«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шаңырақ тірегі

Көпті көрген аға буынның үлгі тұтар қасиеттері аз емес. Солардың бірі – ерлі-зайыптылардың отбасылық құндылықтарға, өзара сыйластыққа деген көзқарастары, әсіресе, бүгінгі зейнет жасында жүрген аға буын өкілдерінің шаңырақты шайқалту, ажырасу, жанжалдасу деген ұғымдардан ой төркінін алыс ұстай білулері деп білемін. Бүгінде әке-шешесінің шаңырақ көтергендеріне жарты ғасыр және одан көп жыл болды деп жар салып, балалары ұлан-ғайыр той жасап жатса, ел болып қуанамыз. Оларға қызыға да тамсана қараймыз, қарт-қарияларымызды құрмет тұтамыз.

Шаңырақтың ұйытқысы, тірегі бола білген үлкендерімізді біз отағасы, отанасы деп құрметтейміз. Түйсіне білген адамға осы екі сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Сондай жандармен мен де таныспын. Алпыс жыл бірге тату-тәтті тіршіліктерімен жұртқа үлгі бола білген ерлі-зайыпты Олжабай мен Сақыпжамал Нұрбаевтар – осындай жандар.

Өзіне лайықты өмірлік жар тапқан Сақыпжамал әжеміз атамыз туралы сөз қозғалса, жылы лебізінің жібін тоқтатпай тарқатады. Бірде одан әзіл-шынды араластырып, атамызбен қалай қосылғандарын сұрадық. “Екеуіміз бір елдің баласымыз. Мен момындау болдым, атаң нағыз жігіт еді. Сымбатты да ақылды болатын. Ол өзіне талайды ынтазар етті деп ойлаймын. Маған көңілін білдірген кезде қарсылық танытпадым. Мен – 17-ге, ол 20-ға толғанда қосылдық. Мені 12 мамыр күні алып қашты. Қыз алып қашу сол кездегі дәстүр болатын. Бұл күнді жылда отбасылық мейрам ретінде атап өтеміз. Үйлену – оңай, үй болу – қиын. Отбасымызды, бір-бірімізге деген сыйластықты сақтап қалу үшін талай ауыртпалықты бірге еңсердік. Ең бастысы, арадағы түсіністік, бірі-бірінің жүйкесін тоздырмауға тырысу. Сонда бақытты да ұзақ ғұмыр кешесіздер”, – дейді әжей.

Ерлі-зайыптылар алпыс жыл бойы бір-біріне сүйеу болып, өмірдің ащы-тұщысын бірге көріп келеді. Олар сұрапыл соғыс тұсындағы – балалық шақ, одан кейінгі ауыр тұрмыс жылдарындағы – жастық кезең, тың және тыңайған жерлерді игеру, кеңшарлық-ұжымдық жұмыстар мен бесжылдық жоспарларды міндеттеген кеңестік замандағы еңбек, ел Тәуелсіздігінің әр таңына шаттанған қарттық белес екі қарттың өмір-өзенінен әңгіме қылатын деректері. Олар асулардан қол ұстасып, бірге өтті. Қоғаммен біте қайнасып, өмірлерін баянды етті.

Олжабай атамыз 44 жыл көлік жүргізушісі болып, абыройлы еңбек етіп, жұрттың құрметіне бөленген жан. Ақсақал бүгінде немерелері мен шөберелерін қасына шақырып алып, “Құрмет белгісі”, “Қызыл Ту” ордендерімен, бірнеше медальмен не үшін марапатталғанын мақтанышпен айта алады. Ал Сақыпжамал әжеміз – 11 балаға өмір сыйлаған алтын құрсақты ана. Өмірден өз орнын тапқан әр баласына қарап, бүгінде ата-ананың көңілі жай. Балаларының алды Ырысжан кәсіпкерлікпен шұғылданып, екі бауырына табыс көзін қалыптастырды. Білім саласында жүрген төртеудің екеуі – мектеп директоры, екі ұл өртсөндіруші мамандығын таңдаған. Олардан тараған немере-жиендердің алды ер-азамат болып, ата-әжелерін қызық-қуанышқа кенелтіп отыр.

Көпке үлгілі Нұрбаевтар әулеті “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының аудандық кезеңіне қатысып, жеңімпаз атанса, одан кейінгі облыстық кезеңде үздік үштіктің қатарынан көріне білді. Бұл жеңіс Олжабай ата мен Сақыпжамал әжейдің отбасылық құндылықтарға деген көзқарасының жетістігі деуге болады.

Света КАРИНОВА.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp