек қолдарына диплом алса, соның 15-і жұмысқа орналасқан. 47-сі түрлі себептерге байланысты гранттық берешекті өтеуден босатылыпты.
Мамлют ауданына барған Премьер-министр кеңесшісі Қазақстанның Еңбек Ері Мұрат Қаражұматовпен жүздесті. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіп ашқан тұрғындардың жұмысымен танысты.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan» .