Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды түрде енгізуді тапсырған болатын. Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім берудің мемлекеттік бағдарламасы аясында 2012 жылдан бастап мектебімізде электрондық оқыту жүйесі енгізілді. Бұл мектеп оқушылары мен мұғалімдердің алдына жаңа мүмкіндіктер ашты.
Электрондық оқыту жүйесін енгізіп отырған мемлекеттік бағдарлама сандық оқыту ресурстарын (СОР) электронды кітапханада орналасатын, күнделікті сабаққа қажетті дидактикалық материалдар түрінде дамытуға мүмкіндік береді. Ол кітапхананы оқушылар өз логині мен паролін теру арқылы оңай пайдаланады. Сандық оқыту ресурстары арқылы әр сабақта тақырыптың суреттік түсіндірмесін қолдануға мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде оқыту үдерісі көрнекілікке толы, қолжетімді. Ұстаз үшін бұл өте маңызды. Өйткені, оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу қабілеті артып, оқу материалын сапалы меңгеру мүмкіндіктері кеңейеді.
Сабақтарда сандық оқыту ресурстарын қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыратындығына көзім жетті. 11-сынып оқушылары мен ұстаздары сандық оқыту ресурстарының Ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірленуге де оң ықпал ететінін мойындап отыр.
“JouClass” лингафондық функциялары бар бағдарламалық мультимедиалық жүйелік оқыту сыныбы мұғалімдерге компьютерлік сыныпты басқаруға, өз орнында отырып-ақ кейбір оқушыларға көмектесуге, қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. “Adobe Connect” арқылы біз үйде оқитын оқушыларға да қашықтықтан вебинар-сабақтар жүргізе аламыз.
Жаңа электрондық оқыту жүйесі жас ұрпақтың талабына сай заманауи жұмыс істеуіне көмектесу үшін мұғалімге жасалып отырған мол мүмкіндік деп санаймыз.
Рысжан ГАБРАЛИЕВА,
№17 ұлттық өркендеу орта
мектеп-кешені қазақ тілі мен
әдебиеті пәндері мұғалімдері
кеңесінің жетекшісі.