«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРТІП БҰЗУШЫЛАРДЫҢ ҚАТАРЫ ҚАЛЫҢ

Өткен жылы өңірімізде бір мыңнан астам мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Егер өңірімізде мемлекеттік қызметте төрт жарым мыңнан астам адам еңбек етіп жүргенін ескерсек, аталған сан бұл саладағы жұмыстың сапасына күмәнмен қаратары анық.

Әдеп кеңесі Тауық жылы басталғалы бері алғашқы отырысын өткізіп, былтыр атқарған жұмыстарын қорытындылады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басқарма басшысы Дулат Тайшабайдың сөзіне сүйенсек, тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік қызметшілердің 697-сіне ескерту, 336-сына сөгіс, 70-іне қатаң сөгіс жарияланса, 67-сі қызметіне толық сәйкес емес деп танылды. Ал жеті маман қызметінен босатылған. Жазаға тартылғандардың дені – жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері. Жергілікті атқарушы органдарда жаңсақ басып, жауапкершілікке тартылғандардың тиісті жазасын мерзімінен бұрын алып тастау белең алған. Егер өткен жылы осындай 387 ескерту мерзімінен бұрын алынып тасталса, соның 228-і жергілікті атқарушы органдарға тиесілі.

Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымы бойынша 20 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық және Айыртау аудандық аумақтық инспекцияларының басшылары қызметінен босатылса, Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласы әкімінің қызметі төмендетілген.

Осы күні кеңес мүшелері Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Жомарт Құрманов пен оның әріптесі – санитарлық инспектор Әлібек Рамазановқа қатысты тәртіптік істі қарады. Белгілі болғандай, өткен жылдың тамыз айында аудандық ветеринария бөлімі “Малая Бобровка” шаруа қожалығының 100 бас малын бруцеллезге шалдыққан деп танып, санитарлық талапқа сәйкес сою туралы ұйғарым шығарған. Алайда, шығарылған ұйғарымды аудандық прокуратура тексерген кезде шаруа қожалығында ауру малдың болмағандығын және ірі қара малдың санитарлық тұрғыда сойылғандығы жайлы құжаттың жоқтығын анықтаған. Оның үстіне шаруа қожалығының иесі “бруцеллезге шалдыққан” деген ірі қараны союдың орнына, Қостанай облысына апарып тексерткен көрінеді.

Жомарт Құрманов жергілікті прокурорлар бұл істі толыққанды зерделемегенін және ірі қараны бруцеллезге тексерген кезде көрсеткіштің оң болуы одан бұрын жасалған екпенің әсерінен екенін айтып ақталды. Ал шаруа қожалығының иесі “ауру” деген ірі қараны Қостанай облысына апарып, тиісті сараптама жасағанда ешқандай бруцеллез ауруы табылмапты.

Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері аталған іске қатысты азаматтардың барлығын тыңдап, жұмыстарын тиісінше орындамаған мемлекеттік қызметшілерге ескерту жасады.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp