Әйел адамның үй тірлігінде ғана емес, сыртта да табысты еңбек етуі – оның еңбекқорлығына, жауапкершілігіне, пысықтығына байланысты. Осы орайда Мамлют ауданында енді ғана кәсібін бастаған Елена Малышева туралы дәл сондай пікір білдіруге болады. Ол жақында ғана сулы шашыраңқы бояу шығаратын шағын өнеркәсіпті қолға алды.
Ол өзінің алғашқы еңбек жолын 2003 жылы «Akerke Distribution Group» ЖШС-де аймақтық менеджер ретінде бастаған болатын. Уақыт өте келе қызметі жоғарылап, басқа ірі компанияның өңірлік өкілдігінің директоры, әлемдік брендтердің ресми өкілі, содан кейін Қазақстанның Орталық және Солтүстік өңірлері бойынша директор қызметтерін атқарып, өнімдерді сату және басқару саласында айтарлықтай жұмыс машығына қол жеткізді. Бір сөзінде ол сауда-саттық саласында табысты еңбек етіп, сулы шашыраңқы бояу шығаратын өнеркәсіпті қолға алуды жоспарлағанын жеткізді. Аталған жоспарды іске асыру жолында көп ізденді, нарық құрылымын зерттеп, сауда-саттық саласының ұңғыл-шұңғылына бойлады. Өнеркәсіпті дамыту үшін тұтынушылар сұранысын қанағаттандырудың барлық мүмкіндіктерін қарастырды. Қазіргі таңда лактар мен сырларды шығару табысты бизнес көзі болып саналады. Өйткені, отандық тауар өндірушілер арасында да сулы шашыраңқы бояу шығаратын өнеркәсіп кешендері онша көп емес. Ал нарық импорттық тауарлармен толыққан.
– Соңғы кезде тұтынушылардың дені сулы шашыраңқы бояуды қабырға және төбені сырлау үшін қолдануда. Мұндай бояулардың ешқандай зияны жоқ. Сондықтан оларды тұрғын үй кешендерінде қолдануға болады, – дейді Елена Анатольевна.
Кәсіп ашуды басты мақсат еткен іскер жан қажетті қаражатты қайдан алу керектігін ойластырып, Мамлют ауданындағы кәсіпкерлікті қолдау орталығына көмекке жүгінді. КҚО кеңесшілері Елена Малышеваға «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы туралы жан-жақты ақпарат беріп, қысқамерзімді оқыту курсын тамамдауды ұсынды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажеттігін айтып түсіндірді. Қажетті құжаттар дайындап, бизнес-жоспар құру үшін де оған барлық көмек көрсетілгенін ерекше айтып өткеніміз жөн. Сөйтіп, ол 3 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, ойлаған арманын жүзеге асырды. Осы орайда, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Нина Василенко:
– Әйелдер кәсіпкерлігі қазақстандық шағын және орта бизнесті дамытуда ерекше орын алады. Кәсіпорын ашып, өндірісті қолға алу үшін кез келген адамда көшбасшылық қасиет болуы тиіс. Барлық қиындықтарға қарамастан, Елена тәуекелге барды. Аталмыш кәсіпорында қажетті құрал-жабдықтар орнатылған соң өндіріс ошағы іске қосылады, – дей келе, ол өндіріс алаңын кеңейту бағытында да нақты жұмыстар қолға алынып жатқандығын жеткізді.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының
баспасөз хатшысы.