«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ЕСЕЛЕНСІН ЫРЫСЫ

Он жылдан бері өңірімізде грузин этномәдени бірлестігін құруды жоспарлап жүрдік. Тек үстіміздегі жылы бұл ойымыз жүзеге асып, ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы аясында 25-ші этномәдени бірлестік болып тіркелдік. Еліміз үшін ұлық мерекеде “Арго” грузин этномәдени бірлестігінің еш қиындықсыз тіркелуін жақсылыққа балап отырмыз.

Этномәдени бірлестіктің атын “Арго” деп қою арқылы дәстүрлі атауларды қайталамауға тырыстық. Себебі, грузин екенімізді атынан-ақ әйгілеп тұратын этномәдени бірлестіктер елімізде онсыз да жетерлік. Ал “Арго” атауының грузиндерге қандай қатысы бар деген сұрақтың өзі көпшіліктің қызығушылығын тудырады емес пе?

Ежелгі грек мифологиясындағы “Арго” кемесіне мініп, Ясонның басшылығымен алтын жабағыны іздеп табу үшін Колхидаға (қазіргі Батыс Грузия) аттанған аргонавтылар жайлы әфсананы көпшілік білетін болар. Аргонавтылар сапарында таңғажайып әрі қауіпті сапарды бастан өткеріп, алтын жабағыны тауып, Грекияға аман-есен оралады. Осы оқиғалардың барлығы Грузия жерінде болғандықтан, біз этномәдени бірлестіктің атын “Арго” деп атауға бел будық. Бастаған ісіміз аргонавтылардың сапары сияқты қызықты әрі жемісті болар деген сенімдеміз.

БІЗДІҢ НӘСІБІМІЗ — КӘСІПКЕРЛІК

Солтүстік Қазақстан облысында өмір сүріп жатқан грузиндердің дені тың және тың жерлерді игеру науқаны кезінде келген. Менің ата-анам да жастық жалынмен Солтүстік Қазақстан облысына арман қуып келген екен. Біз Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласында өмір сүрдік. Менің бала кезімде аудан орталығында бізден басқа грузин отбасы болмайтын. Тек бертін келе бірді-екілі грузин отбасы көшіп келді.

Бүгінгі таңда облыс аумағында қанша грузин этносының өкілі тұратыны белгісіз. Менің білуімше, Петропавл қаласында отыз шақты отбасы өмір сүреді. Ал облыс бойынша әрі кетсе 50-ге жуық шаңырақ түтін түтетіп отырған болар деген болжам бар. Әзірге, нақты мәлімет жоқ.

Жалпы өңірімізде өмір сүріп жатқан грузиндер кәсіпкерлік саласында қызмет етеді. Білім саласында да жұмыс істеп жүрген қыз-келіншектер бар. Ал мен мамандығым бойынша дәрігер болғаныммен, 1990 жылдардың ортасында кәсіпкерлік саласына ауыстым. Басында пәтер алып, отбасымды материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз еткеннен кейін денсаулық саласына қайтып ораламын деп ойлайтынмын. Осылай үш жылдай екі ұдай ойдың жетегінде жүрдім. Кейін “Екі кеменің басын ұстаған суға кететінін” түсініп, кәсіпкерлік саласында түпкілікті қалуға бел будым. Бүгіндері “NK-CARGO” логистикалық компаниясына жетекшілік етемін. Қазір компанияның Германия, Польша, Литва, Италия, Словения және Ресей мен ТМД елдерінің бірқатарында әріптестері бар.

БАСТЫ МІНДЕТ — ҰЛТТЫҚ КЕЛБЕТТІ САҚТАУ

“Арго” грузин этномәдени бірлестігі жаңадан ашылғандықтан, қазір ұйымдастыру жұмыстарына зор көңіл бөлінуде. Әрине, басты мақсатымыз – өңірдегі келісім мен бейбітшілікті нығайту, грузин халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын сақтау және жаңғырту, оны жас буынға тарату. Бірлестіктің негізгі жұмыс бағыты грузин халқының мәдениеті мен өнерін насихаттау, әртүрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу болмақ. Сондай-ақ, алдағы уақытта өскелең ұрпаққа грузин тілін үйретіп, төл мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді таныстыру мақсатында облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде грузин бөлімін ашу жоспарымызда бар. Бүгінде жергілікті грузиндер ана тілін жетік білмейді. Әрі Грузияның батысы мен шығысы, солтүстігі мен оңтүстігінде тілдік ерекшеліктер болғандықтан, кейде бір-бірімізді түсіну қиынға соғады. Алдағы уақытта аталған мектепте грузин бөлімін ашар болсақ, тіл маманын табуымыз қажет. Осының барлығын ойластырып, алда атқарар жұмысымызды жоспарлау этномәдени бірлестік мүшелерінен ынта-жігерді талап етеді. Десек те, бұл болашақ ұрпағымыздың қамы үшін жасалып жатқан жұмыс емес пе?! Өңіріміздегі грузиндер бұл жерде барлық арман-мақсаттарына қол жеткізіп, жайлы өмір сүруде. Алайда, өмірдің мәні бұл ғана емес қой. Біз қазақ елімен болашағымызды байланыстырып отырғандықтан, ұрпағымызға осы күнге дейін жинақталған ең ізгі қасиеттер – этносаралық достықты, татулықты, сыйластықты және өзара құрметті жеткізуіміз керек. Бұл іске Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып отырған үлесі зор. Облыс орталығындағы Достық үйінде 25 этностың өкілі кездесіп, әңгіме-дүкен құрып, бір-біріне көмектесіп, қолдау танытып жатады. Осындай шынайы қарым-қатынас менің көңіліме қуаныш ұялатады. Өңірімізде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілінің бірі ретінде санымыз аз болса да, қазақ елінің бір кірпіші болып қаланып, іргесін нығайтуға атсалысатын боламыз.

Омари ХАРБЕДИЯ,

“Арго” грузин этномәдени

бірлестігінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp