«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰҒЫРДАН ТҮСПЕЙТІН ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕДІК

Қазақстанның кеңестік тоқырау заманының шырмауынан босап, егеменді ел болып қалыптасу кезеңі – бүгінгі аға ұрпақ өкілдерінің өмір белесі. Екі түрлі қоғамдық қауымдастықтың куәгері болған замандастарымның ата-баба аңсаған Тәуелсіздік таңын әрі қарай нұрландыра түсу үшін талай қиындықты еңсеріп, сондағы ертегіні шындыққа айналдыру үшін қаншама маңдай тер төккенін өзім де солардың ортасында жүргендіктен, жақсы білемін. Ел Тәуелсіздігі бағымыз бен бақытымыз деп түсінетін азаматтардың бүгінгі егемен еліміздің даму үдерісіне, әр бағыттағы, әр саладағы ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріне қарап, көңілдері марқаяды.

Ұзақ жыл білім саласында қызмет атқарғандықтан, өңірімізде қазақ тіліндегі білім шаңырақтарының қалай қалыптасқандығы көз алдымда. Білім беру саласының бүгінгі оң өзгерістері мен жетістіктері сондағы адал еңбегіміздің нәтижесі деп қуанамыз. Уақытты кейін шегіндіріп, сонау ғасырдың тоқсаныншы жылдарын көз алдымызға елестетсек, облыс аумағында ұрпақты қазақ тілінде білім нәріне сусындатқан мектептер саусақпен санарлық еді. Онда да көбі шалғай жатқан ауылдарда орналасқанды. Облыс орталығында бір ғана қазақ мектеп-интернатының болуы, кеңестік дәуірде қазақ ұлтына, тіліне деген немқұрайдылықты аңғартса керек. Жылдан-жылға қазақ тіліне деген құрметтің таязданып бара жатқандығын көріп, ұлттың болашағын ойлап, қапа болатын кездер ұмытылған жоқ. Социалистік идеология ұлттық намыстың жігерін қайрағанымен, саясаты еңсемізді көтеруге мұрша бермеді. Ал еліміз егемендікке қол жеткізіп, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге көтерілген кезде қоғамдағы жаңашылдықтарды іле тартып, әрі қарай дамытуға білек сыбанғандардың бірқатарын өзім де таныдым.

Қазақ тілінің мәртебесін көтерген тәуелсіздігіміз екендігі айтпаса да түсінікті. Әлбетте, тілді дамытудың алғашқы қадамдары мектеп пен балабақшадан басталады. Бүгінгі ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырында бой көтерген қазақтілді білім ошақтары көп. Алысқа бармай-ақ, бір ғана мектебі болған Петропавл қаласында ашылған бірнеше қазақ мектебіне бүгінде қуанышпен қараймыз. Осы шаңырақтардың іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызу үшін бүгінгі аға буын өкілдері қаншама табан тоздырып, қаншама жүйкесін жұқартты десеңізші?!

Елімізде Тәуелсіздіктің таңы атты. Алайда, әлеуметтік-экономикалық ахуал көңіл көншітерлік жағдайда емес еді. Оның үстіне заманы өтсе де, идеологиясы мықты болған кеңестік қоғамның сарқыншақтары аяққа оралып жатты. Өңірімізде мемлекеттік тілді дамыту үшін үлкен жұмыстар атқару міндеті тұрды. Осы кезде білім саласы аса бір қиын кезеңді бастан өткерді десек болады. Жаңа қоғамдық құрылымның талаптарына сай оқу құралдарының жетіспеушілігі мен кадр мәселесі өз алдына, қазақтілді орта қалыптастыру үшін мектеп ашудың өзі қиынға соқты. Кеңестік саясаттың ықпалымен орыстілді болып кеткен қазақтарымыздың өзіне балаларыңды ана тілінде оқытыңдар деп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тура келді. Сол үшін ынталы топ құрылды. Олар үй-үйді аралап, қазақ мектептерін ашу үшін бала жинады. Еңбектері еш кеткен жоқ. Уақыт озған сайын ата-аналардың көңілі бері қарап, баласын қазақ тілінде оқытуға ниеттілердің қатары көбейе бастады.

Облыс орталығында үгіт-насихат тобына біріккен қоғам белсенділерінің қайсыбірі бүгінде ортамызда жоқ. Бірақ Тәуелсіздік таңы жайында сөз қозғалса, олардың аты-жөндерін атамау мүмкін емес. Мәлік Мұқанов, Ақан Бағанов, Қосыл Омаров сынды замандастарымызды қалай ұмытуға болады. Сондай-ақ, ағаларына ере жүрген Өмір Есқалиға, Зейнолла Әкімжановқа, Қошан Қалиға да шексіз ризашылығымызды білдіруіміз керек. Олар өткір ой айтып, шымбайға бататын мақалалар жазып, қоғамдық санаға қозғау салды.

Орыс мектептерінде қазақ балаларына арналған сыныптар ашу өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында қолға алынғанды. Солардың қатарында Петропавл қаласындағы №3 орта мектебін ерекше атап өткім келеді. Осы мектептің директоры Полина Зинченконың алғашқы қазақ тобына қамқоршы болып, жағдай жасағанын кейінгілердің де біле жүргені жөн. Сондағы 1-сыныпқа қабылданған алғашқы 15 оқушыға ұстаздық еткен Шарғия Мұқышева да жаңашылдықтың алғашқы қарлығашы болды.

Бұл – кадр мәселесінің өткір тұрған кезі болатын. Петропавл қаласындағы педагогикалық училищеде бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын қазақ бөлімі 1966 жылы жабылған еді. Мен сол бөлімнің соңғы түлектерінің бірімін. Кадрдың жетіспеуіне байланысты бастауыш сыныптарға пән мұғалімдерін тартуға тура келді. Білім сапасында кем-кетіктер болып жатса да, қазақ мектептері жылдан-жылға жақсы даму көрсеткіштерін аңғарта бастады. Оқушылар саны мен қазақтілді ұстаздардың қатары көбейді. Ата-аналардың қазақ мектептерінде бала оқытуға деген көзқарастары түзелді. Оқушылардың саны артып, білім ғимараттарына тапшылық сезілді. Осындай жетістікке жеткен қоғамда, дәлірек айтсақ, облыс орталығында 1996 жылы екі бірдей қазақ мектебі ашылды. Биыл жиырма жылдығын атап өткен С.Шаймерденов атындағы классикалық гимназия мен Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп білім беру саласындағы үздіктер қатарында екендігін баршамыз білеміз. Бірінші мектептің іргетасы жоспар бойынша қаланса, №6 мектеп ана-аналардың өтінішімен, солардың қолдауымен ашылған болатын.

Өзім №6 орта мектепке бірінші директор болып тағайындалып, қызмет көрсеткенімді мақтан тұтамын. Жергілікті билік пен білім басқармасы сол кездегі қаржы тапшылығына қарамастан, қазақтілді жаңа шаңырақ көтеруге білек сыбана кірісті. Біз жаңа оқу жылын бастап кеткенде мектепте әлі де құрылыс жұмыстары жалғасып жатқан еді. Ғимараттың шатыры жабылмағанына қарамастан, асыға күткен ісімізге кірісіп кеттік. Ұстаздарды егемендігімізді бағалай білетін, әрі қарай дамыта алатын білімді де еңбекқор ұрпақ тәрбиелесек деген арман мен міндет жетеледі. Жиырма жылды артқа тастаған шаңырақтың жетістіктері көп. Бұл мектептен қанат қаққан түлектер бүгінде еліне абыройлы қызмет атқаруда.

Елі үшін ерлікке дайын осындай адамдардың арқасында білім саласының жолында талай кедергілер еңсерілді. Бүгінде облыста қазақ тілінде білім беретін 131 мектеп жұмыс істейді. Ұрпаққа сапалы да жан-жақты білім беру – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында білім саласында көптеген түбегейлі өзгерістер болып, талай биік асулар бағындырылды. Ұрпақтың ой-санасын жетілдіру үшін маңызды реформалар жүзеге асырылуда, Үкімет қаржылай қолдаудан да аянып жатқан жоқ. Өйткені, Тәуелсіздігімізді тұғырынан түсірмеу міндетін қабырғасы қайыспай арқалай алатын ұрпақ болуы қажет. Ал жүрегі елім, жерім, ұлтым деп соғатын азаматтарды қалыптастыру үшін олардың санасында қазақи таным-тәрбие болса, құба-құп. Мейлі, жастар бірнеше тілді білсін, бірақ, олар үшін қазақ тілінің мәртебесі де, маңызы да ерекше орында тұруы шарт. Сонда ғана жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, оларды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеген ұстаздардың ауыр еңбегі ақталады.

Әдия АХМЕТОВА,

ардагер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp