Аққайың ауданының әкімі Дәурен Байтөлешовпен тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, елді мекендердің әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан істер төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
– Дәурен Бозтайұлы, Елбасы биыл “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауын жариялап, еліміз дамуының жоғары қарқынын қамтамасыз ететін басым бағыттарды айқындап берді. Осы тарихи құжаттан сіз қандай ой түйіп отырсыз?
– Әлем жұрты секілді қазақстандықтар да күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Елбасы атап өткендей, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіс баспалдақтарымен алға қарай ілгерілері даусыз. Қазақстан екі жаңғырту арқылы тұрақты экономикалық өсімдерге қол жеткізіп, үздіксіз даму жолын табандылықпен жалғастырып келеді. “Нұрлы жол” экономикалық саясаты, “100 нақты қадам” Ұлт жоспары аясында іргелі міндеттер орындалды. Ендігі басты талап – “Қазақстан – 2050” Стратегиясында белгіленген отыз озық елдің қатарына қосылу. Бұл – орындалатын ұлы мақсат. Өйткені, келешектің іс-қимылдар жоспарын түзе отырып, үшінші жаңғыртуға бел шеше кірістік. Жолдауда жеке-жеке талданған бес негізгі қағидат шеңберінде экономикалық өсімнің жаңа моделін құру шешімі өткір қойылып отырғандықтан, замана көшіне ілесе отырып, ұлы өзгерістер сапынан көрінудің бірден-бір мүмкіндігі – жаңа индустриялар қалыптастыру, инновацияларды қолдау, оларды өндіріске тезірек енгізу, бір сөзбен айтқанда, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына бетбұрыс жасау маңызды қадам болып саналады. Бүгінгідей жаһандық бәсекелестіктің өсуі мен тұрақсыздық жағдайында тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеу бұрын-соңды болмаған бетбұрыс екені талассыз шындық. Жаңа нарық көздерін табу, отандық өнім түрлерін молайту, сапасын жақсарту, аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру, бизнесортаны кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау бағыттары бойынша да атқарылатын шаралар аз емес.
– Сіздің аудан тізгінін ұстағаныңызға екі жылдай уақыт болыпты. Осы мерзім аралығында жүзеге асырылған ауқымды бағдарламалар мен жобалардың кейбіріне тоқтала кетсеңіз?
– Билік лауазымында жүргендер үшін белгіленген тапсырмаларды бұлжытпай орындау – басты міндет. Ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, кәсіби біліктілік таныта білсек, ең басты абырой да, құрмет те осы.
Ауданымызда егіншілік – жетекші салалардың бірі. Оның өндірістегі үлесі 76 пайызға жетеді. Былтыр 23254,2 миллион теңгенің өнімдері өндіріліп, физикалық индекс көлемі 104,2 пайызды құрады. Күзгі орақ науқанының қорытындысы бойынша облыста бірінші орынды иелендік. Елбасының егіншілікті әртараптандыру туралы тапсырмасы ойдағыдай орындалуда. Шаруашылықтар уақыт ағымына орай майлы дақылдарды көптеп өсіруге бет бұрды. Осыдан алты жыл бұрын майлы дақылдар егістігі 5,49 мың гектар болса, өткен жылы 6 есеге дейін молайды. Бұл көрсеткішпен тоқталып қалмақ емеспіз. Агроқұрылымдардың машина-трактор паркі нығая түсті. 2016 жылы 1,2 миллиард теңгеге заманауи техника сатып алынды. Сонымен қатар мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржы мөлшері де айтарлықтай өсті. 2015 жылы жанар-жағармай, гербицид, тұқым, мал азығы үшін 677 миллион теңге субсидия берілсе, 2016 жылы 886 миллион теңге болды.
Бүгінде мал шаруашылығы едәуір басымдыққа ие. Бұл саламен 47 шаруашылық айналысады. Олардың арасында “Астраханское”, “Полтавское”, “Леонов”, “Шаймерденов”, тағы басқа шаруашылықтар таңдаулылар қатарында. “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары бойынша атқарылған істер қыруар. Алайда, ірі қара малының – 56, қой-ешкінің – 90, жылқының – 76,6, шошқаның – 93,9, құстың 96, 7 пайызы жеке адамдардың қолында шоғырланғанын ескерсек, мал тұқымын асылдандыру ісін ұтымды ұйымдастыру, сапалы жемшөп қорын жасау қажеттігі туындары сөзсіз.
– Былтыр 3400 тонна сүт сатып алыныпты. Экспортқа 99 тонна ет жіберіліпті. Табындар асылтұқымды малдармен толықтырылыпты. Осындай мүмкіндіктерді одан әрі еселей түсудің ішкі-сыртқы резервтері қарастырылған ба?
– Аудан әкімінің есеп беру кездесуіне аймақ басшысы Ерік Сұлтанов арнайы қатысып, алдымызға бірқатар міндеттер қойды. Олардың ішінде ауылшаруашылық өнімдерін қалдықсыз өңдеу жайына айрықша назар аударылды. Ауданда қырыққа жуық ұқсату кәсіпорындары мен цехтар жұмыс істегенімен, қазіргі қажеттілік пен сұранысқа қарағанда әлі де аздық етеді. Осы жағы мұқият талданып, жергілікті және шетелдік қаржыгерлермен әріптестік ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру көзделді. Былтыр “ИКЕА ТАС ГРУПП” ЖШС-нің қаржысына күніне 120 тонна ұн үгетін диірмен кешені, “Виталмар Астық” фирмасының демеуімен астық қабылдау элеваторы тұрғызылды. “Ростан” серіктестігі май зауытына жаңа жабдықтар орнатты. Биыл Смирново кентінде 10 мың басқа арналған сүт өндіру кешенін ашу жоспарланған. Бұл – еліміз бойынша ең ірі жобалардың бірі. Кәсіпорын үшін жер телімдері мен бес мың гектар жайылым әзірленді. Бұл инвесторлар сонымен қатар Қиялы ауылдық округінде астықты тереңдетіп өңдейтін өндіріс орнын салумен де айналыспақ. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі өз қаражатына Рублевка елді мекенінде 600 басқа шақталған сүт фермасын салып жатыр. “Астраханка” ЖШС-нің “Майлы дақылдарды қалдықсыз өңдеу, сақтау” жобасы мақұлданды. Айта берсе, мұндай мысалдар көп.
– Айтпақшы, “Сапронат” ЖШС-і өте тиімді жобаның бірін ауданның білім ошақтарына енгізіп жатқан көрінеді. Оның қандай артықшылықтары бар?
– “Сапронат” елімізде бірінші болып әлеуметтік нысандарды модульді жылыту қазандықтарына қосу бағдарламасын қолға алып отыр. Қанатқақты жоба біздің ауданнан бастау алды. Былтыр 5 мектеп, биыл 11 мектеп қамтылса, алдағы уақытта барлық білім ошақтарымен қатар мәдениет, аурухана ғимараттары да тартылатын болады. Басты артықшылығы – үнемділігінде. Мәселен, “Астраханка” орта мектебі қысқы маусымда 600 тонна көмір жағып келсе, енді жұмсалатын отын шығыны үш есеге дейін азайды. Серіктестік сервистік қызмет орталығын ашқаннан кейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясын кеңейту мақсатымен жоғарыдағы нысандар оның сенімді басқаруына берілді. Біз тек тариф бойынша есептесіп отырамыз. Ал қазандықтарды сатып алу, орнату, жөндеу секілді жұмыстар серіктестіктің мойнында.
– Бүгінгі таңда тұрғындар үшін қандай мәселелер өзекті саналады?
– Есеп беру кездесулерінде жұртшылықты баспана, балабақша, елді мекендерді абаттандыру, көшелерге жарық тарту, жол мәселелері қатты толғандыратыны байқалды. Бұл бағыттарда атқарылған шаруалар аз емес. Былтыр 36 пәтерлі 2 үй пайдалануға беріліп, бірінші кезекте жетім балалар, мүгедек жандар, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына қатысушылар қоныстанды. Оның жанынан 5 жекеменшік үй бой көтеріп, аз қамтылған отбасылар алды. Сөз арасында бұл баспаналар қаладағыдай жайлы екенін, модульді қазандық арқылы жылытылатынын айта кеткен жөн. Енді 54 пәтерлі екі үй салу үшін жобалық құжаттар дайындалуда.
“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жеті нысан жөнделді. Елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру шараларына 157 миллион теңге бағытталды. 12 округтің, 32 ауылдың әрқайсысын қамтуға тырыстық. Автомобиль жолдарының ұзындығы 387 шақырымды құрайды. Облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды қалпына келтіруге былтыр 450 миллион теңге жұмсалса, биыл қаражат екі есе артық қарастырылған. Астраханка-Смирново-Қиялы, Смирново-Полтавка-Ивановка бағыттары бойынша жолдар жөнделеді. Қиялы – ірі округтердің бірі. Мұнда клуб үйі көптен бері иесіз тұр. Биыл оны жаңартпақ ойымыз бар. Ауданда таза ауызсумен қамтамасыз етудің негізгі көзі топтық су құбыры болып табылады. 28 елді мекен Булаев топтық су құбырына қосылған. 3 ауыл суды ұңғымалардан пайдаланады. Үстіміздегі жылы Власовка және Қиялы елді мекендерінде су тарату желілері жаңғыртылады.
Тоқтап тұрған кәсіпорындар жайлы бірер сөз. Облыс әкімінің есепті кездесуінде Тоқшын ауылының тұрғыны Бақыт Әбдусадықов бұрынғы сүт зауытының қаңырап тұрған ғимаратын қайта іске қосу мәселесін көтерді. Орынды ұсынысқа цехтарды жабдықтауға инвесторлар табылды, фанера өндіретін цех ретінде қайта жабдықталады деген жауап алынды. Қаржыгерлер 100-150 миллион теңге қаржы салатын болып келісті. Бұл өнімге деген мұқтаждық Ресей есебінен өтеліп келсе, енді өзімізде шығарылатын болады. Сол сияқты, Қиялы округінде тоқтап тұрған бұрынғы май және диірмен кәсіпорындарын пайдалануға берудің жолдары қарастырылған.
Біз қол жеткенге тоқмейілсуден аулақпыз. Уақыт талабына нақты істермен жауап бере отырып, жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудың барлық мүмкіндіктерін талмай қарастыратын боламыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аққайың ауданы.