«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ҚАСИЕТТІ БЕЛГІЛЕРІ

Әлемдік қоғамдастыққа өзінің жаңа бет-бейнесімен еніп, тәуелсіз мемлекет ретінде танылған Қазақстан егемендіктің алғашқы қадамдарын ашық аспандай көк түсті Туын, алтын пырақты Елтаңбасын және елдікке үндеген Гимнін қабылдаудан бастады. “Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол Тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнін тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы”, – деген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың даналық сөзі бәрімізге ой салуы тиіс.

Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері – Тәуелсіз елдің бет-бейнесі ғана емес, оның тарихы, әр азаматының өз еліне деген сүйіспеншілігінің символы деуге болады. Олар қазіргі азат еліміздің асқақ келбетін айшықтайды.

Тәубе дейік, бүгіндері біздің мемлекеттік рәміздерімізді әлем жұртшылығы таныды. Көк байрағымыз әлем елдерінің туларының қасында асқақ желбірейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратының қасында екі жүзге жуық елдердің туларының қасында Қазақстанның Туы өзінің лайықты орнын алған. Жоғары деңгейдегі мемлекет басшыларының кездесулерінде, халықаралық форумдарда, басқосуларда, мемлекеттік мерекелерде Туымыз көтеріліп, Гимніміз шырқалады. Олимпиада ойындарында да, әртүрлі додалы сайыстарда біздің мемлекеттік рәміздеріміз халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер екенін паш етеді. Еліміздің спорт саңлақтары былтыр Бразилияда өткен жазғы Олимпиада ойындарында Көк байрағымызды желбіретіп, Гимнімізді асқақ шырқатқан кезде тебіреніп, қуаныштан көзіне жас алған қазақстандықтардың қатары қалың болған шығар. Төрт жылда бір рет әлемнің дүлдүл спортшыларының басын қосатын дүбірлі спорт сайысына жиналған қауым, көгілдір экранға көз тіккен миллиондаған жанкүйер Алаштың рухы биік, намысы жоғары екеніне тағы да бір рет көз жеткізді. Жеңістің биік тұғырында тұрып, Гимнімізді жеңімпаздарымызбен бірге біз де шырқадық. Телехабар жүргізушісінің “Осындайда қазақ болып туғаныңды мақтан тұтады екенсің”, – деген бірауыз сөзі бәріміздің ойымызды білдіргендей еді.

Әлемдегі кез келген тәуелсіз елдің мемлекеттік рәміздері болады. Бұл саланы зерттейтін геральдика ғылымы олардың сан ғасырлық тарихы бар екендігін әлдеқашан дәлелдеген. Елімізде геральдика ғылымының негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, ақын Ербол Шаймерденов мемлекеттік рәміздер туралы ондаған зерттеулер мен туындылар жазған. Бүгіндері оның мемлекеттік рәміздерге арналған кітаптары мектептерде қосымша сабақ ретінде оқытылуда.

Мемлекеттік рәміздер туралы қозғаған ойымды өз басымнан өткен бір оқиғамен жалғастыруды жөн көріп отырмын. Он жылдан астам бұрын туған бөлем Шәкен Құлмағамбетов Қазақстанның Польшадағы елшілігінде жауапты қызмет атқарды. Ғылым кандидаты атағын қорғап, докторлық диссертациясын жазуды бастаған болатын. Үш мүшел жасқа толып, өзінің іскерлігімен, жақсы қасиеттерімен танылып, ел азаматтары қатарында тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық мүдделерін басқа мемлекеттерде қорғауға үлесін қосып жүрген еді. Сол жылы Шәкеннің Қазақстанның Бельгиядағы елшілігіне жоғары қызметке ауысқаны жайында қуанышты хабар алдық. Бірақ біздің бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Күздің қара суық күндерінің бірінде елге сонау Польшадан жүрекке қадалған қанжардай жедел хабар жетті. Бәріміз “Бота” деп еркелетіп атайтын Шәкеніміз қайғылы қазаға ұшырапты.

Оны елде жерлеуден кейін қанша уақыт өткені есімде жоқ. Бір күні нағашы апам телефон соғып, жұмыстан кейін үйіне соға кетуімді сұрады. Көңілім қобалжып барған мені тәтем жыламсырай қарсы алды. Ол үстел үстінде жатқан әлдебір затты алып маған қарай жүрді.

– Шәкен інің мына ескерткішті қыстыгүні демалысқа елге келгенде саған сыйламақшы екен, – деп қолыма көк барқытпен көмкерілген шағын қобдишаны ұстатты. Ашып қарасам, кәдесый ретінде ағаш тұғырға желімделген Қазақстан Республикасының алтын түстес Елтаңбасы. Сол сәттегі толқыған көңілімді бір сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Мемлекеттік шекарадан асып, басқа елдерде болып, Отанымызға оралған Елтаңба бүгіндері үйімнің төрінен орын алған. Қымбат жәдігер ретінде бұл Елтаңба отбасымыздың бойтұмары іспетті сақталатын болады.

Ал енді осы мемлекеттік рәміздер қалай қолдануда, оның стандарттары қалай сақталады? Бұл мәселеге байланысты облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің бөлім басшысы Бейбіт Әбіловке хабарласқан едік.

– Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік рәміздерді көздің қарашығындай сақтап, оларға құрметпен қарауы тиіс екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін шындық қой. Сайып келгенде, Отанға деген сүйіспеншілік сезім оның мемлекеттік рәміздері секілді басты құндылықтарын қадірлеуден басталады. Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы” Конституциялық заңға 1992 жылғы 4 шілде күні қол қойған болатын. Содан бері өткен ширек ғасырда оған заман талабына сәйкес бірнеше өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, – деген Бейбіт Әбілов өткен жылдың алғашқы күнінен енгізілген бірқатар стандартқа тоқтала кетті. Бұл стандартты қайта қарау жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардан Елтаңбаны сапасыз дайындау мен қолдануға қатысты шағымдардың түсуінен туындаған. Бұл ұлттық стандарт 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін қолданыста болады. Ал одан кейін барлық тиісті мекемелер ескі үлгідегі Елтаңбаны жаңа стандартқа сәйкес өзгертуі тиіс. Сол сияқты, Мемлекеттік Туды дайындайтын мекемелердің жұмысына талап та күшейтілген. Енді олар тігілетін материалдың бояуы қанық, сыртқы ауа райының әсеріне шыдамды, сапасы стандартқа сәйкес болуы керек. Өйткені, мемлекеттік мекемелер ғимаратына ілінетін Ту оған қойылатын стандартқа жауап беруі қажет.

Облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің мамандары мемлекеттік рәміздердің дайындалу және қолдану стандарттарын тексереді, тиісті анықтамалық және технологиялық көмектер көрсетеді. Ал заң бұзушылықтардың жолын кесу прокуратура органдарының құзыретіндегі жұмыс болып табылады. Біз облыстық прокуратураға хабарласып едік, ондағы тиісті бөлімнің мамандары соңғы жылдары мемлекеттік рәміздердің қолданыстағы заңнамалардың талаптарына сәйкес қолданылуына тексеріс жүргізілмегенін ашып айтты. Мұндай тексеріс тек үстіміздегі жылдың екінші тоқсанына жоспарланыпты. Ал ол 4 маусымда атап өтілетін Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңындағы іс-шара екені белгілі емес пе? Мемлекеттік рәміздердің заңды қорғалуын ескермей, оларды стандартқа сай емес, ешқандай рұқсатсыз шығару арқылы ақша табуды кәсіп еткендердің іс-әрекеттері туралы деректерді Бас прокуратураның сайтынан кездестіруге болады.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары былтыр облыс орталығында мемлекеттік рәміздерді қолдану мен орналастыру мәселесі бойынша 9 рет мониторинг жүргізген. Олар 5 рет Петропавл қаласындағы мекемелер мен ұйымдардың ғимараттарында орнатылған мемлекеттік рәміздердің жағдайын бақылауға шыққан. Тиісті құзырлы мекемемен бірлесіп жүргізілген мониторинг жасау барысында рәміздердің стандартқа сәйкес келмеуі, олардың мемлекеттік органдардың сайтында болмауы, ғимаратқа орналасқан Тудың түнгі уақытта жарықтандырылмауы сияқты кемшіліктер орын алған. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті басшыларына ұсынымдар тапсырылған.

Кез келген ел тәуелсіздігін оның мемлекеттік рәміздерінен бөліп қарауға болмайды. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Осыларды болашақ ұрпағымыздың санасына сіңіріп, әрқайсымыз мемлекеттік рәміздерді мереке күндері ғана есімізге алмай қастерлей білейік. Тәуелсіз елге тән қасиеттерімізді бүгін ардақтай алмасақ, ертең кеш болады. Ұрпақ алдындағы парызымызды адал атқару бәрімізге міндет болмақ. Ендеше, елдік таңбамызды, мемлекеттігімізді білдіретін рәміздерді жоғары ұстайық.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp